Алматыдағы Гоголь көшесінің тарихы | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Алматыдағы Гоголь көшесінің тарихы

1070
16 минут
Алматыдағы Гоголь көшесінің тарихы
Мейіргүл Оңғарова


Алматы қаласындағы Гоголь көшесі – тарихы мол құнды жәдігер. Бүгін біз осынау атақты көшенің бойымен жүріп өтіп, оқырманға көшенің тарихын айтып өтуді жөн көрдік.

Михаил Булгаков, Федор Достоевский, Рюноскэ Акутагава, Фланнери О'Коннор, Франц Кафка сияқты XIX ғасырда туған ұлы жазушылар да, заманауи қаламгерлер де Гогольдің өз шығармашылықтарына тигізген әсерін мойындаған.

Алматылықтар үшін Гоголь – ерекше тұлға. Өзі Алматыға келмесе де, аты халыққа жақсы таныс. Өйткені Гоголь атындағы көше қаладағы әрі көне, әрі орталық көше болып саналады.

Мұрағатты ақтарып отырып, 1879 жылдың өзінде көшенің атау алғанын көруге болады. XIX ғасырдың екінші жартысында Верный қаласында атауы бар 43 көше болған. Бірақ ол кездегі атауы Штабная болған, өйткені көшенің соңында Жетісу облысының әскери штабы орналасқан.

news5176.jpg

"Штабная көшесі – мемлекеттік мекемелер мен үздік ғимараттар шоғырланған қаланың орталығындағы бірінші дәрежелі көше. Үздік мекемелердің ішінде "Марс" кинематографы, Колпаковский көшесінің қиылысы (қазіргі Достық), дәріхана, Колпаковский атындағы училище, Кафедралдық соборы бар Пушкин паркі, Лепсі (1941 жылы орыс жазушысы Дмитрий Фурмановтың құрметіне аталған, 2017 жылы ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атауы өзгертілген) мен Братский шіркеуі бар Сергиополь (қазірі Төлебаев) көшелерінің арасында орналасқан Кіші базар, "ХХ ғасыр" кинотеатры бар", – делінген өлкетанушы А.Г. Лухтановтың "Верный қаласы және Жетісу облысы" атты кітабында.

1909 жылы Николай Васильевичтің жүзжылдық мерейтойы аталғанда көшенің атауы өзгерді. Осы бір атаулы күннің құрметіне Штабная көшесі Гоголь көшесі болып өзгерді.

Содан бері 114 жыл өтсе де, көше атауы сол қалпында. Гоголь көшесі – ХХ ғасырдың басынан бері атауы өзгермеген аз көшелердің бірі. Атауы өзгертілмеген көшелердің ішінде Қашқар, Пушкин, Гоголь бар.

Өлкетанушы Алоис Назаров өз мақалаларының бірінде:" Чайковский атындағы көше мен Гоголь көшесіне дейін, батысында Сергиополь (Төлебаев) пен шығысында Казначейская (Қалдаяқов) көшелері бірінші дәрежедегі деп аталатын шаршыға кіреді, онда қаладағы ең үздік ғимараттар орналасқан. 1887 жылы болған жер сілкінісіне дейін үйлерді тек кірпіш пен тастан тұрғызуға рұқсат берілген. Бірінші дәрежелі үйлерде ең бай тұрғындар тұрған. Одан әрі шығыс (Береговойға дейін) пен батыста Казарменнаяға дейін (Панфилов) екінші дәрежелі аудан орналасқан, ол жақта шенеуніктер, қолөнершілер, ұсақ кәсіпкерлер, офицерлер тұрған. Одан әрі үшінші дәрежелі аудан болған, ол жақта кедейлер тұрған", - деп жазды.

Көше келбеті қала келбеті сияқты үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Бірақ Гоголь – қашанда қала үшін де, тұрғындар үшін де орталық маңызды көше боп қала бермек. Бұл жақта көптеген қызықты нысан бар.

Ендеше көшенің бойымен бірге жүріп өтейік.

news5177.jpg

Серуенімізді "Алматы орталық демалыс паркінен" (бұрынғы "Горький атындағы мәдениет және демалыс паркі") бастадық. Горький көшесі осы жерден басталады. Парктің негізі 167 жыл бұрын 1856 жылы қаланған. Сол заманда парк "Қазына бақшасы" деп аталған, өйткені, көшет егушілер қалалық қазына есебінен бақшаға күтім жасаған. Парктің сайтындағы мәліметке сүйенсек, "парк Верный офицерлері серуендейтін жер болған".

1934 жылы паркке жөндеу жұмыстары жүргізілді, парктің су қоймасы тереңдетіліп, жағалауына түрлі аттракциондар салынды.

