«Бастау» фестивалі отандық кино саласының дамуына қандай үлес қосады | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

«Бастау» фестивалі отандық кино саласының дамуына қандай үлес қосады

355
9 минут
«Бастау» фестивалі отандық кино саласының дамуына қандай үлес қосады
Әңгімелескен Константин КОЗЛОВ,
Аударған Айдар Урисбаев

Алматыда қысқаметражды және дебюттік фильмдердің Х халықаралық «Бастау» кинофестивалі аяқталды. Бұл алаң еліміздің кино саласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің арасында кең танымалдыққа ие болып, бірнеше көрнекті отандық кино қайраткерлерінің шығармашылығына демеу берді. Дегемен, жалпы қазақстандық киноның даму қарқыны әзірге көңіл көншітпейді. «Бастау» фестивалінің продюсері және арт-директоры Диана Әшімова осындай шығармашылық алаңдардың отандық кино саласын дамытуға қандай үлес қосатыны жайлы айтып берді.     

– Диана, «Бастау» фестиваліне биыл 10 жыл толады. Отандық кинофестивальдердің көбісі мұндай жетістікке жете алмай отыр, мұның сыры неде?   

– «Бастау» – бірінші кезекте, бұл шағын, бірақ өте ұйымшыл команда. Қаржылық, ұйымдастырушылық сияқты барлық қиындықтарға қарамастан, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Ал жұрттың біздің кинофестивальді күтетіні одан әрі ынталандырады. Әсіресе, жастар. Себебі, «Бастау» – білім беруге бейімделген кинофестиваль. Ол адамдарды заманауи әлемдік кинотуындыларды көріп, білуге ынталандырады. Соңғы уақытта шетелдік кинематографтың өзекті мәселелерін көрсететін алаңдар көп емес.     

– Байқауға арналған кинолар төңірегінде белгілі бір стереотиптер пайда болған. Күн тәртібінде ең алдымен «әлеуметтік» мәселе болуы керек, бұл тақырып кез-келген фестивальде жоғары бағаланады, сондықтан кинода қоғамның жағымсыз жақтарын көрсету керек деген пікір бар. Бұл үрдіс әлі де сақталып келе ме?   

– Менің ойымша, бұл жағдай өзгеріп жатыр. Егер халықаралық кинофестивальдердегі үрдістерді бақасақ, онда таза артхаус киносы біртіндеп қалып жатыр. Процесс арт-мейнстримге қарай бет бұруда. Кино көрерменге жақындай түсті. "Бастау" іріктеу комиссиясында жұмыс істей отырып, біз әртүрлі жанрдағы дебюттік жұмыстарды көрдік: хоррор, триллерлер мен комедиялар. Айта кетерлігі, бұл біздің кинотеатр экрандарынан көріп үйреніп қалғанымыздай комедиялардың стилінде емес. Мұндай фильмдердегі әлеуметтік мәселелер көзге көп түспейді. Көбінесе, бұл қызықты оқиғаларды бастан кешкен адамдар туралы. Дебюттік жұмыстар – режиссер үшін бар әлеуетін көрсететін мүмкіндік, авторды ешкім шектемейді. Және туындыларды іріктегенде айтылған «ауыр артхаусты» таңдамаймыз. Жалпы, картиналары арқылы режиссердің ары қарай қандай стилистикада жұмыс істейтіні бірден білінеді. 

– «Бастау» арқылы аты шыққан бірнеше есімді атаңызшы

– Бірінші кезекте, бұл Шәрипа Оразбаева. Ол «Едоки картофеля» қысқа метрлі фильмімен біздің жүлдені жеңіп алған. Ал кейін шетелде көптеген жүлделерге ие болған «Мариям» толық метражды фильмімен біздің фестивальге қайта оралды. Немесе Яна Скопина – ол «Ты что-то прячешь в кулаке» туындысымен «Үздік ойын фильмі» жүлдесін жеңіп алды. Яна Қазақстанның тумасы, ВГИК-ті, Сергей Соловьевтың шеберлік оқуын тәмамдаған. Биыл біздің фестиваль оның «Скоро кончится лето» фильмімен ашылды. Бұл 1990 жылы Алматыда болған оқиға туралы, жастардың алғашқы махаббаты, ажырасуы жайында. Және барлық оқиғалар қайта құру, жаһандық өзгерістер, Виктор Цойдың өлімі аясында өрбиді. Айтпақшы, Яна өзінің жаңа туындысын да Қазақстанда түсірмек. Менің ойымша, оның үлгісі өте айқын: режиссерлер бүгін отанына оралып, қазақстандық тақырыпта жергілікті актерлермен фильмдер түсіруде. Бір қызығы, «Бастаудың» көптеген түлектері кейіннен өзге елдерде бас қосып, бірлескен фильмдер түсіруде.

news4671.jpg  

– Қатарынан бірнеше жыл «Бастауда» болып, осындай көріністі байқадым: көрсетілімдерде, мастер-класс пен шығармашылық кездесулерде студенттер немқұрайлық танытады, шараға құлшыныс білдірмейді. Содан олардың фестивальге «күштеп» әкелінгені көрінеді. Осылай мәжбүрлеу олардың кино шығармашылығына деген махаббатын оятуға көмектесе ме?   

