Ә.Қастеев атынлағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Таң шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының «Толғаныстар» көрмесі аяқталды. Қазақстан мен алыс-жақын шетелдің кәсіби суретшілерін біріктірген қордың жетінші экспозициясында 40 қатысушы 90-нан астам туындыны көрермен назарына ұсынды.
Өнертанушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Камила Ли: «Барлығы қалай басталғанын есіме түсіремін, «Таң шолпан» қоры алғаш құрылғанда қордың негізін салған Жәмила Такен әріптестеріне жаңа міндеттер қойды. Алайда, алғашқы көрме шақырылған өнертанушылар арасында жағымсыз әсер қалдырған. Суретшілердің жұмысында гүлдер, мысықтар, ландшафттар және т.б. көп еді. Бұл Қазақстан өнері алаңында жүрген біз үшін түсініксіз болды».
Мұндай оймен келіспеген суретшілер өнертанушыларды біліксіз деп айыптады. Дегенмен, біршама уақыттан кейін суретшілер мен өнертанушылар жаңа қалыптасқан кезеңде шығармашылықпен қалай айналысу керектігін бірге талқылады. Енді 4-5 жыл уақыт өткеннен кейін суретшілердің өзгергенін байқауға болады. Камила Лидің сөзіне қарағанда, егер бұрын олардың шығармашылығында гламурлық тақырыптар басым болса, бұл көрмеде мүлдем басқа жұмыстар пайда болған. Шығармашылықты «ұнайды-ұнамайды», «ұқсайды-ұқсамайды» деп бағалайтын қоғамдық пайымға баламалы, трагедиялық туындылар ұсынылған. Бұл тұрғыда әлемнің көптеген елдерінде суретші-концептуалист ретінде танымал Жәмила Такеннің өз шығармашылығы да үлкен рөл ойнайды. Оның жұмыстары қоғамның шынайы өмірін, қайғы-қасіретін бүкпесіз баяндауымен құнды. Көрмеде көрерменнің қабылдамауы мүмкін трагедиялық жұмыстар да ұсынылған. Алайда, бүгінгі таңда мәдениет пен өнерде шындықтың өте қажет, үлкен сұранысқа ие екендігі анық байқалады. Себебі, қазір өнер формаға емес, мағынаға басымдық береді. Формамен жұмыс істеу әр суретшінің жеке тәжірибесі. Оның мақсаты – өзінің күрделі ойын көрерменге жеткізу үшін, шеберлігінің арқасында барынша әсерлі туынды шығару.
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің бұрынғы директоры, өнертанушы Ермек Жангелдин: «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз әйелдер қорының Алматыда жұмыс істеп жатқанына бірнеше жыл болды. Мен үшін суретшілерді, шығармашылық адамдарын жыныстық ерекшелігіне қарай бөлу біршама қызық. Дегенмен, мұнда өзіндік логика бар. Қазіргі уақытта шығармашылық одақтарда болып жатқан күйзеліс жағдайында «Таң Шолпан» қоры өзінің сара жолын салып келеді. Мүмкін алдағы уақытта бұл біздің суретші қыздардың, қымбатты әйелдердің жүретін жолы болар».
Ермек Жангелдиннің ойынша, суретшілерді жыныстық ерекшелігіне қарай біріктіру жеке мақсат емес: «Қазақтарда «толғау» деген терең философиялық оқиға, адамның ішіндегі ойлары мен сезімін жеткізуге тырысатын жанайқайы. Бірақ, біз адамдармен, халықпен тілдесудің үлкен үлгісін көрсеткіміз келсе, жұмыстың тақырыбы да ұсақ-түйек болмауы тиіс. Көрмедегі туындылардың 70 пайыздан астамы – біздің әсем тауларымыз, пейзаждарымыз. Ал бүгінгі таңдағы қалыптасқан ахуалдың көрінісі аз. Дегенмен, әйелдеріміздің қоғамда қалыптасқан жағдайдан озып, алға жылжып бара жатқаны қуантады».
«Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз әйелдер қорының негізін қалаушы Жәмила Такен:
«Көрмені жарты жылдай уақыт дайындадық. 19 қаңтада ашылуы керек еді, алайда, сол кезде орын алған оқиғаларға байланысты экспозиция тамыз айына ауыстырылды. Жарты жыл ішінде пайда болған туындылар соңғы уақытта бастан кешкен оқиғалардың әсері, эмоциясы. Қоғамдық, геополитикалық күйзелістерге бей-жай қарамадық. Қаңтар оқиғасы, Украинадағы оқиғалар, әлемде болып жатқан жайттарға қатты алаңдадық. Бүгінгі таңда құндылықтар да өзгеріп келеді. Өмірдегі ең бастысы – отбасы, жақын адамдар, бейбітшілік екенін түсіндік.
