"Өтейбойдақтың өсиеті": Халықтық медицинаға халық сене ме? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

"Өтейбойдақтың өсиеті": Халықтық медицинаға халық сене ме?

7235
7 минут
"Өтейбойдақтың өсиеті": Халықтық медицинаға халық сене ме?
Халықтық медицина XVIII ғасырдың соңында ғана жалпы медицинадан бөлініп шыққан.
                                                     
Халықтық (дәстүрлі) медицина – бұл халық арасында ұрпақтан-ұрпаққа берілетін аурулар, оларды емдеу әдістері мен құралдары туралы білімді қамтитын балама медицинаның түрі.
Жалпы, XVIII ғасырдың соңына дейін халықтық медицина жалпы медицинадан бөлінбеді. Оны швейцариялық дәрігер Теодор Цвингердің 1684 жылы шыққан кітабы анық көрсетеді. Оның еңбегі Гиппократ пен басқа да ежелгі дәрігерлердің "ағза сөлдерінің қатынасы" туралы постулаттарына негізделген еді.

"Халықтық медицина" термині XIX ғасырдың бірінші жартысында неміс ғалымдарының медициналық еңбектерінде пайда болды. Онда халықтардың денсаулыққа қатысты барлық іс-әрекеттері сипатталды, тек сиқыр мен натуропатияға негізделген балгерлік қана емес, сонымен қатар, халықтың гигиена мен дәстүрлі медицинаны қолдануы баяндалды. Осылайша, бұл термин халық арасында аурулар мен оларды қалай емдеу керектігі туралы кең тараған түрлі түсініктерді қамтыды.

Жалпы, қазақ халқының дәстүрлі медицинасының шоқтығы биік екенін атап өткен жөн. Мәселен, қазақ шипа­герлерінің атасы – Өтейбойдақ Ті­леуқабылұлының осыдан 5 ғасырдан бұрын жазған медициналық үлкен ғылыми еңбегі – "Шипагерлік баян" күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Бұл еңбекте – жүрек, ми, сөл (адам ағзасынан бөлінетін), тағы басқа мүшелердің адам организмінде алатын рөлі, күйік, үсікті емдеу, тамыр ұстау сияқты өзекті мәселелер айтылған.

Сондай-ақ, Өтейбойдақ Ті­леуқабылұлы аталған кітабында шешек ауруына қарсы вакцина егуді ағылшын ғалымы Э. Женнерден (1796) 320 жыл бұрын жазғандығын атап айту қажет. "Шипагерлік баянда" өсімдіктерден алынған 854 түрлі, жануарлардан алынған 455 түрлі шипалық қасиеті бар емдік дәрілердің тізімі, адам мүшелерінің 430-ға тарта атаулары, мыңнан аса дәрі және 4577 рецепт берілген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда дәстүрлі емдеу қызметтерін ұсынатын шипажайлар мен медицина орталықтары көп. Көбінде укол, система, ота деген ұғымдар атымен жоқ. Науқасқа дәрі-дәрмектер де берілмейді. Негізгі қолданатын емдердің бірі – бұлау. Қазының майына денені орап тастап, осы арқылы нау­қастың денесіндегі суықты шығаратындары бар. Уқалау (массаж) арқылы да түрлі ауру­ларды емдейді. Демікпе, асқазан аурулары, жартылай салдану, жүйке жү­йесіне қатысты сыр­қаттар, жұлын қысылуы сияқты ауру­ларды инемен емдейді. Сондай-ақ қара­пайым шаммен жылу өткізу ар­қылы емдеу шаралары бар.

Бұдан бөлек, елімізде дәстүрлі медицинаның кең тараған түрлерінің бірі – хиджама. Хиджама – емделудің исламдық әдісі. Араб тілінен аударғанда – "сору" дегенді білдіреді.
Уақытылы қан алдырып отыру ағза жұмысын жақсартып, денені сергітеді. Оның адамның тері ауруларына, қатерлі ісікке, асқазанға, бүйрекке, көз көруінің нашарлауына, бастың сақинасына, тілдің күрмелуіне, теміреткіге, іштің кебуіне, аяқ-қолдың қан айналымы және басқа да көптеген ауруларды емдеуге шипалық қасиеті бар.