1935 жылы паркке пролетарлық жазушы Горькийдің аты берілді. Кеңес үкіметі кезінде Горькийдің аты жиырмаға жуық паркке берілген. КСРО-ның әртүрлі қаласында, атап айтқанда Мәскеу, Ферғана, Бендер, Минск, Луганск, Мелитополь, Харьковь, Таганрог қалаларында жазушы атындағы саябақтар жұмыс істеп тұрды.

Ал Алматыдағы парктің орталық аллеясында Горькийдің ескерткіші тұрған. Бірнеше жыл бұрын басқа да ескерткіштермен бірге көшірілген.

Қазіргі таңда парктің аумағында балаларға арналған аттракциондар, балаларға арналған теміржол, екі аквапарк, бірнеше спорттық алаң, қайық пен катамарандар жалға берілетін қайық стансылары орналасқан. Одан бөлек сан мың жылдық тарихқа куә көне ағаштарды көруге болады.

news5178.jpg

Парктің жанында троллейбустар тоқтайтын соңғы аялдама бар. Троллейбустардың өзі де Гоголь көшесінің мақтанышы. Өйткені дәл осы жерде, дәл осы көшеде алғашқы троллейбус сызығы бар. Алматыда осынау экологиялық тұрғыда таза көлік қозғалысы 1944 жылдың 20 сәуірінде Гоголь көшесінің бойында басталған. Әлі күнге дейін №1 троллейбус тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Көшенің ұзындығы 6300 метр, ол адам көп жүретін магистральдарды кесіп өтіп, Әуезов көшесіне дейін жетеді. №1 троллейбус Гоголь көшесінің бойын кесіп өтіп, әрі қарай кетеді. Гоголь көшесінің бойын тамашалағысы келген кез келген жан дәл осы троллейбусқа отырып, көшенің бүкіл бөлігін көре алады.

news5179.jpg

Қалдаяқов атындағы аялдама. Оң жағында ағаштан жасалған әдемі ғимарат тұр, бір кездері бұл жерде Верный қалалық училищесі болған. Сәулетшісі – Поль Гурдэ, 1890 жылы салынған. Бұл жерде М.Фрунзе, О. Жандосов, Т. Бокин, М. Тынышпаевтар оқыған.

1920 жылы Д.А. Фурмановтың бастамасымен ғимаратта Верный қаласының бірінші еңбек мектебі ашылды. 1930-жылдары ғимаратта Л.И. Мирзоян атындағы ауылшаруашылық институты орналасты. Кейін бұл жерде ҚазКСР мәдениет министрлігі қоныстанды. Бүгінгі таңда "Қазреставрация" орын тепкен.

news5180.jpg

Одан әрі санэпидемстансысы орналасқан. Дәл осы жерде 1917 жылы болған Қазан төңкерісін ұйымдастырушылардың бірі, жұмысшы-шаруа қызыл әскерін құрған Лев Троцкий әйелімен және ұлымен бірге 1928 жылы қуғын-сүргін уақытында тұрған.

Троцкийдің әйелі Наталия Седова бұл мекенді былай сипаттаған: "Келдік. Қайда? Гоголь көшесіндегі "Жетісу" қонақүйіне келіппіз, бөлмедегі жиһаздар шынымен Гоголь заманына сай. Бізге екі бөлме берді. Көрші бөлмелерді қарауылшылар мен жергілікті МСБ агенттері иеленіп алған". Кейін Троцкийді Красин көшесіне (қазіргі Уәлиханов) көшірген, алайда, ол үй сақталмаған...

news5181.jpg

Келесі аялдама. Гоголь көшесі 51 мекенжайы бойынша тамақ ішетін жер, танымал бренд орналасқан, ал XIX ғасырда бұл жерде Жетісу облысындағы алғашқы әйелдерге арналған училище болған. Аталған ғимараттың да сәулетшісі Гурдэ. 1899 жылы Пушкиннің жүзжылдығына орай училищеге ақынның аты берілді. Кеңес үкіметі уақытында ғимаратта Алматыдағы алғашқы пионерлер Үйі қоныстанған. 1950 жылдары мұнда Әміре Қашаубаев атындағы №1 музыка мектебі болған. Осы жерде классикалық және дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйреткен, балалар хоры жұмыс істеген, сондай-ақ Әлібек Дінішевтің вокал Академиясы болған. 2010 жылдардың басында ғимарат сатылып, жекеменшікке өткен, олар ғимаратты тез тамақтануға арналған мейрамханалар желісі етіп қайта жасаған. Ғимараттың тарихи құндылығы түбегейлі жойылып, қазіргі таңда жәдігердің тарихи ізі де қалмады.

news5182.jpg

Жолдан өткенде 28 гвардияшыл-панфиловшылар паркіне кезігуге болады. Ол да қаланың өзіндік мақтанышы, тарихи ескерткіші. Ол 1872 жылы қала паркі ретінде ашылған. Кейін 1899 жылы Пушкин паркі атанды, 1921 жылы Федерация паркі болды, 1942 жылы қазақстандық майдангердің құрметіне қазіргі атауына ие болды.

news5183.jpg

Парк – тұрғындардың сүйікті мекені, бұл жерде адамдар кеште, демалыста серуендегенді ұнатады. Саябақ аумағында екі театр бар, олар: АRTиШок пен La Boheme. Және Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі мен әскери атақ-даңқ музейі сияқты екі мұражай бар.

