Виктор Гришко: «Қазақ тілі – бірегей. Онымен Библия мәтіндерін жеткізу оңай» | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Виктор Гришко: «Қазақ тілі – бірегей. Онымен Библия мәтіндерін жеткізу оңай»

889
9 минут
Виктор Гришко: «Қазақ тілі – бірегей. Онымен Библия мәтіндерін жеткізу оңай»
Галина Галкина. Аударған: Айдар Урисбаев

Әлемде ең көп басылып шығарылатын кітап Библия екені белгілі. Бірегей басылым әлемнің барлық дерлік тілдерінде шығарылады. Библия толығымен немесе ішінара планета халықтары сөйлейтін шамамен 7097 "тірі" тілдің 3384-іне аударылған. Библияның толық мәтіні – 698 тілге, Жаңа Өсиет – 1548 тілге, жеке кітаптар – 1138 тілге аударылды. «Уиклифтің Библия аудармашылары» қауымдастығының есебінде (Джон Уиклиф – ағылшын теологы, Библия аудармашысы) ұйымның өз жұмысын тоқтатпай, Библияны 161 елде әлемнің 2617 тіліне аударып жатқаны айтылған. Және аударылатын тілдер саны әрдайым артып келеді.

Біздің елде «Қазақстанның Библия қоғамы» мамандары Библия мәтіндерін қазақ тіліне аудару бойынша жұмыспен белсенді айналысуда.

Қоғамның жұмысы жайлы оны он жыл бойы басқарып келе жатқан Виктор Иванович Гришко айтып берді:

– Әлем бойынша қызмет ететін 212 қоғамның құрамында жұмыс істейміз. Біздің ұйым 169 елдегі «Біріккен Библия қоғамы» (ББҚ) бірыңғай ұйымының тізімінде 119-ыншы. БҰҰ-мен салыстыруға келеді, бірақ ББҚ – христиандық ұйым. Барлық Библия қоғамдары конфессияаралық болып табылады, қандай да бір жеке конфессияларға басымдық берілмейді. Библияны оған мұқтаж барлық адамдарға ұсынамыз. Библия қоғамының жұмысы Библияны аударуға, оны таратуға және барлық христиан конфессияларына осы бағытта көмектесуге көзделген.   

– Қазіргі уақытта Қоғамдарыңыздың қызметі неде?

– Жұмысымыздың мәні – Библияның түсінуге оңай толыққанды аудармасын жасау. Қазіргі уақытта жергілікті мамандар Библияны қазақ тіліне аударып жатыр. Бұл аударманың жас ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық қазақтарға бірдей түсінікті болуын қалаймыз. Біріккен Библия қоғамдары жүзеге асыратын барлық аудармалар түпнұсқа мәтіндерінің рухы мен әріпіне барынша сәйкес келеді. Бұл Библия мәтіндерінің барлық аудармашылары ұстануға міндетті негізгі шарттардың бірі.  

– Планета тұрғындары қаншалықты Библиямен қамтылған? Ондай деректер бар ма?

– Бүгінгі таңда 200-ге жуық халықта өз тілінде Библия жоқ. Жер бетіндегі халық саны 5000 шамасында. Осы халықтың барлығына өз Библиясы жеткенде, Құдайдың айтқаны орындалады: «Інжіл жердің шетіне дейін уағыздалады». ББҚ мәліметінше, 2031 жылға қарай Жердің барлық дерлік халықтары өз тілдерінде Жаңа Өсиет пен Библияның бөлімдеріне қол жеткізеді. Інжілге жүгіну принципінің өзі белгілі бір дереккөзге – соңғы инстанцияға жүгіну сияқты. Библия адамдардың Мәсіхтен көмек сұрауға мүмкіндігі болуы үшін қажет. Өйткені, бүгінде көптеген адамдар Исаның атын білмей өледі. Сенім қағидаларына сәйкес, егер адам күнәһар болса, өз өмірін қалай болса солай өткізсе де, өмірінің соңында Мәсіхтің атын шақырса, ол құтқарылады. 

news4256.jpg

– Библияны қазақ тіліне аудару мамандар үшін қиын ба?

– Библия мәтіндерімен байланысты кез-келген аударма өте қиын болып табылады. Негізгі қиындық көне кезеңдегі грек, еврей тілдерінде айтылған сөздердің рухани мағынасын жеткізуде. Сол кездегі грек немесе еврейлердің компьютер, ұялы телефондары болмағанын түсінуіміз керек. Олар тіпті басқаша ойлаған. Енді сол гректің немесе Апостол Павелдың ойларын заманауи тілде жеткізіп көр. Тілдік жүйенің өзі еврей, грек тілдерінен дәл осылай аударуға мүмкіндік бермейді. Өйткені грек тілінде көптеген түсініктемелер бар, еврей тілінде сөздердің өзіндік жүйесі бар. Еврейдің бір сөзбен айтқаны бізге мүлдем түсініксіз, оны түсіну үшін бір жарым бет мәтін қажет болады. Библия мәтіндерінің мағынасын жеткізу қиын. Қазақ тілі – бірегей. Орыс тіліне қарағанда синонимдері көп. Кеңес Одағының құрамында бізге қазақша ауызекі тілді үйренуді ұсынған, әдеби тілді білмейтінбіз. Грек тілінде жазылғанды орысшаға қарағанда, қазақ тіліне аудару оңай екен. Қазақ тілді аудармашылар синонимдердің бай қорын пайдаланады. Олар үшін Библияны аудару аса қиынға соқпайды. Өкінішке орай, дінтану сараптамасын міндетті түрде жүргізу діни ұйымдарды қазақ, орыс, еврей, грек, неміс, ағылшын, француз және ҚР халықтарының басқа да тілдеріндегі кітаптармен қамтамасыз ету мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

