Қазақстандық ерекше балалар қандай мектепке барып жүр? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстандық ерекше балалар қандай мектепке барып жүр?

690
7 минут
Қазақстандық ерекше балалар қандай мектепке барып жүр?
Галина Галкина, АПН

Биыл Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы бес жылдық мерейтойларын тойлады. Осыған орай аталған Орталықтың қызметкерлері көкейлерінде жүрген көп мәселені журналистермен бөлісті.

Орталық Даун белгісі бар балаларына көмек ретінде ата-аналардың талабымен ашылған болатын. Ата-аналар ерекше балаларды тәрбиелеу барысында тәжірибесіз болса да, біріге отырып, әрқайсысы бір-бір маман болып қалыптасты.

Алты баланың анасы (үшеуі – асырап алған балалары) Салтанат Мырзалинова-Яковлева – Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының жетекшісі.

«Бес жыл бойы инклюзивті қауымдастық құру жолында келеміз. Әр бала оқып, үйреніп, жобалар жасап, дамитын орта құру мақсатымыз болған. Қоғамда қалыптасып қалған көптеген кедергіні басып өтіп, мыңдаған ата-ана мен бала үшін әлеуметтік маршрут құрып жатырмыз», — дейді Салтанат Мырзалинова-Яковлева.

Қор 250 отбасының басын біріктірді, ойлары бір жерден шығатын үлкен бір ұжым құрды. Салтанаттың сөзінше, орталықтың тұрақты демеушісі жоқ.

«Қазір айналысып жатқан ең маңызды ісіміз – инклюзивті мектеп үлгісін құру. Орталыққа арнайы ғимарат керек, оны жабдықтауға көмек қажет. Қазақстанға келетін халықаралық сарапшылармен көп сөйлесеміз. Біз олармен тұрақты серіктеспіз, олар осы жылдың тамыз айында келеді», — дейді Салтанат.

Маман алға қойған мақсатын атап өтті.

«Батыс елдерінен келетін сарапшылар, біздің әріптестеріміз мемлекетімізде балалар топтарға бөлінетінін көріп, осы жайтқа қатты таңғалды. Бірінші және екінші топтағы мүгедек балалармен арнайы мамандар айналысады, олар инклюзивті білім алады. Ал психологиялық тұрғыда ерекше балалармен ешкім айналыспайды.

news5356.jpg

Басты мәселе бізде инклюзияны дамытатын институт жоқ. Сондықтан біз мектеп үлгісін құрып жатырмыз, біздің орталықтың базасында оқу орталығында қолдануға болатын технологиялар жасалар еді. Сөйтіп қолданыстан өткен технологияларды басқа мектептер мен әртүрлі институтқа қолданар едік. Бұл тәжірибені мемлекет те мойындар еді. Осы жолда бізге қолдау керек», — дейді Орталық жетекшісі.

Инклюзия толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді

Елена Пахомова – ерекше бала Владиславтың анасы. Бала өмірге келгенде ата-анасы баланың Даун белгісімен туылғанын қынжыла қабылдаған. Елена Құдайға: «Қай күнәм үшін?» деген сұрақ қойып, қатты уайымға батқанын айтады. Бұл сұраққа жауап таппай, тұңғиыққа батып кеткен.

Кейін ерекше баланың анасы өз-өзіне келіп, «Не үшін?» деген сұраққа жауап іздеу барысында нейропсихолог, кейін логопед мамандығын оқып алған. Содан соң «Күн бала» қорының құрылтайшысы болды. Владислав анасының дамуына, бала тәрбиелеуде шешім іздеуіне себепкер болған.

news5357.jpg

«Күн бала» қоры ашылғанына бір жыл толғанда Коррекциялық орталық пайда болған. Алайда маман тапшылығы салдарынан ата-аналардың өздері білім алып, Даун белгісіне қатысты барлық білімді меңгерген. Бұндай балалармен қалай жұмыс істеу керектігін түсінген.

news5358.jpg

Қазіргі таңда Владислав он төрт жаста, №82 жалпы білім беретін қарапайым мектептің алтыншы сыныбында тьютордың жетекшілігімен оқып жатыр. Елена Пахомованың сөзінше, сыныпта баласына бәрі жақсы қарым-қатынас жасайды.

