Сейфуллин мен «Алаш» көсемдерінің қарама-қайшылығы неде | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Сейфуллин мен «Алаш» көсемдерінің қарама-қайшылығы неде

969
11 минут
Сейфуллин мен «Алаш» көсемдерінің қарама-қайшылығы неде
Константин КОЗЛОВ, Аударған Айдар Урисбаев
Фото АПН

Сәкен Сейфуллин – ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі. Ол өз кезеңіндегі саяси буын өкілдерінің арасында ерекшеленіп тұрды. Қайраткердің өмірі Қазақстанның саяси сахнасында алғаш рет ұлттық интеллигенция бой көрсеткен революциялық кезеңмен тұспа-тұс келді.    

Астананың оң жағалауындағы ескі орталықта көне қаланың тарихынан сыр шертетін шағын ағаш үйшікті байқамау қиын. Бұл үйді XIX ғасырдың ортасында самаралық көпес Казанцев салдырған. Алайда, астаналықтар бұл ғимаратты Сәкен Сейфуллиннің өмірі және қызметімен тығыз байланыстырады. 1920 жылдардың басында мұнда көптеген кеңестік мекемелер орналасты, солардың бірінде көрнекті қоғам қайраткері қызмет етті. Атап айтқанда, осы ғимаратта Сейфуллин басқарған аумақтық межелеу жөніндегі комиссия орналасқан болатын. Өкінішке орай, ұлт зиялысының нақты қай кабинетте отырғаны анықталмаған. Дегенмен, мұражайда ақынның өмірі мен қызметі жайында сыр ақтаратын тарихи жәдігерлер жетерлік: ақталғаннан кейін басылып шыққан туындылары, мерейтойлық кәдесыйлары, сыйлықтары қойылған. Жәдігерлер топтамасының басым бөлігін қайраткердің әйелі Гүлбахрам Сейфуллина жинаған.                 

news4617.jpg

Фото Сефуллин кабинеті

Тінту кезінде көптеген жеке заттарды сақтап қалған Гүлбахрам Сейфуллина оларды ақын шығармашылығын зерттеушілерге табыстады. Олар өз кезегінде, бұл естеліктерді 1988 жылы мұражайдың қорына берген. Бұл топтамалар әлі күнге дейін толықтырылып келеді. Мәскеу маңындағы Красногорск қаласынан «Түрксіб ашылды» деректі фильмі әкелінді. Теміржолдың салтанатты ашылу рәсіміне арналған екі бөлімнен тұратын фильмді 1930 жылы режиссер Абрам Роом түсірген. Ерекше тарихи кадрларда Сәкен Сейфуллин бейнеленген. Бұдан бөлек, мұражайда Левон Мирзоян сыйға тартқан баспа машинкасы, музыка мұғалімі Нина Мокина сыйлаған фисгармониясы бар. Сондай-ақ мұнда ақын кітаптарының алғашқы басылымдарымен, сирек кездесетін фотосуреттермен және Сейфуллиннің өмір жолына қатысты көптеген құжаттармен танысуға болады.     

news4618.jpg

Фото көне Ақмола

Мұражай экспозициясы оның балалық шағына арналған бөлмемен ашылады. Сәкен қарапайым көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып, айналада болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытты. 

Осылайша, 11 жасар Сәкен 1905 жылғы революцияның қорқынышты оқиғаларының куәсі болды. Атап айтқанда, Нілді мыс қорыту зауытындағы жұмысшылардың ереуілін көрді. Қазір бұл Қарағанды облысының Шет ауданындағы Успенск ауылы. Сейфуллин аталған зауыт маңындағы ауылдардың бірінде тұрған. Бұл оның өмірінің соңына дейін әділеттілік идеясы басым болған дүниетанымына әсер етті.

Экспозицияда ақынның өмірлік кезеңдерін бейнелейтін көне Ақмоланың көптеген фотосуреттері бар.

