«Ғажайып дегеніміз – сенімді оятатын оқиға» дейді атақты жазушы-драматург Бернард Шоу. «Ғажайып оған сенген кезде ғана болады, адам ғажайыпқа қаншалықты көбірек сенсе, ол соншалықты көп болады», — деп жазады француз жазушысы, философ-ағартушы Дени Дидро.
Еліміздің театр және кино актрисасы Ирина Кельблер екі автордың да айтқанымен келіседі, өйткені, оның өмірінде ғажайыптар жиі болады.
Лермонтов атындағы драма театрының репертуарында «Қар қызы. Ертегі емес» атты тамаша қойылым бар. Бұл қойылымда басты кейіпкерлердің бірін Ирина Кельблер ойнайды.
Қойылымда азғыру, құрбандық, өмірдің ең басты мағынасы болатын рухани махаббатқа ие болу секілді дінге сенетін адам үшін маңызды тақырыптар қамтылады. Көрермен бұны біліп қана қоймай, ғажайып оқиғаның куәсі болады. Өмірінде болған ғажайып оқиғалар туралы актриса былай дейді:
– Бала күнімнен бастап ғажайып оқиғалардың куәсі болып келемін. Әулиелердің тарихын оқып өстім. Әжем шіркеу адамы болды, анам рухани семинарияны бітірді, ал мен алматылық жексенбілік мектепке бардым. Және дінге сеніп өстім. Бір күні мынадай оқиға болды: аулада шұңқырға күшік түсіп кетті. Күшік жаңа туған еді, көзі әлі көрмейтін. Ол ағын сумен бірге ағып, көзден ғайып болды. Біз ол күшікті әрі іздеп, бері іздеп таба алмадық, өліп қалды деп ойладық. Мен қатты жыладым. Сол кезде бала кезімде оқыған әулие қариялардың тарихы есіме түсті. Бір бала жарақаттанып қалып, жаңадан алған етігін жыртып алады, қатты уайымға салынады. Ол шөптің арасына жасырынып, анасы сияқты құлшылық жасай бастайды. Күні бойы жылап, құлшылық жасайды, сөйтіп ұйықтап кетеді. Ұйқысынан тұрғанда жыртылған етігінің қайтадан жап-жаңа болып тұрғанын, ал аяғы сәл ғана жырылып кеткенін байқайды. Үміттеніп, сеніп, құлшылық жасағанының арқасында осындай ғажайып оқиға болды. Күшікті аяғаным соншалық, тізерлеп отырып құлшылық жасай бастадым. Төрт сағаттан кейін аяқ астынан күшіктің дауысын естідім. Біз құдыққа еңкейіп қарадық, көзі көрмейтін күшік тастың арасында тұрғанын көрдік. Ол тірі еді. Бірақ бұған дейін құдықта жоқ болатын. Бұл оқиға есімде ғажайып жағдай ретінде мәңгі сақталып қалды, — дейді актриса.
Тағы бір оқиға мектеп кезінде болған.
– Мен басқа бір мектепке ауысатын болдым. Бұрынғы мектебімде әдеби үйірмелерге баратынмын, жазған шығармаларымды қалалық олимпиадаларға алып кететін. Жаңа мектепте өзімді қайта дәлелдеуім керек болды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі неге екені белгісіз мені ұнатпай қалды. Мен дислектик едім, сауатты жаза алмайтынмын, алайда, шығарманы жақсы жаздым, бұған жауапкершілікпен қарайтынмын. Кейіпкерлердің іс-әрекетін сараптауды ұнататынмын. Әріптерді тастап кетпеу үшін барынша тырыстым, шығармамды бірнеше рет қайталап жаздым, бірақ, мұғалім шығармамды қабылдай қоймады. Бір рет тіпті анамды себепсізден-себепсіз мектепке шақырды. Бұл оқиғадан кейін анам маған былай деді: «Шіркеуге бар да оның денсаулығы үшін шырақ жақ, Николай Угодникке құлшылық жаса». Басында бұны істеу оңайға соқпады. Балаларды ашуландыру оңай, бірақ, кешірімін алу қиын. Мен шіркеуге бардым. Покров Пресвятой Богородицы шіркеуіне барған ұнайды, сол жақта отырып: «Расымен ол адамның өмірінде бәрі жақсы болсыншы!» — деп тіледім. Шын жүрегімнен оған денсаулық тіледім. Ғажайып оқиға болды. Мұғалім маған қырын қарауын қойды, шығармаларымды қалалық олимпиадаларға жібере бастады», — дейді Ирина.
Оның сөзінше, бұндай оқиғалар адамды мейірімділікке баулиды: біреуге жақсылық тілесең, ол тілегің өзіңе қайтып келеді.
Иринаның сөзінше, шын мәнінде, ғажайып бізді қоршап тұр. Бастысы – оны байқап жүру керек.
– Санкт-Петербургке театрымыз гастрольді сапармен алғаш рет барғанда қала аралауға уақытымыз жетпей қалды. Сол кезде тек ең маңызды деген жерлерге барып кетуді ұйғардық. Казан соборына бардық, әдемі, үлкен, Невский даңғылындағы көне шіркеу екен. Сол кезде сүйікті басшымыз Рубен Суренович Андриасян қатты сырқаттанып қалғанын естідік. Оның денсаулығына құлшылық жасаймыз деп шештік, Құдай ана белгісінің Казан соборы денсаулық сұрап құлшылық жасауға, орындалмай жүрген тілегіңізді сұрауға болатын ғажайып шіркеу. Басшымыздың сырқатынан айығуына дәл біздің сол кезде жасаған құлшылығымыз көмектескен секілді, — дейді Ирина.
Сенім оты адамға көмектеседі, жүректі мейірімге толтырады. Оның отбасы православиелік мейрамдарды қалдырмай тойлайды.
– Отбасылық дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Үш қызым бар: София, Есения және кенжем Агата. Кенже қызым алты айлық, шоқындыру рәсімін енді жасаймыз, — дейді Ирина.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Фото: Ирина Кельблердің жеке мұрағатынан
Источник - globalnews.kz