
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы мүфтият сайтында Бараат түнінің артықшылықтары туралы атап өтті.
– Бараат «кешірім, тағдыр, тозақтан құтылу түні» деп те аталады. Бұлай аталуының себебі осы түні тағдырға қатысты ризық-несібе, ажал, өмірге келу және өмірден өту секілді нәрселер нақтыланады. Алланың мейірімімен қаншама адамның күнәсі кешіріліп, тозақ отынан құтылады. Бұл түннің артықшылығы жайлы хадистерде, сахабалар мен табиғиндердің сөздерінде баяндалған.
Бараат – күнәлар кешірілетін рахмет түні. Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа, Айша! Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл – Шағбан айының ортасындағы түн. Алла Тағала бұл түні пенделеріне мейіріммен қарайды, кешірім сұраушыларға кешірім береді, мейірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Алайда пиғылы жаман адамды мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деген (Байһақи).
Келесі хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы болған түні пенделеріне мейірімін жаудырады. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқасының барлығының күнәсін кешіреді», – деген (Ибн Мәжа).
Бараат – тозақтан құтылуға мүмкіндік беретін түн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жәбірейіл Маған келіп: «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні көптеген адамдарды тозақтан азат етеді. Олардың саны қалб тайпасының қойларының жүнінен асып түседі. Тек осы түнде Аллаға серік қосушыларға, бір-біріне өштесіп жүрген адамдарға, туысқандық қарым-қатынасты үзушілерге, изарын тәкаппарланып тобықтан төмен түсіретіндерге, ата-анасына қарсы шығатындарға, араққа салынғандарға мейіріммен қарамайды», – деді (Байһақи).
Бараат – бір жылдық (ажал, дүниеден өту, ризық-несібе т.б) тағдыр жазылатын түн. Айша (р.а.) анамыздан келген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша анамызға: «Бұл түннің, яғни Шағбан айының ортасындағы қандай түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Ол түнде не болады?» – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл түнде сол жылы дүниеге келетіндер және сол жылы дүниеден өтетіндер жазылады. Ол түні пенделердің амалдары көтеріліп, ризықтары белгіленеді», – деді.
Бараат – дұғалар қабыл болатын түн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шағбан айының жартысы толғанда түнін намазбен, күндізін ораза ұстаумен өткізіңдер. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқанда: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін. Қане, не сұраушы бар?» – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – деген. (Ибн Мәжа). Сондықтан Шағбан айын көп құлшылықпен өткізуіміз керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл айда көп ораза ұстаған. Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте: «Алла елшісінің Шағбан айында ұстағандай көп ораза ұстағанын (басқа айда) көрмедім», – деген. Әсіресе Шағбан айының 13, 14, 15 күндері ораза ұстаған абзал. Сондай-ақ бұл түннің басқа түндерден айырмашылығы Бараат түнінде күн ұясына батқаннан бастап Алла Тағалаға құлшылық жасап, дұға ете беруге болады. Ал басқа түндерде ол түннің соңғы бөлігінде. Осы түнді жақсылап пайдаланып, Алла Тағаладан күнәмызды кешіруін, мұқтаждығымызды, уайым-қайғымызды кетіруін және адал ризық-несібе сұрап, көп дұға қылуымыз керек. Имам Шафиғи: «Бес түн бар, ол түндерде тілеген дұғалар кері қайтарылмайды» деп, соның ішінде Шағбан айындағы Бараат түнін де айтқан.
Ілгерідегі ғалымдар бұл түнді құлшылықпен өткізуді мұстахаб деген. Сондықтан бұл түнді Құран оқу, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көп салауат айту, тәсбих тарту, нәпіл намаздар оқу секілді құлшылықтармен өткізу керек. Өйткені бұл түні белгіленген, арнайы жасалатын ғибадат түрі жоқ. Намаз жамағатпен оқылмайды, жеке-жеке оқылады.
Усама бин Зәйдтен (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Шағбан, Ережеп пен Рамазан айларының арасындағы адамдар бұдан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Алла Тағалаға көтеріледі. Мен амалымның ораза ұстаған хәлімде көтерілуін қалаймын», – деген (Нәсаи). Осы хадисте айтылғандай, адамдардың көбі ғапыл болып жататын айда, бұл айдың басқа айлардан артықшылығын түсініп, көп тәубе етіп, күнәмыздың кешірілуін Алладан сұрап, осы Бараат түнін тиімді пайдаланып, нәпіл оразалар ұстап және түнгі құлшылықтарды атқарып, мол сауапқа кенелуімізді Алла Тағала нәсіп етсін! Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла! Бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», – деп дұға жасайтын. Алла Тағала баршамызға Шағбан айын берекелі етіп, Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін! – деп тілек білдірді Медет Құрмашұлы.
Обложка pixabay