Саяси қуғын-сүргін құрбандары – «Үй ауласынан 163 адамның сүйегі табылған» | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Саяси қуғын-сүргін құрбандары – «Үй ауласынан 163 адамның сүйегі табылған»

409
9 минут
Саяси қуғын-сүргін құрбандары – «Үй ауласынан 163 адамның сүйегі табылған»
Евгения Морозова,. Аударған Айдар Урисбаев. Фото: АПН

Алматыдан 40 шақырым жердегі Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған естелік Мұражай бар. Бұл аумақта әлі күнге дейін жазаға тартылған адамдардың сүйектері табылып жатыр. Бұл туралы мұражайдың басшысы Мейіржан Мұсабаев айтып берді.   

news4453.jpg

Мұражай үш залдан тұрады. Біріншісінде – 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы. Екінші залдың қабырғаларында саяси қуғынға ұшыраған 4 125 адамның есімдері жазылған тақта бар. Сондай-ақ олардың биографиялық деректері көрсетілген. Ал үшінші залда Алматы облысы полиция департаменті мұрағатынан алынған фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттардың көшірмелері қойылған.

Мекемеде 12 адам жұмыс істейді, оның төртеуі – ғылыми қызметкерлер. Мұражай басшысы – тарихшы Мейіржан Мұсабаев ғылыми жұмыспен белсенді айналысуда.

Мұражайдың жұмысы тек экскурсия жүргізумен ғана шектелмейді. Мамандар ескі құжаттарды ақтарып, әрбір деректі тірнектеп жинап, тарихты қалпына келтіреді, зерттеу және ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша кітаптар шығарады.   

Мейіржан Мұсабаевты әңгімеге тартып, мұражайдың қызметімен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

news4454.jpg

– Мейіржан, неліктен мұражай дәл осы жерге салынды?

– 37-38 жылдардағы Үлкен террор кезінде Алматыда атылған адамдарды осы жерге көмген. Ол кезде НКВД жертөлесінде күніне 20-30 адам атылды. Мәйіттерді осында әкелген, бұрын бұл жер бос жатқан, маңында ауылдар жоқ еді. Траншея қазып, мәйіттерді тастап, көміп кете берген.

– Бұл қалай анықталды?

– Кездейсоқта. 1989 жылы мұнда саяжай салуға жерлер берілген. Адамдар үй салуға қазаншұңқыр қазып жатып, мәйіттердің сүйектерін таба бастаған. Кейіннен НКВД мұрағаттарын тексере келе бұл жердің жаппай жерлеу орны екені анықталды.       

Сол жылы қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары мен тарихшы-зерттеушілердің «Әділет» қоғамдық ұйымы құрылды. Мақсаты – қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау мен сол кезеңнің тарихын зерттеу. Аталған ұйымның арқасында бұл жерге мұражай салынды. Мұражайда Алматы облысында ату жазасына кесілгендердің тарихы сақталған. Болашақтағы жоспар – бүкіл Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы деректер жинау.        

– Мына қабырғадағы есімдер – бұл Алматы облысында жазаланған адамдар ма?

– Иә, 4125 адам, бұл 2018 жылғы тізім. Ол үнемі толықтырылып тұрады. Қазір көбісі мұражай туралы біліп жатыр, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтары келіп, мәлімет беруде. Осы мәліметтер бойынша қосымша тізімдер жасап, ортақ дерекқорға енгіземіз. Жазаға кесілген адамның туысы, танысы келіп, осы дерекқордан ол жайлы қысқаша ақпарат ала алады.        

– Бұл қалай жұмыс істейді? 

– Мысалы, 3353 нөмірін тереміз – СТАМБЕКОВ Сердалы (құрылғының панелінен нөмірді терді). Міне, ол туралы ақпарат шықты: қайда туды, қандай қызмет атқарды, не үшін және қай жерде сотталды.  

Қазір жаппай қуғын-сүргін жылдарын терең зерттеп жатырмыз. Себебі, бұл тізімде тек ату жазасына кесілгендер ғана емес, Қазақстанның, тіпті Кеңес одағының лагерлеріне жіберілген адамдар да көрсетілген. Олардың кейінгі тағдыры жазылмайды, тек қандай лагерге, қанша жылға сотталғаны көрсетіледі.   

Енді біз олардың кейінгі тағдырын зерттейміз, «лагерде көз жұмды, әлде қашып кетті немесе үйіне оралды» дегендей. Биыл сәуір айында Карлаг мұражайына (Қарағанды облысындағы түзету-еңбек лагерінің орнында ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы) барып қайттым, мұрағаттарында жұмыс істедім. Сол жерде Алматы облысынан жазаға кесілгендер жайлы көптеген мәліметтер таптым. Көбісі лагерде көз жұмған, қашқандар, босап үйіне оралғандар да бар. 

– Мәйіттердің жеке тұлғасын анықтау мүмкін емес екені түсінікті, енді тек болжау ғана қалады ғой...

