Биыл «Невада-Семей» қозғалысының негізі қаланғанына 33 жыл толды. Қырық жыл бойы жалғасқан ядролық сынақтардан кейін Қазақстан қоғамы наразылық білдіріп, Семей полигонын жабуды талап етті. Қоғамдық қозғалыс құру бастамасын ақын Олжас Сүлейменов көтерген еді. Осылайша, 1989 жылғы 19 қазанда Семей полигонында соңғы жарылыс болды. Жалпыхалықтық қозғалыстың арқасында бүкіл өңірге залал келтірген ядролық сынақтарға тосқауыл қойылды.
Бүгінгі таңда әлемге ядролық соғыстың қаупі төніп тұр. Саясаткерлер ядролық соққының болу мүмкіндігін талқылауда. Ал қақтығысқа түскен елдерде ядролық тежеу күштері ерекше режимге, яғни жауынгерлік даярлық жағдайына ауыстырылған. Осыған орай көпшіліктің көкейінде ядролық жарылыстың салдары қандай болмақ деген сұрақтың туындауы заңды.
Жақында Алматыда Семей полигонындағы соңғы ядролық жарылыс күніне арналған халықаралық конференция өтті. Еске сала кетсек, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР үкіметінің шешімімен Семей полигоны жабылған болатын.
Конференцияны Халықаралық антиядролық қозғалыстың вице-президенті, Журналистика академиясының академигі Валерий Жандаулетов ашты. Қатысушылар «Невада-Семей» қоғамдық антиядролық қозғалысының негізін қалаушы, оның президенті, Қазақстанның Еңбек ері, ҚазКСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменовті қошеметпен қарсы алды.
Конференция қатысушылары, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар, спортшылар, мәдениет өкілдері жұртшылық назарын ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың проблемаларына және оларды қорғайтын заңды қайта қарау қажеттілігіне аудару мақсатында Үкіметке, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне жүгіну туралы шешім қабылдады.
Ақын Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын ұйымдастыру туралы бастама көтергенде, оны қазақстандықтар белсене қолдап, сынақтарды тоқтату туралы үндеуге қосылды. Екі апта ішінде 2 миллионнан астам қол жиналды. Олжас Омарұлы ватманның үлкен парақтары қазақстандықтардың қолтаңбаларымен толғанын еске алды: «қалалар, ауылдар, мектептер мен жоғары оқу орындары осы жалпыхалықтық қозғалыспен қамтылды. Қолтаңбалар Жазушылар одағына барлық жерден түсе бастады. Біз бұл ватман парақтарын сақтамағанымыз өте өкінішті, онда елдің тарихы жазылған еді. Әлемде осыншама көп қолтаңба жиналған бірде-бір мұражай жоқ шығар. Қазақстанда планетадағы ең көп адам қатысқан антиядролық қозғалыс туды және біз оның қатысушылары болдық».
Сол кезде ҚР Жазушылар одағының ғимаратына мыңдаған адам жиналды. Бұл 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған қайғылы оқиғалардан кейінгі бірінші митинг еді. Ол ауқымды қоғамдық резонанс тудырды.
«Біз митингпен шектелмедік, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын тіркедік. Сол кезде бәріміз әлемде ең қауіпті екі полигон бар екенін түсіндік – Америка Құрама Штаттарындағы Невадада және Семей маңында», – деген Олжас Сүлейменов бұл екі полигонды Сиам егіздерімен салыстырған. Қоғам өкілдері бұдан бұрын да АҚШ-тағы полигонмен күресуге тырысып, дабыл қаққан. Алайда, айтарлықтай нәтиже бермеді. Алайда, Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін әлемдегі барлық бес полигонда – АҚШ, Кеңес Одағы, Ұлыбритания, Франция, Қытайда сынақтар тоқтатылды.
