Баланы телефонға тәуелділіктен қалай құтқарамыз? | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Баланы телефонға тәуелділіктен қалай құтқарамыз?

783
7 минут
Баланы телефонға тәуелділіктен қалай құтқарамыз?
Мейіргүл Оңғарова


Бүгінгі ғаламтор қанатын кеңге жайған заманда сәбилер көзін аша салып, смартфонды қоса көретін болды. Гаджеттердің ішінде бәрі самсап тұр. Ютуб дейсіз бе, инстаграм, тик-ток дейсіз бе, бала үшін қызықтың бәрі кішкентай темірдің ішінде секілді. Одан қалса, қазіргі заманда кез келген теледидарды ғаламторға қосып, ішінен қалаған дүниені көруге болады.

Жарты әлемге танылған жарты алма компаниясының негізін қалаушы, Apple-дің қожайыны Стив Джобс өз балаларына телефон көруге тыйым салған. Blogger мен Twitter желілерінің авторы өз балаларына смартфон мен планшетті күніне бір сағаттан артық бермеген.

Психотерапевт Шаттық Қали телефонға тәуелділік қалай туатынын жіліктеп айтып берді.

news5306.jpg

Шаттық Қали. Сурет: жеке мұрағаттан

«Баланың ойындағы арманы, ерекше заттың бәрі телефонда. Телефонда күнделікті өмірге қарағанда түстер өте көп, қиялдар көп, баланың миындағының бәрі – гаджетте. Телефон адамға армандауды, мақсат қоюды үйретеді. Өмірде бала телефоннан алатын эмоцияны ала алмайды. Телефонға тәуелділік осыдан туады. Телефонға тәуелді балалар телефонға тәуелді емес балаларға қарағанда қиялшыл келеді, қиялшыл адамның әрекетке көшуі қиын. Өскен кезде жолы болмайтын адам боп қалыптасады. Өйткені олардың миына «армандау» деген бағдарлама жазылады да, әрекет ету керектігі жазылмайды. Олар армандап қана жүреді, сондықтан жетістікке жетуі де қиын», — дейді Шаттық Қали.

Телефонға тәуелді бала ояна сала гаджетін іздейді. Психосомат маман бұған мынадай жауап айтты.

«Телефонға тәуелді емес бала ояна сала, күнге қарайды, анасына қарайды, күледі. Керіледі, созылады. Қозғала бастайды. Жүгіреді, аунайды. Себебі, оған барлығы қызық. Ауызына әр затты сала беруі де баланың өмірді тануы. Ал гаджетқұмар бала бұның орнына тек экранның  бетіне қарап отырады. Тек бала ғана емес, ересек адам да қазіргі таңда телефонға тәуелді. Неге? Өйткені оның шынайы өмірі қызық емес. Телефоннан көбірек эмоция алады. Саналы түрде телефондағы өмір өзінікі емес екенін білсе де, бейсаналы түрде телефонның ішінен өз арманын іздейді», — дейді маман.

Мамандардың пікірінше, телефонға тәуелді баланың ұйқысы бұзылады. Таңмен ояна сала гаджетін іздейді. Бала агрессивті бола бастайды. Онлайн ойындар баланың жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді, тілі бұзылады.  

Бас дәрігердің орынбасары Махаббат Сержанқызының сөзінше, гаджет баланың денсаулығына аса қауіпті.

news5307.jpg

Махаббат Сержанқызы. Сурет: жеке мұрағаттан

«Баланың көзі, омыртқасы, жүйкесі, эндокриндік жүйесі, жүйкесі гаджеттен зардап шегеді. Балаға гаджетті алаңсыз беріп қойған ата-ана бала өскен соң окулист, хирург, невролог, логопед, эндокринолог сияқты мамандарды жағалап жүреді. Телефонға әуес бала күйзеліске бейім, әлеммен қарым-қатынас жасай алмайтын бала болып өседі. Телефонды тартып алу – шешім емес. Балаға телефонды дұрыс қолдануды үйрету керек», — деп дабыл қағады дәрігер.