– Иә, өкінішке орай, мүмкін емес. Бірақ бұл жерде Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді көрнекті тұлғалар жерленген. Олар да Адматыдағы НКВД ғимаратында атылды.

Жалпы, бұл жерде жаппай жерленгендердің арасында саясаткерлер, зиялы қауым өкілдерімен қатар, қарапайым шаруалар да көп. Ұлттары да әртүрлі – кәрістер, жапондар, немістер...  

Сондай-ақ түрлі дін өкілдері бар. Өзімен бірге Құран, Библия алып жүргендер, мойнына кірес таққандар – барлығы қуғын-сүргінге ұшыраған. Мұсылмандар көп: молдалар, ишандар, имамдар. Адам қайтыс болғанда, артынан дұға оқылуы керек, ал кеңес билігі оған рұқсат бермеді. Осылайша, дұға оқығандарды қырып-жойды. 

Осы бейіттерде көптеген православиелік дін қызметшілерінің де жерленгені анықталды. Православие шіркеуі олардың есімдері жазылған шағын ескерткіш орнатты.  

– Қуғын-сүргін құрбандарының мәйіттерін іздеу жұмыстары жалғаса ма?

– Иә, мұндай жұмыстар әрдайым жүргізіледі. 2018 жылы жергілікті тұрғын үйінен моншасына қарай су тартамын деп қазаншұңқыр қазып жатып, адам сүйектерін тапқан. Құзырлы органдарға хабар беріліп, шұңқыр толық қазылғанда, ішінен 163 адамның сүйегі табылған. Бұл екіде үш метр болатын шағын ғана шұңқыр. Сараптама нәтижесінде, бесеуі – әйел, қалғандары ер адам екені анықталды. Жартысы – славян, жартысы – моңғолоидтар. Егжей-тегжейлі зерттеу жасау үшін ДНК тестілеу қажет. Бізде ондай зерттеулер жасалмайды.   

Жплпы, Алматы облысында жаппай жерлеу орындары әлі де табылып жатыр. Қазіргі таңда ғалымдар белгісіз бейіттер болуы мүмкін кем дегенде үш аумақты зерттеуге ниетті. Сондай-ақ Боралдайда археологиялық саяхат жасауды жоспарлап отырмыз. Болжам бойынша, ол жерде қуғын-сүргінге ұшырағандар жерленген орын бар. Бұл дерек ешбір құжатта көрсетілмеген, тек сол жерге мәйіттерді тасыған жүргізушінің әңгімесіне негізделіп отыр.  

Оның айтуынша, ол жерде министрлер жерленген. Яғни, арасында Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов, ОАК төрағасы (қазіргі премьер-министр) Ұзақбай Құлымбетов сынды көрнекті қайраткерлер болуы мүмкін.       

– Мұражайға адамдар жиі келеді ме? 

– Көп адам келеді. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары көп. Тарихты білгісі келетіндер бар. Бізде көне тарих, орта ғасырдағы тарих көп айтылады, ал өткен ғасырдың 20-50 жылдар аралығындағы тарих толық ашылмаған. Белгісіз фактілер жетерлік. Сондықтан бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары.

– Сіздердің зерттеулеріңіз бен ғылыми ізденістеріңіздің нәтижелерін қайдан көруге болады?

– Біз әрдайым кітаптар шығарып тұрамыз. Жыл басынан бері үш кітап басып шықтық. Бұл Жетісу тарихына қатысты кітаптар. Бізде мүлікті тәркілеуге байланысты жұмыстар топтамасы бар: бірінші кітап Жамбыл ауданының тарихына арналды. Ал жыл соңына дейін Балхаш ауданындағы мүлікті тәркілеуге байланысты кітап шығады. Мұрағаттарда құжаттар көп: кімнен не тәркіленді, кеңес билігі барлығын тіркеп отырған. Алайда, бұл құжаттардың барлығы құпия сақталып келген.

Ашаршылық кезінде де қай ауылда қанша адам өлгеніне дейін барлық дерек тіркеліп отырған. «Әділет» қоғамдық ұйымы шығарған «Қасірет кітабын» толықтыруға ниеттіміз. Сол кезде тізімге енбеген көптеген қуғын-сүргін құрбандарының есімдері анықталды. Сондай-ақ бүкіл зерттеулерімізді жариялайтын сайт ашып жатырмыз.    

Қорыта келе, естелік мұражайдың қыруар жұмыс атқарып жатқанына көз жеткіздік. Өткен ғасырдың орта тұсында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып немесе еңбек лагерлеріне жіберілген адамдар қаншама. Көбісінің ұрпақтары олардың кейінгі тағдыры жайлы бейхабар, қайда жерленгенін де білмейді. Осы орайда ел аумағындағы жаппай қуғын-сүргін кезеңін терең зерттеп, тарихтың жоғалған беттерін қалпына келтіру аса маңызды болмақ.


Источник -  kaz.nur.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...