Мұғалімдер күні жайлы ұстаздар не дейді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Мұғалімдер күні жайлы ұстаздар не дейді

313
7 минут
Мұғалімдер күні жайлы ұстаздар не дейді
2023 жылдан бастап Қазақстанда мұғалімдер күні 5 қазанда тойланады. Атаулы күнге орай ұстаздар туралы жазуды жөн көрдік.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде білім саласында жарты миллионға жуық мұғалім еңбек етуде. Биылдан бастап Қазақстандағы мұғалімдер мерекесі 100-ден астам елде тойланатын дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкесті.

Алдымызға келген әр баланың мінез-құлқына, қабілетіне сай жұмыс істейміз

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Орда ауданы, Ұялы ауылы, Шәкір Жексенбаев атындағы жалпы орта білім беретін орта мектеп-бөбекжайында жастайынан еңбек етіп келе жатқан Әкімғалиева Батес Ғабдрахимқызы өз жұмысын сүйіп істейтінін жасырмады.

news6417.jpeg

Сурет: Батес Әкімғалиеваның жеке мұрағатынан

"Музыка пәнінен сабақ беремін. Балаларға ән үйретем, домбыра, қобыз аспаптарын қолдарына ұстатамын. Алғашқы мұғалімдері баланың қолына қалам ұстатса, мен қазақ халқының ұлттық аспаптарын ұстатамын. Хор да шығарамыз. Мектептегі әрбір концерттік шараны музыкамен әрлеу – біздің мойнымызда. Өзім жұмысым арқылы демаламын. Ән айтқан адамның жаны тазарады. Өз жұмысымды сүйіп істеймін", - дейді Батес Ғабдрахимқызы.
Ұстаздың сөзінше, мұғалім ең алдымен балаларды жақсы көруі керек.
"Ұстаз деген – ұлы есім. Алдымызға келген әр баланың мінез-құлқына, қабілетіне сай жұмыс істейміз. Кейбір балалар тума талантты болады, алайда бойында сондай өнер бар екенін білмеуі мүмкін. Сондай баланы демеп, қабілетін ашып жіберсе, ол болашақта үлкен өнер иесі атануы ғажап емес", - дейді Әкімғалиева Батес Ғабдрахимқызы.
Батес Ғабдрахимқызы ұлттық аспаптар оркестірінің құрамында аудан аралап, гастрольдік сапарларға шығатынын да айтты. Ондай кезде мұғалімнен өнер адамына айналып, сахнада отырады.
"Атақты педагог Сухомлинский "Оқушыларды ортақ интеллектілік, эстетикалық, қоғамдық-саяси мүдделер біріктіреді" дейді. Мұғалім өзінің жүріс-тұрысы, іс-әрекеті арқылы оқушыларға үлгі болуы тиіс. Ұстаздың әрбір сөзі, киген киіміне дейін балаға әсер етеді", - дейді Батес Ғабдрахимқызы.
Балалардың энергиясы көп, олар бойларындағы күш-қуатын бөліседі

news6418.jpeg

Сурет: Наталья Батракованың жеке мұрағатынан

Қонаев қаласы, Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Наталья Дмитриевна жұмысының қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.