Сондай-ақ бұл жерде сұлулығы таңдай қақтыратын Вознесендік собор орналасқан. Оның құрылысы 19 ғасырдың 70 жылдарынан бастап, 1907 жылға дейін жүрді. Сәулетшісі К. Борисоглебский, инженер-құрылысшысы А.П. Зенков. Ғимарат өңірдегі жер сілкінісіне төзімді алғашқы ғимарат, инженерлер ойлап тапқан ғажайып мекен болып есептеледі. Собор жойқын Кемин жер сілкінісінен аман өткен. Ғимарат әлемдегі ағаштан жасалған ең биік ондықтың ішіне енеді. Осыған орай бұл жаққа туристер көп келеді. Ғимарат ағаштан жасалған дегенге сену қиын, алайда, ақиқаты сол. Төңкерістен кейін ол музейге айналған, бұл жерде атеизм музейі, кейін концерт қоятын зал орналасты. Тәуелсіздік алған соң ғана ол дін өкілдеріне қайтарылды. 2017 жылы соборға ауқымды реставрациялық жұмыс жүргізілді, осылайша ғимарат тарихи бейнесін қайтарып алды.

news5184.jpg

Гоголь-Уәлиханов көшелерінің қиылысында "Отырар" қонақүйі тұр. Бұл күнде басқа нысандардың жанында кішкентай әрі қарапайым болып көрінсе де, 1981 жылғы эксплуатациядан кейін қонақүйге көбіне туристер келіп орналасатын болған. Қонақүйдің ішінде тамаша бар болған, көбі «еуропадағыдай» қызмет көрсететіні үшін сол барға жиі келуге ұмтылған.

news5185.jpg

Әрі қарай Гоголь көшесімен жүре берсек, Қонаевтан Желтоқсан көшелеріне дейін дүкендер, кафе, мейрамханалар орналасқанын көре аламыз, серуендеуге, сауда-саттық жасауға ыңғайлы жерлер көп. Киім, аяқ киім, мата, әлемдік танымал өндірушілер жасаған сағаттар, зергерлік бұйымдар, кітаптар басқа да қажетті заттарды таба аласыз.

Бір кездері "Москва" дүкені ең танымал дүкен болған, ол 1979 жылы ашылып, бес қабатты тұрғын үйдің бір қабатын түгел алып тұрған. Ол Жетісу темекісінің патшасы атанған Гавриловтың ағаш үйінің орнына тұрғызылған. Гаврилов Алексей Степанович XIX ғасырдың 70-жылдары темекінің жоғары сортты түрін өндірумен айналысқан, атап айтқанда, Дюбек, Энижде, Гаванна сияқты түрлерін өндірген. Гавриловтың темекілері бүкілресейлік көрмеде 200-ден астам медаль иеленген. Одан түскен табыс та қомақты болған. Өлкетанушылардың сөзінше, үйінде 12 бөлме мен 8 голланд пеші тұрған. Төңкерістен соң Гавриловтың темекі фабрикасы мен үйі мемлекеттің меншігіне өтті. Сөйтіп мұнда Жетісу облыстық атқару комитеті келіп қоныстанды. Үй сүрілуге жіберілген, алайда, Қонаевтың өзі араласып, үйді бөлшектеп-бөлшектеп мұқият басқа көшеге көшірген. Үй қазір Желтоқсан көшесі 167 мекенжайында тұр. Басында сыртқы істер министрлігі отырған, кейін қабылдау Үйіне айналды. Өкінішке орай, пештер сақталмаған.

news5186.jpg

Одан бөлек, Гогольда Гогольдің өзі бар. Алып сурет түрінде тұрған Гоголь бейнесі үнемі жаңарып отырады. Өткен жылдың қараша айында ескі муралдың орнына 3D-эффектісі бар жаңа мурал пайда болды. Бұл оқиға тұрғындардың арасында қызу пікірталас тудырды. Біріне ескі мурал ұнаса, екіншісі жаңа муралды ұнатқан. Осының әсерінен адамдар бұл жерге топ-топ болып келіп, жаңасы жақсы ма, әлде ескісі жақсы ма деп біраз ойланды.