Алматы Вознесендік соборының психологы Виктория Левина баланың гаджетке тәуелділігіне ата-ана тікелей кінәлі екенін айтты.

news5308.jpg

Виктория Левина. Сурет: жеке мұрағаттан

«Бала — ата-ана мен қоршаған ортаның бірлескен өнімі деуге болады. Бала телефонға тәуелділікті ауадан алмайды. Алматы көшелерінде жүргенде баласы қасында жүрген ата-аналардың өз-өздерін қалай ұстайтынын көруге болады. Қоларба сүйреп келе жатқан ата-ананың екі көзі телефонда, тіпті, қоларбаны қай жаққа сүйреп бара жатқанын өзі де білмейді. Бала мен ата-ана бірге келе жатса да, бала олармен қарым-қатынас жасамайды», — дейді Левина.

Психологтың сөзінше, ата-ана өзі гаджетті белсенді тұтына отырып, баласына телефон ұстауға рұқсат бермеуі қисынға келмейді.   

«Біз балаға телефон ұстауға тыйым саламыз, алайда, өзіміз (ата-ана, — ред.) гаджеттерден бас көтермейміз. Бала телефонда отырғанда не істейді? Не көріп отыр? Үйрететін нәрсе көре ме, әлде пайдасыз нәрсе көре ме? Ғаламтор күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, ата-аналар бірінші кезекте баланың не көріп отырғанына назар салуы керек. Баланың ой-өрісін кеңейтетін BBC сияқты танымдық бағдарламалар бар. Бұрынғы заманда ата-аналар жамылғының астында қолшаммен кітап оқып жатқан балаларына: «көзіңді құртып аласың, одан да далаға шығып ойна» дейтін. Яғни әр заманның ересек адамдарының өзінен кіші адамдарға салатын тыйымдары бар. Қазіргі таңда ақпарат танудың жаңа технологиялары келіп жатыр. Әлі танымдық сүзгісі қалыптаспаған балада ешқандай кінә жоқ. Ата-аналар жауапкершілікті өздерінен алып тастауға тырысады. Біз баламыздың саналы, бәрін сараптай алатын адам болғанын қалаймыз.Бірақ баланың миында ондай бөлік әлі қалыптаспаған. Баладан телефон тастауды талап ете отырып, өзіміз баланың жанында телефон ұстап отырамыз.  Ата-аналар гаджетті тастап, бау-бақшаларға көбірек барулары керек, үстел ойындарын сатып алып, баланы ойнатуы керек», — деді Виктория Левина.

Мамандардың пікірін балабақша жасындағы екі баланың анасы Ақерке Асанғалиева да құптайды.

news5309.jpg

Ақерке Асанғалиева. Сурет: жеке мұрағаттан

«Телефон шектеусіз. Оны қадағалап отырмаса, балалар телефон ішіндегі түрлі атыс-шабыс ойындары мен видеолар арқылы өздерін тәрбиелеп, соның салдары неше түрлі жағдайларға әкеліп жатыр. Телефонды баланы тыныштандырушы құрал ретінде пайдаланып, кішкентай күнінен балаға телефон беріп үйретеміз. Көшеге шығып, серуендегенде, тамақтанғанда баламыз қоршаған ортаға кесірі тимесін деп оған тағы телефон береміз. Дәрігерге барсақ та, баламыз жыламасын деп балаға телефон береміз. Ана ретінде осы мәселеде көмектесуге септігін тигізер кеңесім – ең алдымен бала не көреді, не нәрсеге қызығады, соны бақылау керек. «Жоқ, болмайды» деп баладан телефонды тартып алуға болмайды. Ол баланы ашуландырып, күйзеліске түсіреді. Мысалы, бала күніне төрт сағат телефон көретін болса, күніне жарты сағаттап телефон көру уақытын қысқарту керек. Баламен бетпе-бет отырып көбірек сөйлесуге, онымен бірге уақыт өткізуге тырысу керек деп ойлаймын», — деп түйіндеді сөзін екі баланың анасы.

Источник -  globalnews.kz

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также