Қазақстанда суицидпен күрес қалай жүріп жатыр | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстанда суицидпен күрес қалай жүріп жатыр

232
8 минут
Қазақстанда суицидпен күрес қалай жүріп жатыр
Айдар Урисбаев

Жақында БҰҰ бекіткен Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні атап өтілді. Соңғы жылдары әлемдік статистикада Қазақстанның өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардағы елдер арасынан көрінгені белгілі.

Осы орайда, қазақстандықтардың өз-өзіне қол жұмсауының себебі неде және ондай қорқынышты ойлар пайда болған кезде қайда жүгіну керектігін біліп көруге тырыстық.

Ranking.kz зерттеуіне сәйкес, елде суицид бойынша статистика төмендеген, бірақ жалпы көрсеткіш әлі де елеулі. 2022 жылы жасалған суицид жағдайларының саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін қысқарды. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған – бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз.

Қазақстанда суицидтік мінез-құлыққа ер адамдар көбірек бейім келеді: әйелдерге қарағанда төрт есе көп. Қайғылы аяқталған суицид әрекеттерінің 78,9% құрбаны – 2,9 мың ер адам, 770-і әйел. Суицидке бейім халықтың ең осал санаты 30 жастан 54 жасқа дейінгі адамдар болып саналады, олардың статистикадағы үлесі 54,9% құрады. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған.

Өз-өзіне қол жұмсаған жастардың пайызы 17,3% құрады, балалар мен жасөспірімдердің көрсеткіші – 5%.

Өмірімен қоштасар алдында хат немесе басқа да ақпарат қалдырған жағдайлар суицидтің 15,6%-ында ғана бар, қалғандары "басқа" немесе "анықталмаған" санаттарына жатқызылған.

Суицидке бару себептердің ішінде бірінші орында жалғыздық мәселесі тұр – 2022 жылы осы тұжырыммен 230 жағдай тіркелген. Басқа себептердің арасында: ауыр материалдық жағдай, қолайсыз өмір сүру жағдайлары – 77%.

2022 жылы ғашығымен қарым-қатынастың қиындауы немесе ажырасу жағдайлары 67 адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген. Статистикаға сәйкес, республиканың ең "суицидке бейім" облыстары – Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды.

Мемлекеттен көмек

Бір жағынан, суицид туралы ойлардың пайда болуы маманға жүгіну қажеттілігін білдіреді. Көбінесе адамдар мұны шаршау және "уақытша проблемалар" деп есептейді. Ал көптеген адамдар психологиялық қолдау сұрауға ұялады.

Бүгінгі таңда әр азаматта тегін көмек алу мүмкіндігі бар: бүкіл елде "суицидология қызметі" жұмыс істейді, ол адамдардан тікелей өтініштер ғана емес, сонымен қатар жедел медициналық көмек пен ауруханалардан суицид әрекеттері туралы ақпарат алады. Алынған тізімдер бойынша психологиялық және оңалту көмегін көрсетеді. Қызметтердің ішінде үй аралау, депрессия деңгейіне тесттер және дәрі-дәрмек терапиясы бар.

Психикалық денсаулық орталығы өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендермен жұмыс жасаумен қатар, республика бойынша жалпы практика дәрігерлері мен мектеп психологтарын суицидтік мінез-құлықты ерте танып-білу және анықтау туралы семинарлар мен тренингтер өткізеді. Мысалы, былтыр Алматыда "тәуекел тобындағы" кәмелетке толмағандарға 198 консультация өткізіліп, 18 бен 40 жас аралығындағы 25 адам сенім телефонына қоңырау шалды. Студенттер арасында суицидтің алдын алу туралы дәрістер оқылып, оған 17 мыңға жуық адам қамтылды.

Діни көмек

Суицид көрсеткішінің өсуін алдын алуда рухани көмектің маңызы жоғары. Қазақстандағы дәстүрлі діндерде суицид ауыр күнә болып саналады.

Халықаралық салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер зертханасының соңғы зерттеулері діни сенімнің суицид санына айтарлықтай әсер ететінін дәлелдеді. Барлығы 18 діни конфессия өкілдері зерттеліп, алынған мәліметтерге сәйкес, мұсылмандар, православтар, яһудилер мен католиктердің өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігі ең төмен деген қорытынды жасалды.

