Мәмбет Қойгелді: «Алаштың» жобасы іске асқанда, басқа елде өмір сүрер едік | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Мәмбет Қойгелді: «Алаштың» жобасы іске асқанда, басқа елде өмір сүрер едік

715
12 минут
Мәмбет Қойгелді: «Алаштың» жобасы іске асқанда, басқа елде өмір сүрер едік
Әңгімелескен Константин Козлов, Аударған Айдар Урисбаев
Фото: автор және ашық дереккөздер

Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық интеллигенцияның көрнекті қайраткерлерінің мерейтойлары аталып өтуде. Былтыр Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы аталса, биыл Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы тойланып жатыр. Бүгінде бұл есімдер әр қазақстандыққа таныс, алайда, оларға қатысты көптеген қауесеттер мен аңыз әңгімелер әлі де бар. Қазақ зиялыларының ұстанымдары мен көзқарастары жөнінде тарихшы-ғалым, «Алаш» зерттеушісі, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді айтып берді. 

– Кеңестік кезеңге қарағанда, қазір «Алаш» қайраткерлері жайында мәліметтер көп. Неліктен олар туралы аңыз әңгімелер әлі күнге дейін айтылып келеді?  

– Басты себеп «Алаш» қозғалысы туралы құжаттамалық материалдардың ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келуінде. Бүгінде олар қолжетімді болғанымен, көбісі түпкі дереккөздерден ақпарат іздемейді, қауесет пен интернеттегі мақалалардың үзіндісіне сүйенеді. Мен қазіргі таңда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі бола отырып, алашордалықтарға ұлт-азаттық қозғалыс дәрежесі берілуін талап етемін. Сібір ғалымы Виктор Козодойдың Әлихан Бөкейханов туралы жазған өте қызықты монографиясын оқып шықтым. Авторға құрметпен қарай отырып, Бөкейханов тұлғасын тек партия көшбасшысы ретінде баяндауымен келіспеймін. Оның қызмет аясы әлдеқайда кең еді.  

news4379.jpg

– Мүмкін алашордалықтардың ұлт-азаттық қозғалыс ретінде мойындалмауы, олардың 1916 жылғы қазақтар мен Орта Азияның басқа да халықтарының көтерілісін қолдамауы себебінен болған шығар? Оның үстіне, зиялылар халыққа қарсыласпауға кеңес берген.  

– Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың мұндай ұстанымда болуларының себебі тереңде. Олар бірінші кезекте, халықтың қарусыз екенін жақсы түсінді. Мұздай қаруланған патша әскеріне қалай қарсы тұра алар еді? Оның үстіне, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңі болатын. Зиялылар патша үкіметінің жүз мыңдаған адамды қырып салып, көтерілісті басып тастайтынын түсінді. Ақыры солай болды да. «Алаш» көшбасшылары халықты әскерге емес, майдан алдындағы жұмыстарға шақырып жатқанын айтып, көндіруге тырысты. Қазақтардың Ресей құрамында болуының жазылмаған келісімі бойынша, еркектер әскерге шақырылмайтын еді. Дегемен, халық қара жұмысқа шақырылудың өзін келісімнің бұзылуы деп есептеді. Сол шақта қазақтардың патша билігімен, қоныс аударғандармен және казактармен қарым-қатынасы қиындай түскен болатын. Бөкейханов, Дулатов пен Байтұрсыновтардың ескертулері көмектеспеді. Олардың мұндай ұстанымдарының өзіндік логикасы бар еді. Қайраткерлер жұмысқа шақырылғандар басқа ортада, Ресейдің еуропалық бөлігінде болады деп болжады. Осылайша, қазақтардың мүлдем басқа әлемді танып, ой-өрістері кеңіп, білім алуларына мүмкіндік туады деп пайымдады.            

Сол себепті оларды ұлт-азаттық қозғалыс ретінде тану керек деп есептеймін. Олар алғашқы қазақ газеті мен журналын – «Қазақ» және «Айқапты» шығарды. Осы басылым беттерінде қазақ ұлттық идеологиясын құрды. Идеологияның ең басты қағидасы – жер мәселесін шешу болды. ХХ ғасырдың басындағы столыпиндік реформа кезінде қазақтардың өз жерлерінен айырылғаны жасырын емес. Олар қоныс аударғандарға берілді. Сондықтан да басты қағида – жер және оны қорғау еді. Бұл мақсаттарға қайта жанданған мемлекеттіліктің арқасында ғана жету мүмкін болатын.          

news4380.jpg

– Алашордалықтар қайта жанданған мемлекеттілікті қалай елестетті? Бұл ағартушылық авторитаризм немесе монархия мен хандық биліктің қайта жанданған республикасы болар ма еді? 