Сәкен алғашқы білімін орыс-қазақ бастауыш мектебінде алды, кейін Ақмола шіркеу-приход мектебінде оқыды. Сол кездері қазақ балаларының православие шіркеуі жанындағы мектептерде оқығаны таңғалдырарлық жайт. Алайда, 19-20 ғасырлар тоғысында мұндай білім жақсы әрі қолжетімді саналатын. Сол себепті балаларына жақсы білім беруді көздеген ата-аналар оларды шіркеу-приход мектептеріне берген. Кезінде мұндай мектептер қазақтарды православиеге тарту үшін миссионерлік мақсатта салынған болатын. Бірақ, XIX ғасырдың соңында ресейлік билік бұл мақсаттан бас тартып, аталған мектептерде ниет білдіргендердің барлығын оқытты. Осындай мектептердің бірінде Түркістан автономиясының болашақ көшбасшысы Мұстафа Шоқай да білім алғанын айта кету керек. 

Ал Сәкен Сейфуллин приход мектебін тәмамдаған соң, Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түсті.

news4619.jpg

Фото Сейфуллин мен студенттер

Дәл осы Омбыда ақынның социал-демократиялық ұстанымдары қалыптаса бастады. Оған осы кезеңде жазушы-революционер Феоктист Березовский үлкен ықпал етті. Сол кездері Сейфуллин алғаш рет кәсіби түрде әдеби еңбектермен айналыса бастады. Бұл бастамасы көп күттірмей жемісін беріп, Қазанда 20 жастағы ақынның «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарыққа шықты.   

1916 жылғы қазақтардың көтерілісі Сәкен Сейфуллиннің дүниетанымына айтарлықтай әсер етті. Содан бері оның идеялары екі постулат – әлеуметтік әділеттілік пен қазақтардың құқықтарын қалпына келтіру төңірегінде қалыптасты. Көптеген замандастарына қарағанда, шығармалары "Қазақ" және "Айқап" газет-журналдарында көп басылып шыққанымен, ол «Алаш» партиясына кірген жоқ. Солшыл қазақ зиялылар қанатының өкілдері Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұловпен жақын араласа келе әлеуметтік революция идеяларынан шабыт алды. Онда ол феодализмде тұралап қалған қазақ қоғамын жаңғырту және рухани азат етудің жолын көрді. Ал «Алаштың» түркі бірлігі, батыстық нанымды ырықтандыру туралы идеяларына салқындық танытты. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалары Сейфуллинге сенімсіздікпен қарады, сол себепті оны Құрылтай жиналысының депутаттығына кандидаттар тізіміне қоспады. Сондай-ақ ол 1917 жылдың көктем-жазындағы Жалпықазақ съездеріне қатысқан жоқ.

Алашордалықтарға қарағанда, Сәкен Сейфуллин Қазан төңкерісін құптады. Азаматтық соғыста "қызылдардың" жағына нық тұрып, Омбыдағы Колчак зындандарында, атаман Анненковтың ақмолалық өлім вагондарында болған ол сол күйі алашордалықтардың идеялық бұлтаруларын кешіре алмады. Өйткені, олар бастапқыда ақтармен одақ құрды, кейіннен автономия мәселесінде большевиктермен ойлары ұштасып, солардың жағына өтті. Мұндай оппортунизмді Сейфуллин әлсіздіктің көрінісі деп санады.

news4620.jpg

Фото Сейфуллин 1922 жыл 

Жалпы, Сейфуллин тұлғасы өзінің қызмет ауқымымен таңғалдырады. Педагогикалық қызметін жүргізе отырып, ол әдебиетпен де, саясатпен де кәсіби түрде айналысты. Және бұл салаларды өте жетік меңгерді. Ұлт зиялысы жоғары оқу орындарында – Қызылорда халыққа білім беру институтында, Ташкент педагогикалық институтында, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында қазақ әдебиеті бойынша дәрістер оқыды. Қызылорда халыққа білім беру институтының ректоры болды.

Сондай-ақ ол республиканың жазушылар ұйымы құрылуының басында болып, «Әдебиет майданы» журналы редакциясын басқарды. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде үлкен жұмыс атқарды. Ал "Тар жол, тайғақ кешу" романы оны бүкіл КСРО оқырмандарына танымал етті.