Жәмила Такеннің Алматыдағы қанды қаңтар оқиғасына арналған туындысында қарға бейнеленген. «Қарға – жағымсыз фигура. Ол мифологияларда түрлі контексте кездеседі. Мен адамдарды жануарларға теңегенді жақсы көрмемін, – дейді Жәмила. – Менің сюжетімде қарға – хаосқа, қырғынға, қайғылы жағдайға арандатушы болған күш. Шығарманы қатты толғанып отырып салдым. Ол кезде түсірген бояуларымды қайталау мүмкін емес. Картинада Қазақстанның туын ұстаған Берік Әбішев бейнеленген. Берік – қаңтардың символы».
«Толғау» көрмесінің қатысушысы Мадина Базархан «эскиз» форматында жұмыс істейді. Оның картиналары өте нәзік, күңгірт, жұқа палитрада жасалған. Дегенмен, туындылар бейнеленген эмоцияларымен баурап алады. Картиналарының бірі басында «Ана дұғасы» деп аталған. Кейін көрмеге дайындық барысында атауын «Қаңтар» деп өзгертті. «Мен шетелде тұрамын, қаңтардағы қайғылы оқиғалар орын алған кезде қатты қиналдым. Не болып жатқанын біле алмадық. Жақындарымның барлығы Алматыда еді, олармен байланыса алмадым. Сол кездері бойымды билеген қорқынышты басу үшін картиналар салдым. Бұл арт-терапия болды. Осылайша «Қаңтар» және «Желтоқсан» деген екі туынды пайда болды».
Картинада крест бейнеленген – ананың кресті. Сол күндері барлық аналардың қайғы-қасіретін сезіндім. Ана ретінде барлығы үшін дұға жасауға тырысамын. Алматыға келген соң, тұрғындардан бастан кешкен оқиғалары жайында сұрастыра бастадым. Алайда, адамдар ол туралы сөйлегісі келмеді. Сол кезде Алматыда болмасам да, бүгін мен үшін қаңтар оқиғасы жарасы жазылмаған жарақат секілді.
Әдетте Мадина Базархан жасаған эскиздарын үлкен форматқа көшіреді, алайда, бұл екі туынды оқиғалардың бар ауыртпалығын шоғырландырған құжат ретінде түпнұсқа қалпында қалды: «Мен бұл эскиздарды үлкен форматқа көшіре алмадым. Әр шиыршықта, әр штрихта менің сезімдерім, сол күндерден алған қасіретім көрініс тапқан. Бірнеше рет қайталап көруге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Дегенмен, картиналарды трагедиялық қана емес, жарқын, үмітке толы етуге тырыстым».
Мадина Базархан барлық әйелдердің атынан сөйледі: «Ананың кресті – бұл әр әйел-ана басынан өткізетін барлық қиындықтар. Ол көп айлар бойы баланы құрсағында көтеріп, оған дүние есігін ашады. Ал айналада атыс-шабыс болғанда, бала зұлымдықтың нысанына айналады. Бұл менің, барлығымыздың ортақ аналық крестіміз».
Еуропада иесіз қалған шіркеулер көп. Дегенмен, еуропалықтар Құдайға деген сенімін жоғалтпайды. Оларда қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету дамыған. Мадинаның пікірінше, Еуропада мұндай санаттағы азаматтарға деген қарым-қатынас біздікіне қарағанда өзгеше: «Мен Белгиядағы Ордой деген шағын қалашықта тұрамын. Қоғам консервативті, адамдар діндар, бірақ олар діни рәсімдерді құлшыныспен орындаушылар емес».
Басында суретші өзінің ішкі күйзелісін картинаға бейнелеп, көпшілікке жария етуге біршама сескенген, көкейіне күдік ұялаған. Алайда, барлығының қиын кезеңді бастан өткізіп отырғанын түсініп, сезімін паш етуді шешкен. Жеке бастың күйзелісімен бөлісу арқылы, қолдаушылар тауып, қуаттана түсетінін сезген.
Источник - dknews.kz