– Виктор Иванович, Қазақстанның Библия қоғамының жетекшісі ретінде қандай жұмыс атқарасыз?

– Бұл күнделікті жұмыс, қарапайым әкімшілік қызмет. Шіркеулердің әдебиетпен, соның ішінде өзіміз басып шығаратын балаларға арналған кітаптармен қамтамасыз етілуін қадағалаймын. Кейде шіркеулерді Інжіл мен Библия кітаптарымен қамтамасыз етуге көмектесу үшін шығармашылықпен айналысуға тура келеді. Православие шіркеулері, сондай-ақ баптисттер, елуіншілер және басқа да конфессиялар бізден көптеген балалар әдебиетін алады. Інжіл дінге келмеген адамдарға, ал Библия Қасиетті Жазбаларды оқу қажеттілігін сезінген діндарларға арналған. Библия қоғамының негізгі мақсаты – адамдардың қолында Құдай Сөзі болуы үшін конфессияға қарамастан, шіркеулерді Библиямен қамтамасыз ету. Жетекші ретінде мен осыған ұмтыламын. 

– Алайда, Библиялар Қазақстанның Библия қоғамына да жеткізіледі. Жалпы, Қасиетті Жазба кітаптары бізге қайдан келеді?

– Барлық Біріккен Библия қоғамдарының Қытайда орналасқан фабрикалары бар, онда бүкіл әлемге арналған барлық тілдегі Библиялар басылып шығады. 

news4257.jpg

– Қасиетті Жазбаны аудару, тарату, жеткізу бағасы қандай?

– Соңғы он жылда елдегі экономикалық жағдайдың өзгеруіне орай халықтың баспадан шыққан кітаптарды сатып алу мүмкіндігі азайды. Мысалы, 2010 жылы жақсы сападағы Библияның бағасы теңгеден аударғанда 3-4 доллар болса, бүгінде дәл сол басылымның бағасы 20-25 долларға жеткен. Ең таңғалдыратыны, бізге шетелден Батыс елдерінің зейнеткерлері көмектеседі. Олар Библия басылымдарына қыруар қаржылай қолдау жасайды. Ал бізде қайырымдылық, демеушілік жағы ақсап тұр. Шіркеулерден бірдеңе алу мүмкін емес, себебі олардың өз қажеттіліктері бар – жөндеу жұмыстары, керек-жарақтары, ағымдағы шығындары көп. Бұны түсінуге болады. 

– Қазақстан Библия қоғамы басып шығарған Інжілдің өзгелерден айырмашылығы неде?

– Айырмашылық жоқ. Бар болғаны, біз кітаптың форматын өзгертеміз. Егде жастағы адамдарға оқу ыңғайлы болуы үшін біз Інжілді А4 форматында ірі шрифтпен басып шығарамыз. Шағын шрифтпен басылған мәтінді барлығы оқи алмайды. Адамдар мұндай Библия үшін алғысын білдіруде. Кітаптар тез өтіп жатыр. Біз Библияны барлық конфессияларға тегін таратамыз. Православие шіркеуінің қызметкерлері осы басылым арқылы көптеген қарт адамдарды діни қауым мүшелігіне тартатынын білемін. Біз үш кітап басып шығардық – төрт Інжіл, Аян кітабы бар Апостолдардың хаттары және Забур жырлары бар астарлы әңгімелер. Бұл ірі шрифтпен басылған үш кітап діни қауым мүшелері арасында кең танымалдыққа ие. Осындай керемет кітаптарды басып шығарғанымыз үшін өте қуаныштымын. Қазір үшінші немесе төртінші тиражды басып жатырмыз, ал сұраныс тек өсуде.  

news4258.jpg

Осындай балаларға арналған кітаптарды да басып шығарамыз – қазақ тілінде: бір бетінде боялған сурет, ал екінші бетінде қара-ақ түстісі. Бала өзі оқиды. Әлі оқу білмейтін балалардың ата-анасынан Библияны оқып беруді сұрауы да қуантарлық жағдай. Соның арқасында үлкендер де Қасиетті Жазбаларды оқуға қатыстырылады. Сондай-ақ балаларға қара-ақ түсті суретті келесі беттен қарап бояуларына болады. Осылайша баланың фантазиясы оянып, сурет салу мен оқуға қызығушылығы артады.   

news4259.jpg

Фото: АПН, сондай-ақ В.Гришконың жеке мұрағатынан


Источник -  check-point.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также