Сейфуллинді Мәскеуге асқан адалдық танытты және патриоттық сезімі болмады деп кінәлауға негіз жоқ. Ол 1923 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы лауазымында қазақтарға қатысты "қырғыз" және "қырғыз-қайсақ" этнонимін қолдануды біржола тоқтату туралы мәселе көтерді. «Әрбір қазақ азаматы өзін "қырғыз" деп атауды тоқтату керек, басқа халықтардың құлақтарына үйреншікті болуы үшін "қазақ, қазақ" деп жиі айту керек. Қазақстанның Орталық Үкіметі "қырғыз" сөзін қолдануды тоқтатуға және "қазақ" сөзін халық атына қолдану туралы Жарлық шығаруға тиіс», деді қайраткер. Айта кету керек, билік оның ұсынысын ескеріп, 1924 жылдан бастап ресми кеңестік құжаттамада қазақтарды «қырғыз», ал қырғыздарды «қара қырғыз» деп атауды тоқтатты.

news4621.jpg

Фото жазушылар одағының съезі

Мұражайдың жекелеген залдары Сәкен Сейфуллиннің саяси және әдеби қызметіне арналған. Мұнда 1934 жылы Мәскеуде өткен кеңес жазушыларының бірінші съезінен фотосуреттер бар. Сейфуллин үшін аталған іс-шараның мәні ерекше тұғын. Съезде ол қазақ делегациясын басқарып, өз сөзінде орыс әдебиетшілердің әдет бойынша дала халықтарына менсінбеушілікпен қарайтынын, бұл әдеттен арылу керектігін алға тартты. 

news4622.jpg

Фото үкім

Дегенмен, Сейфуллин соңына дейін социализм идеясына адал болып, жаңа қоғамның қалыптасуына қалтықсыз сенді. Бұл оның «алашордалықтармен» қарым-қатынасын одан әрі шиеленістірді. 30-жылдары олар қуғында болды, ал Сейфуллинді мансапшыл және келісімпаз деп санады. Өкінішке орай, 30-жылдардың аяғындағы террор бұл екі тарапты да аямады. Егер идеялық қарсыластар қайғылы оқиғаларға дайын болса, Сәкен Сейфуллин үшін бұл күтпеген жағдай еді. Себебі, 1936 жылы Алматыда шығармашылық қызметінің 20 жылдығы салтанатты түрде аталып өтіп, Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған ол бар болғаны бір жылдан кейін қамалып, ату жазасына кесілді. Мұражай экспозициясында қамауға алу ордері, үкім және ақтау туралы анықтамасы ұсынылған. 

news4623.jpg

Фото ақтау туралы анықтама

Дегенмен, жаңа жүйеге деген шынайы сенім «жылымық» жылдары Сейфуллиннің есімін ақтауға мүмкіндік берді. Ал алашордалықтардың ұрпақтары бұған қайта құру жылдарында ғана қол жеткізді. Осылайша, уақыт өте келе саяси көзқарастарына қарамастан, қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығына тиісті құрмет көрсетілді.

news4624.jpg

Фото жұбайы мен ұлы

Мұражайда қайраткердің жеке өмірі жайында да ақпарат аз емес. Сейфуллин екі рет отау құрған. Біріншісінде татар көпестің қызы Рахима Халфинаға үйленген. Бірақ, көп ұзамай ажырасып кеткен. Ал екінші әйелі Гүлбахрам Батырбековадан екі баласы туылды. Өкінішке орай, олардың да тағдыры қайғылы қасіретке ұшырады. Қызы шетінеп кетті, ал ұлы Аян анасы екеуін АЛЖИР-ге жөнелту кезінде жолда вагонда көз жұмды. 

Өзінің қысқа ғұмырында Сәкен Сейфуллин халқы үшін көптеген игі істерді атқарып үлгерді. Ол қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құрушы, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері ретінде ұрпақ есінде мәңгі сақталмақ.


Источник -  exclusive.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также