Лудомания – қоғамды жайлаған қауіпті індет | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Лудомания – қоғамды жайлаған қауіпті індет

430
7 минут
Лудомания – қоғамды жайлаған қауіпті індет
Лудомания – құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ресми түрде мойындаған.

Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл проблеманың біздің елде де өткір тұрғаны белгілі. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған.

Соңғы уақыттарда ойын автоматтарының кең таралуына, көптеген онлайн-казинолардың, букмекерлік кеңселердің пайда болуына байланысты проблеманың ауқымы кеңейе түсті.

Жалпы, ойын автоматтары әлемде бұрыннан кең таралып, адамдардың арасында үлкен қызығушылық тудырған еді. Мәселен, 1970 жылдарда Англияда ойын автоматтары залдары кинотеатрларға келушілер санының күрт азаюына әсер еткен. Тіпті, кинотеатрларды жабу қажеттілігі туындаған. Ал 1990 жылдардың бірінші жартысында Канадада құмар ойындарға тәуелділер саны 75 %-дан асып кеткен. Осыған байланысты сол кездің зерттеушілері құмар ойындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп төндіретін өткір әлеуметтік мәселе деп санаған.

Кезінде белгілі кеңестік психиатр Цезарь Короленко адамның мінез-құлқындағы құмар ойындарға тәуелділікті көрсететін төмендегі бірқатар белгілерді атап өткен болатын:

• Үнемі ойынға елігу, ойында өткізетін уақыттың ұзаруы.

• Қызығушылықтардың өзгеруі, бұрын ынталандырған дүниелердің ысырылуы, әрдайым ойын туралы ойлау, ойын комбинацияларымен байланысты оқиғаларды елестету және осы ойлардың басым болуы;

• "Бақылауды жоғалту", ауқымды ұтыстан кейін немесе үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау;

• Ойынға кезекті рет қатысқаннан кейін қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт. Ол бас ауруы, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, алаңдаушылық, көңіл-күйдің түсуі, зейіннің бұзылуы секілді бірқатар белгілер бойынша есірткі/алкогольге тәуелді тұлғалардың абстиненциясына ұқсайды;

• Ойынға жиі қатысу, жоғары тәуекелдерге талпыну;

• Қарсыласу қабілетінің тез төмендеуі. Енді ойнамауға бел буғанымен, сәл арандатушылық болған жағдайда (бұрынғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу т.б.) ойынға тәуелділіктің оралуы.

АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы Роберт Л. Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты Брексвилл қаласындағы ауруханада ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық құрған.

Дәрігер құмар ойындарға патологиялық тәуелділікті – емделетін ауру деп болжаған алғашқы адам. Оның арқасында 1980 жылы америкалық психиатрлар қауымдастығы патологиялық құмар ойындарды психикалық бұзылыс ретінде жіктеді.

Роберт Л. Кастер құмар ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады:

• Ұтыс кезеңі.

• Ұтылыс кезеңі.

• Түңілу кезеңі.

Ұтыс кезеңі – бұл адамның құмар ойындарда бірнеше рет ұтысқа кенеліп, "негізсіз оптимизммен" әсерленетін уақыты. Бұл кезде ол құмар ойындарды ұната бастайды және үнемі жолы болатынына сенеді. Өзін сенімді әрі жайлы сезінеді.

Ұтылыс кезеңінде құмар ойынға тәуелділер достары мен отбасыларынан алыстай бастайды. Жалғыз өзі ойнай бастайды және ақшаны заңды немесе заңсыз жолмен табуды, қарызға алуды қарастырады. Ойынның жетегінде кетеді. Ұтылғаннан кейін ақшаны қайтарып аламын деген үмітпен ойынға тез оралғысы келеді.

Түңілу кезеңінде адам өзінің бар уақытын құмар ойындарға арнай бастайды. Уақытын босқа құртып жатқанын түсінгенімен, бұл процесті тоқтата алмайды. Бұл кезде адам өзін кінәлі сезініп, кейде өз проблемаларына басқаларды кінәлайды.

Ойынға ақша табу үшін заңсыз әрекеттерге барады. Тәуелділіктен зардап шегетін адамдар дәрменсіздікпен күресу үшін есірткі мен алкогольден жұбаныш іздейді. Психологиялық және әлеуметтік проблемаларға душар болады. Бұның соңы қылмыс жасауға немесе өз-өзіне қол жұмсауға апаруы мүмкін.

Статистикаға сүйенсек, лудоманияға шалдыққан науқастардың 60%-ы құқық бұзады. 13-тен 40%-ға дейіні өз-өзіне қол жұмсайды, 32-70%-ында суицид жайлы ой келеді.

Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан. Құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелді адамдардың ішінде бар ақшаларын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниелерін сатып, ақыры, қылмысқа баратындары аз емес.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған.

Ал шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын.

"Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс", – деп атап өтті Президент.
Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Осы орайда, еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазы алдында имамдар құмар ойындардың адамның жеке басына, отбасына, қоғамға тигізетін зияны, оның шариғаттағы үкімі жайында уағыз айтып, адамдарды бұл жаман әдеттен арылуға шақыруда.

Расында, бұл проблемаға тап болған көптеген адамдар үшін діннің көмегі орасан зор екені анық. Мәселен, жаман әдетіңіз жайлы жақындарыңызға айтуға ұялсаңыз, дін өкілдеріне жүгінсеңіз болады. Олармен сөйлескен соң, сеніміңіз күшейіп, құмар ойынға тәуелділікті жеңуге деген жігеріңіз артуы мүмкін.

Источник -  zakon.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...