«Балалар да, ата-аналар да, мұғалімдер де Владикті бар болмысымен қабылдады. Владиславтың бағдарламасына кірмей қалған күрделі сабақ болған жағдайда ол ресурстық кабинетке барады. Бұл жерде мамандар арнайы сабақ жүргізеді. Владик ресурстық кабинетті ұнатады», — дейді Елена Пахомова.

Мектептер инклюзия бағдарламасын жүзеге асыруға дайын ба? Еленаның ойынша, Владислав оқып жатқан мектеп шүбәсіз дайын. «Ресурстық кабинеті бар, баламен психолог, дефектолог, логопед сияқты арнайы мамандар жұмыс істейді. Мамандар балаға жылы көзқараспен қарайды. Сыныпта да баланы бәрі жақсы қабылдаған. Бала дене шынықтыру сабағына қуана қатысады, оған мектепте өтетін барлық іс-шара ұнайды», — дейді Елена.

Мектептен бөлек Владислав Пахомов ата-анасының қолдауымен «Күн бала» қорының жанындағы Коррекциялық орталықта өтетін қосымша топтық, жеке сабақтарға барады.

Коррекциялық орталыққа жылына жүзге жуық бала келеді. Бұл – Даун ауруына шалдыққан балалар баратын Алматыдағы жалғыз орталық.

«Коррекциялық орталық әрі ата-аналар ұйымы жеті жыл бұрын ашылды. Біз балалардың барлық қиындығын білеміз, балаларға не керектігін түсінеміз. 80 шаршы метр жерді бізге әкімдік берді. Бұл жерде балалар емдік дене шынықтырумен айналысады, дефектолог пен логопедке келеді», — дейді Елена Пахомова.

Даун белгісі бар балалар инклюзивті және коррекциялық орталықтарға барады. Тек аздаған бала ғана үйде.

Владиктің арманы не? Анасының айтуынша, ол саяхаттағысы келеді, достары көп болғанын армандайды.

news5359.jpg

Елена инклюзия болашақта баласына мамандық таңдап, жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін түсінеді. Бұрын Даун белгісі бар балалар үйден ешқайда шықпай отырған болса, бұл жайттың өткеннің еншісінде қалғаны ақиқат. Қазіргі таңда Владик қордағы достарымен бірге «Күн баланың» «Мүмкіндіктер наубайханасына» барады, ол жақтан нан жасауды, басқа да тамақтар дайындауды үйренеді. Бұл жерде балалар аспаздықтың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, өздігінен әрекет етуді де меңгереді.

Ерекше балалардың ата-аналары үшін «Наубайхана» үміт белгісі іспетті, өйткені, бұнда балалары мамандық алып шығады, кейін осы мамандық бойынша жұмысқа орналасатын болады. Еленаның ойынша, ата-аналар балаларына жұмыс орнын дайындап қоятын күн де алыс емес.

news5360.jpg

«Уақыт бір орында тұрмайды. Он жыл бұрын Владик ел қатарлы мектепке барып, бір кездері жұмыс істейді деп ойлаған емеспін. Болашақта дос қызын, әйелін тауып, өздігінен отбасы да құрып кетер?! Біз әрдайым жанындамыз. Владик жүз пайыз өздігінен өмір сүре алмайтынын жақсы түсінемін. Мысалы, банк карточкасын өздігінен қолдана алмайды. Мен тек Владик туралы айтып отырмын, өйткені, Даунға шалдыққан адамдар әртүрлі, кей адамдардың ойлау жүйесі жоғары, кейбіреудікі орташа деген сияқты. Алайда бәрі бірдей өмір бойы қолдауды қажет етеді», — дейді Елена Пахомова.

Ерекше балалармен сөйлесу үшін білім керек

Вознесендік соборының психологы, когнитивті психотерапевт, психолог-физиолог Виктория Левина ерекше балаларға ерекше қатынас керектігін айтты.

«Бәріміз тең болсақ та, ерекше балаларға арнайы қарым-қатынас жасау керек, білім болу керек. Қазіргі таңда балаларды қабылдау қалыптасып келеді. Ерекше балаларды бөлектемейтін болдық. Бұл қоғамның саналылыққа келіп жатқанының белгісі. Алайда ол балалардың бәрінің білім мен мәдениет деңгейі бірдей емес, сондықтан ерекше балаларға белгілі бір реакция бәрібір де болады», — дейді Виктория Левина.

news5361.jpg

Сурет: Спикерлердің жеке мұрағатынан

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Источник -  globalnews.kz

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также