"Эволюция барысында ескі конфессиялар өздерінің қауымдарымен бірге өмір сүрудің жолын тапты, бұл психологиялық қолайсыздықты тудырмайды. Соның арқасында қажетті көмек көрсетіледі", – деп түсіндірді зерттеу авторы Эдуард Понарин.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының порталына берген сұхбатында еліміздің Бас мүфтиі қоғамда халыққа рухани дағдарыстан, тәуелділіктен және суицид туралы ойлардан арылуға мүмкіндік беретін ізгі ниеттерді нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

"Адам өзінің үлкен білімі мен мол тәжірибесіне қарамастан, өз нәпсісінің құлы болуының, әдептілік пен құрмет сияқты адамгершілік қасиеттерін жоғалтуының, суицидке, маскүнемдікке, ашкөздікке бой алдыруының басты себептерінің бірі – рухани дағдарыс. Ұлы ойшыл Абай айтқандай, "жақсылық пен жамандықтың арасында шек жоқ жерде, ар-ождан, намыс, қадір-қасиет, сабырлық, талап құрметтелмейтін жерде адам өз нәпсісінің құлы болады". Егер біздің қоғамның қозғаушы күштері ізгі ниетке, мейірімділікке, әділдікке, гуманизмге негізделмесе, Алла алдындағы жауапкершіліктің бар ауырлығын түсінбесе, онда біздің ел алдына қойған мақсатқа қол жеткізбейді", – деп атап өтті Бас мүфти Ержан Малғажыұлы.

Басқа конфессиялардың діни қызметкерлері қиын жағдайда қысылмай ғибадатханаларға көмекке жүгінуге шақырады.

Сенім – бұл үмітсіздік пен ашынуды жеңуге көмектесетін адам үшін ең маңызды құрал. Көптеген адамдар бастарына түскен қиын өмірлік жағдайларды жеңе алмаймыз деп ойлайды. Дін, сенім адамға өмірлік мақсаттарды, бағдарларды дұрыс анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ Құдайдың адамға көтере алмайтын сынақтар бермейді деген негізгі ойды ұғындырады.

Психологқа жүгіну ұят емес

Қазақстандықтар арасында психологқа жүгіну енді ғана қалыпты жағдайға айналып барады. Көбісі негізінен балаларға психологиялық көмек көрсетуге немесе басқа да қалыпты өмірлік жағдайларға байланысты маманға жүгінеді. Алайда, суицидтің алдында тұрған адамдар, әдетте психологиялық көмектің ешқандай мәні жоқ деп есептейді.

"Мұндай жағдайларда сигналдарды алғашқы кезеңдерде байқау маңызды: басқа түскен көптеген проблемалар, алкогольдік ішімдікке тәуелділік, әлемнен оқшаулану, қоршаған адамдармен сөйлесуді қаламау. Дәл осындай оқшаулану және өзіңізді проблемалармен жалғыз қалғандай сезіну – суицидтік ойларға әкеледі. Бұл жағдайда адамды ойланбастан маманға апару қажет", – дейді психолог Мақсат Ишекенов.

Өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлар және психикалық денсаулық мамандары туралы стереотиптерді жою елдегі жағдайды айтарлықтай жақсарта алады, дейді маман.

Қайда жүгіну керек?

2007 жылы Қазақстанда 24/7 жұмыс істейтін "150" жалпы сенім телефоны жұмыс істей бастады, оған 16 жыл ішінде 2,5 млн-нан астам қазақстандық жүгінген.

Алматылықтар үшін төртінші жыл Психикалық денсаулық орталығының тәулік бойы көмек көрсету қызметі жұмыс істейді, ол толық құпиялылыққа кепілдік береді. Сіз "1303" нөміріне немесе 8 727-376-56-60, 8-708-983-28-63 нөміріне хабарласа аласыз.

Сондай-ақ, ПДО сайтында психологтар мен психотерапевттердің консультациялары өткізіледі, 2023 жылы 100-ден астам өтініш қабылданды.

Источник -  kaz.zakon.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...