"Мен орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беремін, мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі жетіспейді, 1,5 ставкамен жұмыс істеймін. Мектепте жұмыс істеуімнің себебі – балалардан күш-қуат алғым келеді. Балалардың энергиясы көп, олар бойларындағы күш-қуатын бөліседі", - дейді Батракова Наталья Дмитриевна.
Наталья – жас маман. Мұғалімнің сөзінше, педагогтың айлығы категорияға байланысты бөлінеді. Егер жұмыс өтілі жақсы болса, жетістіктері көп болса, жалақы да жақсы төленеді.
"Заманауи балалар тек мәтінмен оқытса, қиналады. Оларға сурет, анимация керек. Материалды қалай бересің, бәрі соған байланысты. Сабақ барысында оқушылардың телефондарын арнайы қорапқа жинап аламын. Керек болып қалған жағдайда балаларға тек қажеттілік үшін беремін. Телефон арқылы "Kahoot!" ойнап, әртүрлі қосымшаларды қолданамыз. Телефон керек-ақ, алайда балалар телефонды пайдалы мақсатта ұстайды", - дейді ол.
Натальяның сөзінше, қазіргі мектептердің басты мәселесі – оқушылар санына лайықталмағандығы.
"Мектептерді көбірек салу керек", - дейді ол.
Спикер мұғалімнің қандай болуы керектігін айтты.
"Мұғалім аудиториямен жақсы жұмыс істей алуы керек. Сыныптағы дисциплинаны сақтауы тиіс. Барлық оқушы қатыса алатындай тапсырмалар ойлап табуы тиіс. Сабақтың нақты мақсатын білуі керек. Қай сыныпқа бара жатқаныңды да білгенің жөн. Қазір сайттар, роликтер көп, ақпарат ағыны да мол. Кітапхана бар. Бір ғана оқулықпен шектеліп қалуға болмайды. Балаларға түсініксіз сәтсіз шыққан тапсырмалар да бар. Сондықтан тақырыпты мысалдармен түсіндіру керек", - дейді Батракова Наталья Дмитриевна.
"Мұғалім деген – үлкен әріптен тұратын сөз"

Бастауыш сынып мұғалімі және педколледж ұстазы Жанар Бірлесқызы қазіргі таңда Талғар ауданы, Бесағаш ауылы, №45 мектеп-гимназиясында жұмыс істейді.

"Мектеп кезінде мұғалімдерге еліктеп әрі қызығып, балалармен жұмыс істегім келді. Ең алғашқы жұмыс күнімде өзімді ең бақытты адаммын деп қуандым", - дейді Жанар Бірлесқызы.
Жанар Бірлесқызының сөзінше, мұғалімдердің еңбегі көп.

news6419.jpeg

Сурет: Жанар Бірлесқызының жеке мұрағатынан

"Осы заман талабына сай мұғалім болу керек. Электронды күнделік өте қолайлы. Мұғалімдерде әлі де қағазбастылық бар. Мұғалімдердің еңбегі өте зор деп айта аламын. Қазіргі таңда лайықты төленуде.

Мұғалім болу – білгенге оңай, білмегенге қиын. Мұғалім болу – үлкен әріптен тұратын сөз. "Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі" дегендей ата-ана белсенді болса, мемлекет тарапынан қолдау көбірек берілсе деген тілегім бар", - дейді Жанар Бірлесқызы.
Жанар Бірлесқызының сөзінше әр баланың өз кілті бар.
"Сыныпта 30 бала болса, мұғалім барлық балаға көңіл бөлуге міндетті. Әр баланың өз кілті бар, сол кілтті таба білу керек. Оқулықтардың сапасы да, көлемі де көңілімнен шықпайды. Тапсырмалар түсініксіз, жүйесіз, әсіресе, қазақ тілі", - дейді ұстаз.
Жанар Бірлесқызы 22 жыл бойы мектепте жүрсе де, өз ісіне деген махаббатын жоғалтпаған. Мұғалімдер күнін әріптестерімен атап өтеді.

Арнайы мектептердің де жүрегі – мұғалім

news6420.jpeg

Сурет: Любовь Гизатуллинаның жеке мұрағатынан

Гизатуллина Любовь Михайловна Воскресендік мектепте шіркеу-славян тілі сабағынан береді. Бұл жерде еңбек еткенінен 28 жыл болған.

"Славян тілінен сабақ бергісі келетін адамдар аз. Сабақ факультатив түрінде жүреді. Оқушылардың жасы 20-дан зейнеткерлік жасқа дейін кете береді. Сабақ дәріс түрінде жеңіл өтеді, әріптерді өтеміз, тарихын түсіндіремін. Бағдарлама оқушылардың жасына байланысты, жастар тез түсінеді. Оқушылар арасында зейнеткерлер де болғандықтан, оларға басқа бағдарлама арқылы сабақ өтемін. Кітапханамыз бар. Сол жақтан да оқушылар өздігінен білім алады", - дейді Гизатуллина Любовь Михайловна.
Источник -  zakon.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...