Жалпы, көптеген ғасырлар бойы медицина мен дін өзара тығыз қарым-қатынаста болды. Алғашқы ауруханалардың ғибадатханалар жанында қызмет еткені белгілі. Археологтар бұл деректі сазды тақтайшалардағы жазбалардан анықтаған. Мұнда тек ақсүйектер мен діни қызметшілерді ғана емес, сонымен қатар құлдарды да емдеген. Ғалымдар осыған сүйене отырып, сол уақытта адам емдеу жеке кәсіп болып, діннің қамқорлығында қызмет етті деген қорытындыға келді.

Биылғы 17–18 тамызда Үндістанның Гандинагар қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықтық медицина бойынша бірінші жаһандық саммиті өткен болатын. Осылайша, Халықаралық ұйым тарихта алғаш рет жеке саммитте халықтық медицинаны талқылады.

Саммиттің ашылуында сөз сөйлеген ДДСҰ бас директоры доктор Тедрос Гебрейесус дәстүрлі медицинаның денсаулық сақтауға қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Ол кездесудің "адамдар мен планетаның денсаулығы мен әл-ауқаты үшін ежелгі даналық пен заманауи ғылымды біріктіру" маңызды екенін жеткізді.

Саммиттің басты тақырыбы денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешуде дәстүрлі, комплементарлы және интеграциялық (әртүрлі тәсілдерді біріктіретін) медицинаның рөлін зерттеу болды. Саммитте дәстүрлі медицинаның жүйелі шолуларының нәтижелері және оның денсаулыққа әсері, әртүрлі құралдардың клиникалық тиімділігінің деректері, сондай-ақ осы саладағы жасанды интеллектінің әсерін зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Көптеген ғасырлар бойы адамдар балама медицинаға жүгініп келді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде шөптермен емдеу, гомеопатия, дәстүрлі қытай медицинасы, инемен емдеу сияқты әртүрлі халықтық медицина әдістері қолданылады.

ДДСҰ-ға мүше 170-тен астам мемлекет олардың халқы балама медицинаға жүгінетінін атап өтті. Бүгінгі таңда фармацевтикалық өнімдердің шамамен 40 пайызы, соның ішінде, аспирин, артемизинин және балалардың онкологиялық ауруларын емдеуге арналған препараттар дәстүрлі білімге негізделген.

Дүниежүзілік ұйымның бас директоры дәстүрлі медицинаның дәуірі артта қалмағанын, ол бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Ол оның психикалық денсаулық, саулықта қартаю, жұқпалы емес аурулардың алдын алу және емдеу үшін маңызы жоғары екенін алға тартты.

"Бұл ДДСҰ үшін жаңа сала емес", – деген Тедрос Гебрейесус 2014 жылы ұйымға мүше мемлекеттер дәстүрлі медицина саласындағы алғашқы жаһандық онжылдық стратегияны мақұлдағанын еске салды, сондай-ақ жаңа стратегия 2025 жылға қарай әзірленетінін айтты.

2022 жылғы наурызда ДДСҰ халықтық медицинаның өзектілігі мен сұранысының артуына жауап ретінде Үндістан үкіметінің қолдауымен ежелгі дәстүрлер мен заманауи ғылымды адам денсаулығы мен әл-ауқатына қызмет етуге бағыттайтын халықтық медицинаның жаһандық орталығын – білім орталығын құрды.

Бұл салада жаңа бағыттар, соның ішінде, геномика мен жасанды интеллектке байланысты зерттеулер белсенді дамып келеді. Бүгінде өсімдік шикізаты, табиғи өнімдер, сауықтыру қызметтері, психофизикалық жетілдіру және сауықтыру туризмі негізінде емдеу құралдарының нарығы өсіп келеді.

Осы орайда, дәстүрлі медицинаның денсаулық сақтау саласына қосатын үлесі әлі де ұшан-теңіз екеніне көз жеткізу қиын емес. 

Источник -  informburo.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также