– «Алаш» қайраткерлері еуропалық мәдениетті ұстанған адамдар еді. Бөкейханов мемлекеттілікті жоқ жерден құруға болмайтынын түсінді. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылым дәстүрі ескірген және XIX-ХХ ғасырлар тоғысында қалыптасқан жағдайға мүлдем сәйкес келмейтін. Алғашқы уақытта Қазақстанның болашақ Ресей федеративтік республикасы құрамындағы автономия ретінде болжануы түсінікті еді. Алайда, олай болған жоқ. Ресейде демократиялық билік сақталмады. Ақтар қазақ мемлекеттілігінің қайта жандануына қарсы болса, қызылдар өз шарттарымен автономия беруге дайын болды. Алашордалықтар оларға сенді, алайда, бірнеше жылдан кейін олардың сенімдері ақталмады.           

Қазақтардың көрнекті ғалымдар – Григорий Потанин мен Николай Ядринцев жобалаған болашақ Сібір автономиясы құрамына кіруі де қарастырылған. Қалай болғанда, бірінші және екіншісі де уақытша нұсқалар ретінде пайымдалды. Қазақтар өз ұлттық кадрларын тәрбиелеп, кейін солар жаңа, тәуелсіз демократиялық мемлекет құрады деп көзделді.        

– Көптеген қазақстандық орыстар мен өзге де славяндар әлі күнге дейін алашордалықтарды жергілікті емес халықтарды жазалауға шақырған агрессивті ұлтшылдар деп есептейді...

– Бұл кезекті аңыз және кеңестік пропаганданың қаралауы. 

«Алаш» партиясының екінші съезінде автономияның қазақ және түркі емес халықтарының тағдырына қатысты мәселе көтерілген. Сол кезде делегаттар екіге бөлінді. Хәлел Досмұхамедов бірінші кезекте, Қазақстан автономиясын жариялау қажет, одан кейін ғана азшылықтың тағдырын шешу керек деп пайымдады. Әлихан Бөкейханов қоныс аударғандармен жұмыс жасау керектігін, бір жарым миллион славянның ойын ескеріп, жаңа мемлекетті бірге құру қажеттілігін жеткізді. Көрнекті орыс интеллигенттерімен араласқан, сондай-ақ православиелік орыс әйелі Елена Севастьяноваға үйленген Бөкейханов христиан халқының да мүддесі ескерілуі керек деп түсінді. Негізінде, өңірдің православиелік, орыс-украин халқына болашақ «Алашорда» парламентінен 25 орынның 10-ына квота беру болжанған. Бұл сол кездің өлшемі бойынша, демократия мен ұлттық және діни азшылыққа деген құрметтің айқын үлгісі болатын. Егер бұл жоба іске асқанда, бүгінде мүлдем басқа елде өмір сүріп жататын едік. Ұлттық саясаттағы көптеген қателіктерге жол берілмейтін еді.        

news4381.jpg    

– Бұған Бөкейхановтың партиядағы жолдастары қалай қарады? 

– Әрқалай. Бүгінде көбісі Бөкейхановты ұлтшыл деп санаса, сол кезде көбісі оны шамадан тыс орысшыл деп айыптаған. Бірақ ол қазақтарды қолдаған орыс земство қайраткерлерімен тығыз байланыста болды. Мысалы, көрнекті земство агрономы Николай Лукич Скалозубов 1905 жылғы революция кезінде түрмеге жабылған Ахмет Байтұрсыновқа кепілгерлік жасаған еді. Жалпы, жоғарыда аталған Григорий Николаевич Потанин мен Николай Михайлович Ядринцевтен бастап, көптеген орыс қоғам қайраткерлері ХХ ғасырдың басында «Алашқа» жақын болды. Олардың арасында көрнекті қайраткерлер болған. Мысалы, Тимофей Иванович Седельников, Орест Авенирович Шкапский. Олар патша билігінің қоныс аудару саясатын сынға алды. Қазақстанда жұмыс істей отырып, көшпелі мал шаруашылығы мен бүкіл шаруашылық жүйесінің біртұтас және үйлесімді екенін көрді. Жайылымға арналған учаскені орыс қоныс аударушыларына алып беру бұл механизмді бұзатынын түсінді. Шкапский қазақ шаруаларының көптеген жылдар бойы Батыс Еуропа жүйелерінен айтарлықтай ерекшеленетін жер иелену жүйесін дамытқанын жазды. Сондықтан олардың әдет-ғұрпына назар аудармай, жерге иелік ету туралы түсінігін түбегейлі өзгерту халықтың экономикалық өміріне нұқсан келтіретінін түсінді.