Гоголь-Абылай хан көшелерінің қиылысында бір кездері 1921 жылы құрылған Қазақ телеграф агенттігі (ҚазТАГ) орналасқан еді. Ғимараттың өзі сәулет өнері ескерткіші деуге болады. Ол сәулетші Г.П.Кушнаренконың жобасы бойынша 1938 жылы тұрғызылған, басында тамақ өнеркәсібі министрлігі үшін салынған. Одан бөлек екі ғимарат та осындай үлгіде салынған. Оның бірі қалалық атқару комитеті болса (1937 жылы тұрғызылған, сәулетшісі М.Д. Шугал), екіншісі совхоз министрлігі (1937–1938 жылдары тұрғызылған, сәулетшісі Г. П. Кушнаренко). Қазіргі таңда ол жақта кеңселер орналасқан. Олардың алдындағы шағын алаңда біздің қаладан шыққан қаһарман ұшқыш Сергей Луганскийдің мүсіні тұр.

Гоголь көшесінде А.П. Чехов атындағы кітапхана да бар. Ол Желтоқсан көшесінің артындағы төрт қабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты мен жертөлесін алып жатыр. Кітапхананың негізі 1931 жылы қаланған, 80-жылдардың басында 30 бөлімшесі болған. Қазір жетіге жуық бөлімшесі қалған.

Сейфуллин көшесінің қиылысында атақты кітап дүкені тұр. Ол үш қабатты үйдің бірінші қабатында 1958 жылы ашылды. Басында жай ғана №8 облыстық кітап дүкені болды. ХХ ғасырдың 60-70-жылдары ол жақтан басылымдарды алуға болатын еді, басылымдар соғыс жылдарынан кейін өте қат, табыла бермейтін құнды нәрсе болды. Сондай-ақ халықтық демократиялық елдердің (Германия, Польша, Болгария, Чехословакия, Венгрия) кітаптары мен республикалық баспалар да осы жерден табылды. Кейін дүкен букинистік әдебиет сатуға маманданды. Сол үшін де атауы "Букинист" болып өзгерді. Кейін бағыты басқа арнаға бұрылғанда да, осы жазу ұзақ уақытқа дейін алынған жоқ. Заман ағымына сай кітап пен кеңсе тауарларын сататын шағын дүкенге айналды.

news5187.jpg

Сейфуллин көшесі бір кездері қаланың ең шетінде орналасқан. Ол жақта 40-50-жылдары алкогольді, алкогольсіз сусындар өндіретін, шай өнімдерін шығаратын түрлі өнеркәсіптер орналасты.

Мәселен, шай өлшейтін фабриканың негізі 1943 жылы қаланды. Кеңес заманында фабрика үнді-грузин жоғары сортты шайын, грузиндік "Экстра" шайын шығарып, оны Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға да жіберіп отырған.

Ал шампан шарап зауыты 1948 жылы ашылған, құрылыс жұмыстарына жапондық тұтқындар атсалысқан. Ол кеңес үкіметі бойынша маңызды нысан болғандықтан, Мәскеуде В.С. Зотов пен А.И. Микоян, Қазақстанда Д.А.Қонаев құрылысын басқарған. Ол кездері шампан шарабын көп адам біле бермейтін, тұрғындар арасында осы сусын туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Көбіне сусынның пайдасы айтылған. Ал фабрика ғимараты туралы өлкетанушы Назаров былай деп жазады: "Оның жобасын М.Бат жасады. Кеңес сәулет өнерінің теоретиктері сол кезде жобаны сынап тастады. Өйткені олардың ойынша "сәулет өнері мұрасы заманауи тәжірибеде сын көтермейтіндей деңгейде қолданылған". Шын мәнінде ғимарат мешіт-медресеге қатты ұқсайды".

Осы жерден Гоголь көшесі аяқталады. Троллейбус Әуезов көшесінен бұрылып, қаланың жоғарғы жағына қарай кетеді.

Гоголь көшесі туралы әңгіме бұнымен біткен жоқ. Өйткені айтылмай қалған қаншама жерлер бар. Банктер, институттар, кітапханалар, тұрғын үйлер, танымал адамдар мен қарапайым жандардың табаны тиген басқа да нысандар – өз алдына бөлек хикая.

Гоголь көшесі әрқашан сауда-саттық ортасы, іскерлік кездесулер өтетін маңызды жер, серуен жасайтын демалыс мекені болып қалады. Одан бөлек Гоголь – мыңдаған жанның жүрегінен орын алған әдемі, жасыл, сүйікті көше.

Гоголь муралының суреті Дамир Алаевтыкі, басқа суреттер жеке мұрағаттан және ғаламтор желісінен алынды.


Источник -  massaget.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также