Семей полигонындағы сынақтар іргелес аудандар халқының денсаулығына орны толмас зиян келтірді. Өлі туған балалар немесе аса ауыр физикалық ауытқулары бар сәбилер дүниеге келді. Аймақта аутизммен ауыратын сәбилер көбейді. Жарылыс аймағында өскен жастардың суицидке бейімділігі байқалды.
Олжас Сүлейменов ядролық сынақтардың әсері полигон жабылғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы жалғасқанына сенімді. Әлі күнге дейін Қазақстанда әрбір 60-шы балада аутизм анықталуда.
«Біз ең қуатты құрылым – Кеңес Одағының компартиясынан да ықпалды КСРО әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы күрестік. Бірақ менде үлкен қолдау болды: сол жылдары антиядролық қозғалыс барлық қазақстандықтарды біріктірді», – деп еске алды ақын.
Осылайша, Алматы халықаралық антиядролық қозғалыстың эпицентріне айналды. 1990 жылғы мамырда Қазақстан астанасында «Невада-Семей» қозғалысының бірінші конгресі өтті. Мұнда әлемнің көптеген елдерінен антиядролық және соғысқа қарсы қозғалыс белсенділері келді. Ең көбі АҚШ делегациясы еді, іс-шараға наразылық білдіруші қазақстандықтармен бірігуге ниетті 300 америкалық қатысты.
«Сонда бүкіл әлем Алматыға жиналды. Біз әлемнің демократиялық сипатқа ие болып бара жатқанын және сол кездегі күш сайланғандардың емес, сайлаушылардың жағында екеніне сендік», – дейді Олжас Сүлейменов.
«Невада-Семей» қозғалысының ізбасарлары бүкіл әлемді дүр сілкіндірді: 1991 жылы қаңтарда Нью-Йоркте антиядролық қозғалыс негізінде жаһандық антиядролық альянс құрылды. Бұл халықаралық бірлестікке әлемнің соғысқа қарсы қоғамдық ұйымдары кірді.
Қозғалыс күшейе түсті, оның қатарын толтырған белсенділер саны артты. 1991 жылы Семей полигоны жабылғаннан кейін Конгресс қатысушылары – америкалықтар Нью-Йорктен Невадаға дейін бейбітшілік шеруімен жүріп өтті. Олардың қолдарында «Қазақстан сынақтарды тоқтатты, енді біздің кезегіміз» деген плакаттар болды.
Жаһандық антиядролық альянстың екінші конгресі 1993 жылы 30 тамызда Алматыда өтті. Онда үш негізгі тақырып талқыланды: ядролық қаруға қарсы күрестің қоғамдық жолдарын анықтау, ядролық полигондар мен олардың маңайындағы аудандарда экологиялық жағдайды әзірлеу, сынақтар өткізілген өңірлердегі халықтың денсаулық мәселелері. Қатысушылар ядролық сынақтардан зардап шеккен аудандардың тұрғындарына көмек көрсету үшін БҰҰ қамқорлығымен халықаралық қор құру туралы шешім қабылдады.
1992 жылғы 18 желтоқсанда «Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бүгінде ол заң ескірген. Себебі полигон аймағында туылған және сол жерде тұратын адамдардың тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда, жеңілдіктерден қағылады. Сондықтан ескі заңға түзетулер енгізу қажет.
Конференцияда Олжас Сүлейменов жалпы Семей полигонында 500-ге жуық жарылыс болғанын, оның 160-тан астамы ашық – ауада және жерде өткізілгенін мәлімдеді.
Семей полигоны 1991 жылы ресми түрде жабылды. Ал 1992 жылғы тамызда Невададағы сынақтар тоқтатылды. Бұл әлемдік жетістік болды.
Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысының жеңістерін атап өтті: «алдымен біздің полигон жабылды, содан кейін Невадада сынақтар тоқтады. Одан соң француздар да бізден үлгі алды. Айта кету керек, Невада полигонында тек америкалықтар ғана емес, ағылшындар да сынақтар өткізген. Ал 1996 жылы Қытай полигонындағы сынақтар тоқтады».