news4382.jpg

Көшпелі жайылымдық жерлерді жаппай алуды көрнекті земство қайраткері I және II Мемлекеттік Думаның депутаты Тимофей Иванович Седельников те сынға алды. Ол арнайы жерге орналастыру экспедициясында жер геодезисті болып, жеті жылға жуық уақыт қазақ даласын зерттеу бойынша статистик болып жұмыс істеген. Тимофей Иванович тек тікелей міндеттерін орындаумен ғана шектелмей, жергілікті өмірді көп зерттеді, бұл оған қазақтардың шаруашылық құрылымының өзіндік ерекшелігін түсінуге көмектесті. Көптеген жылдар бойы Қазақстанда статист болып жұмыс істегеннен кейін Седельников далада жерді пайдалану күрделі механизм екеніне көз жеткізді. Ауыл шаруашылығынан хабары болғандықтан, ол шаруашылық нысандарының аймақтың климаттық жағдайына тәуелді екенін атап өткен. Сондықтан ол алдымен қазақтардың өзін жерге орналастыруды, содан кейін ғана көші-қон учаскелерін ұйымдастыруды талап етті.

Мен бүгінде комиссия құрамында жұмыс істей отырып, Қазақстанда Николай Скалозубов пен Орест Шкапскийдің есімдері мәңгі сақталуын талап етемін. Алматы, Астана және басқа да қалаларда олардың құрметіне көше атауларын беру қажет. Және менің арқамда Алматыдағы көшелердің біріне Тимофей Седельниковтың есімі берілгені қатты қуантады.  

news4383.jpg

– Бұл қайраткерлерге деген патша билігінің көзқарасы қалай болды?

– Көбінесе, олардың сөздеріне құлақ аспады. Патша мен оған жақын адамдарды шынайы жағдайдан бейхабар Фольбаум сынды губернаторлардың баяндамалары қанағаттандырды. Дегенмен, кейбір патшалық министрлер мен мемлекет қайраткерлері патшаға бұл өткір мәселенің салдары жайлы ескерткен. Мәселен, 1908 жылы арнайы есеп комиссиясының басшысы ретінде граф Константин Пален жұмыс сапарымен Түркістанға жіберілді. Жергілікті шенеуніктердің істі қалай жүргізіп жатқанын және қоныс аудару саясатының қаншалықты ойластырылмағанын көрген граф өз баяндамасында қазақтардың сөзсіз көтеріліс бастайтындарын болжады. Оның болжамы сегіз жылдан кейін, 1916 жылы расталды.

– Алашорда үкіметінің бағдарламасы Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан автономиясы бағдарламасынан несімен өзгешеленді?

– Белгілі бір өзгешеліктер болғанымен, көп жері ұқсас еді. Бұл өзгешеліктердің негізі халықтың құрылымында болды. «Алаш» аумағына славян халқы көп – Қазақстанның шығысы, солтүстік және солтүстік батысы, сондай-ақ олармен тығыз қарым-қатынаста болып, еуропалық халықтың тұрмыс-тіршілігін жылдам қабылдаған қазақ өлкелері кірді. Ал Түркістан автономиясының аумағында қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжіктер тұрды. Бұл жерде ислам дәстүрлерінің ықпалы күшті еді. Егер «Алаш» орыс және еуропалық либералдардың бағдарламасына ұқсас бағдарлама ұсынса, Түркістан автономиясында жәдидшілдікке (Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс) басымдық берілді.          

– «Алаш» билікте орныққан болса, бүгінгі Қазақстан қандай болар еді?

– Менің ойымша, заманауи бәсекеге қабілетті мемлекет болар едік. Большевиктердің кесірінен басымызға түскен қайғылы оқиғалардан аман қалар едік. Қазақтардың саны едәуір көп болар еді. Сондай-ақ дәстүрлі ұлтаралық және дінаралық келісім сақталар еді деп сеніммен айта аламын.


Источник -  dknews.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...