– Біз мұндай мәжбүрлеу тәжірибесінен бас тарттық. Бірақ, жалпы осындай проблема бар. Жас көрермен үлкен экраннан кино көргісі келмейді. Бұған дейін оларды көндіруге тырыстық. Бірақ, енді ешқандай мәжбүрлеу болмайды. Қазір біз кино факультеттері мен мектептерінде білім алушыларды фестивальдің бағдарламасымен таныстырамыз. «Егер жақсы халықаралық кинофестивальдерге шыққыларың келсе, онда қандай кинолар көрсетілетінін, қандай деңгейге ұмтылу керек екенін көріңдер», деп түсіндіреміз.        

– Биылғы бағдарламада нені ерекше атап көрсетер едіңіз?

– Биыл қысқа метражды бөлімде керемет картиналар көрсетілді. Ал толық метражды фильмдердің көрсетілім бағдарламасы өте жақсы қазақстандық және шетелдік фильмдермен толықтырылған. Мысалы, Әділхан Ержановтың «Обучение Адемоки», Эльдар Шибановтың «Горный лук», және кинофестивальді жабатын Мәди Балжановтың «Молочная девочка» фильмі. 

Итальялық режиссер Лаура Саманидің «Маленькое тело» туындысы өте қызықты. Бұл жаңа туған қызы шетінеп кеткен әйел туралы оқиға. Ол қызының кішкентай денесін алып, аңыз бойынша, таулардан нәрестені өмірге қайтаруға болатын құпия орынды табу үшін жолға шығады. Бір кездері фильмде баяндалатын оқиға қоғамда қызу пікірталас тудырған. Себебі, бұл киносюжетте өлі туған балаларды тірі жан деп санауға бола ма, демек, оларды шомылдыру рәсімінен өткізуге, жерлеуге, ортақ зираттарға көмуге бола ма деген мәселе көтеріледі. Айтпақшы, ХХ ғасырда әлемнің көптеген елдерінің заңнамасына өлі туған балаларды зираттарға жерлеуге болатыны туралы түзетулер енгізілді. Бұрын оларға жерлеу үшін бөлек орындар бөлінген, ал кейбіреулері тіпті, оларды өз үй учаскелерінде жерлеген. Католиктік және православие шіркеуі өлі туған балаларды шомылдыру рәсімінен өткізбейді, жаназасын да шығармайтын болар. Жаназаның орнына православиелік діни қызметкерлер аты аталмаған нәрестені тыныштандыру үшін дұға оқиды. Алайда, аталған мәселе әлі күнге дейін көптеген елдерде пікірталас тудырады. Ал бұл тақырыпта фильмдер көп емес. Сондықтан біз фестивальге арналған туындыларды таңдау кезінде оған ерекше назар аудардық.

– Студенттердің фестиваль фильмдерін көріп, білуі отандық кинематографияның дамуына үлес қоса ала ма? Қазір экранда белең алған комедиялар (әсіресе, төмен дәрежелі) көңіл көншітпейді.    

– Сіз, әрине, дұрыс айтасыз. Дегенмен, саны біртіндеп сапаға ауысып жатыр. Біз шетелдік кинофестивальдерде танымалдыққа ие болып жатқан картиналарды көбірек түсіріп жатырмыз. Жақында Парижде өткен қазақстандық кино фестивалінде жергілікті көрермендер кезекке тұрды. Ал француздар – кинода өте талғампаз көрермендер. Онда артхаус та, артмейнстрим де көрсетілді. Алайда, қандай да бір себептермен біздің кинопрокатшылар мұндай фильмдерді үлкен қиындықпен алады. Әрқашан бір жауап: "бұны көрмейді", дейді. Иә, оны миллиондаған адам көрмейді. Бірақ, мұндай киноны қажет ететін көрермендер де бар, олардың саны аз емес, оларға да таңдау беру керек қой. Сондықтан кинофестивальдер біздің елімізге және қаламызға қажет. Бірте-бірте көрерменнің осындай киноға деген сүйіспеншілігін ояту керек және прокатшыларға осындай фильмдердің аудиториясы бар екенін ұғындыру қажет. Осы орайда, кино университеттеріне де қатысты мәселе туындайды: бағдарламалар, студенттер, оқытушылар алмасуды ұйымдастырған жөн. Студенттерді бұрынғыдай фестивальге келуге көндірмеуіміз керек. Екі жылдан кейін біздің авторлық киноға өз көрермендеріміз кезекте тұратындай болуы тиіс.


Источник -  informburo.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...