Валерий Жандаулетов антиядролық қозғалыстың көпшілікті өзінің ауқымымен таң қалдырғанын атап өтті.
«Кеңес Одағында Семей ядролық полигонын жабу туралы қарар бойынша Парламентте көпшілікті жинау үшін Олжас Омарұлының ықпалына ие болу керек еді. Ол сол кезде ақын және қоғам қайраткері ретінде бүкілодақтық даңққа ие болған. Кеңес Одағы Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачев америкалық конгрессмендермен кездесуде Олжас Сүлейменовті толығымен қолдап, полигонды жабу идеясына ерекше қызығушылық танытты. Сол күндері Михаил Горбачев Олжас Сүлейменовке қоңырау шалып, Мәскеуге шақырды: "кел, біз Лондонға ұшамыз". Расында да, КСРО делегациясы Лондонға ұшып, қорғаныс министрімен кездесті. Ядролық қаруға тыйым салу туралы құжаттарға бірлесіп қол қойды», – деп еске алды академик.
Валерий Жандаулетов бүгінгі таңда ядролық қаруға қатысты жағдайдың тіптен ушығып кеткеніне қайран қалатынын жеткізді.
«Қазір жиырмаға жуық елдің ядролық технологиялары бар. Сол кезде, отыз жыл бұрын кең өріс алған қоғамдық қозғалыстың әлемнің ары қарай ядролық қарулану үдерісін тоқтатуға қауқары бар еді. Өкінішке орай, олай болмады. Михаил Горбачевтың орнына Борис Ельцин келіп, бұл бағытты одан әрі дамытпады».
Дегенмен, «Невада-Семей» еріктілер қозғалысы әлі де қызмет етеді. Антиядролық бастаманы қолдаушылар демеушілер тауып, дөңгелек үстелдер, халықаралық конференциялар өткізіп келеді. Шетелде де жақтастары бар. Бүгінгі таңда әлем ядролық қару қолдана отырып, үшінші дүниежүзілік соғысқа қарай жылжу үдерісін тоқтататын күшке мұқтаж.
Кезінде кеңестік сутегі бомбасын әзірлеуші Андрей Дмитриевич Сахаров ядролық бомба сынақтарының салдарын көрген кезде, қалған өмірін онымен күресуге арнайтынын мәлімдеген еді. Ғалым-агностик жасаған ісіне өкініп, өмірлік жұмысынан бас тартты. Андрей Сахаров өз мәлімдемелерінде философиялық және діни тақырыптарды ешқашан қозғамаған. Тек өмірден өткеннен кейін ғана ғалымның арғы атасы діни қызметкер болған деген қауесет тарады. Сонымен қатар, естеліктерінде Сахаровтың анасының дін жолында болғаны және 13 жасқа дейін бала діни атмосферада өмір сүргені белгілі болды. Кеңес ғалымы өзін дінге сенуші деп санауды қойғанымен, ол әлемді Жаратушысыз елестете алмаған.
«Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы күресті жалғастыруда, өйткені қазір бүкіл әлем ядролық полигонға айналуда. Алайда, ежелгі дәуірде Рим тарихшысы Корнелий Непоттың «бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайындал», деген қанатты сөзі болды. Оның мәні мынада: ел үшін оның ең сенімді қорғанысы, ең қуатты қарулы күштері ғана бейбітшіліктің кепілі бола алады. Сондықтан көптеген елдер өздерінің әскери арсеналында бейбітшіліктің сенімді кепілі ретінде ядролық қару болуын қалайды. Бұл орайда сутегі бомбасын жасаушы Андрей Сахаровтың сөздері қазіргі қалыптасқан жағдайда өте өзекті болып отыр: «Бүгінде термоядролық қару соғыста ешқашан адамдарға қарсы қолданылған емес. Менің ең үлкен арманым – бұл ешқашан болмаса екен, термоядролық қару соғысты тежеу үшін ғана керек, бірақ ешқашан қолданылмауы тиіс».
Фото: Автор және ашық дереккөздер
Источник - kaz.zakon.kz