Татуировка салдыру дұрыс па, бұрыс па? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Татуировка салдыру дұрыс па, бұрыс па?

1121
5 минут
Татуировка салдыру дұрыс па, бұрыс па?
Мейіргүл Оңғарова. Сурет: Галина Галкина, АПН

Кей адамдар денесіне татуировка салып алады. Кейбірін көргенде таңданасың, кейбірінен қорқасың. 

Дін тұрғысынан алғанда татуировка харам ба, халал ма?

Бүгін біз осы туралы кеңірек талқылап көреміз. 

Біздің әкелеріміздің ішінде денесіне тату салмағандары кемде-кем. Әсіресе, әскерге барғандар міндетті түрде қолына ойып жазып келеді. Бұл сол кезден қалған сән секілді. 

Ал қазір ше?

Тату шебері Луиза Романова Шымкент пен Алматы қалаларында бірдей тұрады. Ол тату саласына 7 жыл бұрын келген. 

- Клиенттер тез табылды. Университетте оқып жүрген кезім еді, студенттер арзан бағаға денелеріне сурет салдыра бастады. Тату саласына жаңа келген адамдар аз қаражат алады. ҚазҰУ-да физика мамандығы бойынша оқыдым, алайда, дипломды қалтаға салып алған соң, өз арманымның артынан кеттім, - дейді Луиза. 

Бойжеткенге келетін клиенттердің жастары әртүрлі: студенттер, акушерлер, декреттегі аналар, бизнес вумендер тату қызметіне жүгінетін көрінеді. 

14 жастан бастап (анасының бақылауымен) 80 жасқа дейінгі әйелдер келетінін айтады. Сексендегі әжей өмір бойы денесіне сурет салдыруды армандап келген екен, ақыры, арманын жүзеге асырған. Ал жасөспірім қыз болса, жұлдызнамасын, ал үлкен әйел мысықтың суретін салдырған. 

Бес жыл бұрын "тату салған кезде туатын пигменттің бір бөлігі адамның лимфотүйіндерінде тұрып қалады" деген ақпарат тарады. Луизаның сөзінше, бұл - ақиқат. 

- Расымен де тұрып қалады. Кеңірек айтар болсам, пигмент кішкентай, орташа, ірі көлемде денеге жағылады. Орташасы мен ірісі теріде қалады, ал кішілері сукровицамен бірге сыртқа шығады немесе лимфотүйіндерге қарай кетеді. Бұл туралы ақпараттар ашық дереккөздерде жиі жазылады, лимфотүйіндерді кескен кезде қара пигмент көрінеді, - дейді шебер. 

Алайда бұл шындық клиенттерді тоқтата алмайды. Тату салонына келушілер қатары күннен-күнге ұлғаюда. 

Луизаның сөзінше, тату саласының өз қызығы мен шыжығы бар. 

- Қазіргі таңда тәжірибесі аз шебер жасаған татуды қайта жасаумен де айналысамын. Алда татуды толық жою ісін де қолға алғым келеді, - дейді бойжеткен. 

"Сіз салған ең қызықты тату қандай?" деген сұрағымызға Луиза былай деп жауап берді: 

"Бір адамға темір кілт салып бергенмін. Және латын тілінде  "Carpe diem" – "Осы сәтті ұстап ал", "Memento mori" - "Өлімді ұмытпа" сөздерін жаздым". 

Ал тату саласында 23 жылдан бері жүрген Прохор Пирогов бұл өнерді өздігінен үйренгенін айтады. Көбіне ер адамдар тату салдыруға келеді екен. Бұл жерде ер адамдыкі, әйелдікі деген сурет жоқ. Қатыгез немесе нәзік деп қана бөлінетін көрінеді. 

Ең жас клиенті - 16-да болған, ата-анасымен бірге келіп, иығына түрлі-түсті жапон айдаһарын салғызған. Ал 72 жастағы клиенті ақ-қара түсті періштенің суретін шимайлатқан. 

Татудың адамға әсері жөнінде шебер мынадай пікірде: "Адам өз тағдырын өзі ғана өзгертеді. Татуға энергия мен мағына беретін де - тек өзі". 

Бірнеше жыл бұрын Прохорға 70 жастағы ер адам келіп, әскерден қалған суретін өшірткізген. Кеңес заманынан қалған суреттің үстіне ол періштенің суретін салып берген. 

news5830.jpg

Ал діндарлар татуды құптамайды. 

Мұсылмандар хадиске сүйене отырып, бұл өнерден аулақ жүруге шақырады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) тату салдырғандарға ғана емес, тату шеберлеріне де қарғыс айтады. 

Шариғат бойынша, уақытша татуды қынамен ғана салуға рұқсат бар. Тек тату Алланың сүйікті жаратылысы болған пенде баласын танымастай өзгертпеуі керек. Және суретте адам мен жануардың бейнесі болмауы тиіс. Сондай-ақ әйелдің денесіндегі тату өзге еркекке тиесілі болмағаны жөн. 

"Денеге ине батырып, тесілген жерлерге бояу төгу арқылы жасалатын татуировка надандық дәуірінен қолданылып келе жатқан әдетке жатады. Бұл денсаулыққа зиян болумен қатар дінімізде де тыйым салынған. Яғни назар аударту, әдемірек көріну мақсатымен жаратылысынан берілген сұлулығын өзгерткені үшін оған Ислам діні түбегейлі қарсы", - делінген "Ниса" сүресінде. 

Православиелік шіркеу де татуды құп көрмейді. Алматы православиелік рухани семинариясының ректоры, протоиерей Евгений Ивановтың сөзінше, діндар адамдар денесіне тату салмауы тиіс. 

- Діндар адамдар үшін татуировкаға Моисейдің ескі өсиет заңында тыйым салынған. Өсиетте "денені кесіп, тату жасамаңыз, денеге сурет салу пұтқа табыну болып саналады" делінген. Библия каноны бойынша, ежелде тату малға салынған, ал адамдар мал емес, - дейді протоиерей.

Сөз түйіні сол, тату салдыру-салдырмау әр адамның меншігіндегі дүние. "Менің денем - өз шаруам" деп білетіндер татуға жүгінеді, алайда әр нәрсенің сұрауы барын ұмытпаған абзал. 

Источник -  massaget.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также