Съездің алғашқы күні – дін бүгінгі сын-қатерлер кезінде қоғам үшін аса маңызды | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Съездің алғашқы күні – дін бүгінгі сын-қатерлер кезінде қоғам үшін аса маңызды

1116
4 минуты
Съездің алғашқы күні – дін бүгінгі сын-қатерлер кезінде қоғам үшін аса маңызды
Айдар Урисбаев

14 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің алғашқы күні аяқталды. Осымен жетінші рет өткізіліп отырған іс-шараға әлемнің 50 елінен 108 делегация қатысты. Сарапшылар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері әлемде болып жатқан өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты. Тәуелсіздік сарайының баспасөз орталығы да лық толды, форумға 200 шетелдік журналист, оның ішінде Euronews, BBC, CNN, Bloomberg, Al Jazeera және басқа да БАҚ өкілдері қатысты.

Съездің басты тақырыбы – «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі». Көптеген дін көшбасшылары бір-бірін жақсы танып, достық қарым-қатынас орнатқан, құшақтап көрісіп, үзілістерде емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Бұл керемет көрініс өркениеттің жарқын болашағына деген үміт ұялататыны сөзсіз.   

news4065.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол гуманизм идеясына негізделген, бейбітшілікке бастайтын жаңа қозғалыс қажет екенін атап өтті. Бұл пікір делегация басшылары, дін көшбасшылары мен сарапшылар тарапынан қолдау тапты.

news4066.jpg

Ал Каирдегі (Египет) «Әл-Азхар» ислам университетінің шейхі Ахмад Әл-Тайиб өз сөзінде экологиялық, саяси және діни тепе-теңдікке байланысты өзекті тақырыптарды қозғады.

Сондай-ақ съезде Израиль Ашкенази раввині Давид Лау сөз сөйлеп, бейбітшілік пен гармонияға қол жеткізу үшін дін қайраткерлерінің өзара әрекеттестігі маңызды екеніне тоқталды.

news4067.jpg

Жалыпы, іс-шара қатысушыларының барлығы «бейбітшілік пен махаббат әлемді басқаруы тиіс» деген ұйғарымға тоқталды. Съездегі ислам, христиан, буддизм, иудаиз, индуиз, даосизм, зороастриз, синтоизм өкілдері әртүрлі киім киіп, әртүрлі тілде сөйлесе де, бір-бірін жақсы түсініп, ортақ адамгершілік құндылықтарды алға тартуда.

news4068.jpg

Съездің алғашқы күнінде «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығының» номинанттары марапатталып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің құрметті медальдары тапсырылды. 

Иерусалим, Палестина, Сирия, Аравия Патриархы Кир Феофил айтулы іс-шараға шақырғаны үшін Қазақстан президентіне алғысын білдірді. Ол бүгінде адамзатқа қауіп төніп тұрғанын, қазіргі қалыптасқан сын-қатерлер кезеңінде дін көшбасшылары үшін бейбітшіліктің маңызын түсіндіру аса қажет екенін жеткізді.                

news4069.jpg

Ал Рим Папасы Франциск өз сөзінде Абайды мысалға келтіріп өтті. «Ол артына діндарлықтан нәр алған шығармаларын қалдырды. Оның туындыларында халқының жан-дүниесіндегі ең жарқын тұстары көрініс тапқан», – деді понтифик.

Сондай-ақ Рим Папасы EXPO аумағында діни рәсімін өткізіп, оған үш мыңнан астам адам қатысты.

news4070.jpg

Ал Кир Феофил Нұр-Сұлтандағы Успен соборына барып, ондағы қазақстандық православтармен кездесті. Шіркеудің алдында оны Астана және Қазақстан Митрополиті Александр, делегация мүшелері мен собордың діни қызметкерлері қарсы алды.

Бұл уақытта Тәуелсіздік сарайында теологтар, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер пікір алмасып, өз ойларын ортаға салып жатты. Мінберден сөз сөйлегендердің барлығы қазіргі қалыптасқан сын-қатерлер кезінде діннің қоғам үшін аса маңыздылығы айқын көрініп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда адамзат үшін аштық, жаһандық қақтығыс, тіпті ядролық соғыс қаупі туындап отыр. Осынау қиын-қыстау кезеңде діни форум қалыптасқан өткір мәселелердің шешімін табуды көздейді.


Источник -  dknews.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также