Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қапшағайда Африка "ашты" | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қапшағайда Африка "ашты"

1063
8 минут
Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қапшағайда Африка "ашты"
Мейіргүл Оңғарова

Жаздың жартысы өтті. Ата-аналар балаларын алып, әртүрлі мекендерге демалысқа аттануда. Бірі құмда, бірі суда жаз рахатын сезініп жатқан болар. Қалтаңда қаржың болса, қай-қай демалыс орнының да есігі айқара ашық. Сондай-ақ саяхаттың қандай болмағы демалыс орнына да тікелей байланысты. Осы тұрғыда әкенің қамқорлығынсыз, шешенің мейірімінсіз өсіп жатқан балалар үйінің тәрбиеленушілері жазғы демалыстарын қалай өткізіп жатқандары көп адамды алаңдатпайтындай. 

"Солнышко" балалар үйі Алматы облысы, Іле ауданы, Түймебаев ауылында орналасқан. Бұл жердегі коттедж үйлерде өмір сүруге қажетті жағдайдың бәрі бар. Еңбектеген сәбиден бастап бойжеткен қыздар да, ержеткен жігіттер де осында. Өзгелерден айырмашылығы - олар тағдырдың талқысына ұшырап, әке-шешесіз қалғандар. 

Әр жазды тәрбиеленушілер ерекше етіп өткізуге тырысады. "Солнышко" балалар үйінің директоры Ирина Георгиевна Смирнова жаз бойы үйірмелер жұмыс жасайтынын айтты. 



Ирина Смирнова

"Екі топта сурет салу сабағы өтеді, басқа бір екі топ би билейді. Компьютерлік сауаттылық, робототехника, ауыр атлетикадан спорттық үйірмелер жұмыс істеп тұр. Таза ауада ойындар өтеді. "Жас натуралистер станциясы" да жұмысын жалғастырып жатыр. Балалар бау-бақшаны күтіп-баптап, аумақта өсіп тұрған гүлдерді, басқа да өсімдіктерді суарады. Күн ысымай тұрып су құямыз. Балалар үйінің аумағында үш бассейн бар, балалар суға рахаттанып шомылады. Сондай-ақ тауға, өзенге шығамыз, Қапшағай су қоймасына, Алакөлге барамыз", - дейді Ирина. 

Қапшағай жағалауындағы демалыс орнында балалар да, ересек адамдар да бір демалып, серпіліп қалды. Бұл жерде режим басқа. "Тайпалар кеңесі", "Лашықтар мен саваннаны тазалау" (ғимарат пен аумақты тазарту туралы айтып тұр), "Африкалық кешкі ас" деген шаралар ұйымдастырылады. Күндіз ұйықтайтын уақытты "Саваннадағы тыныштық" деп атайды. Ал кешке "От жанындағы африкалық қарым-қатынас" басталады. 



Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Наталья Забровская балалардың Қапшағайдағы демалысқа қалай дайындалғандарын айтып берді. 

"Біз африкалық тайпаларды қайта тірілттік, екі тайпаға бөліндік, арнайы костюмдерді, этникалық әшекейлерді жасадық. Жіпке моншақ тізіп, сақина, браслет жасап, оны қолымызға, аяғымызға тағып алдық, бас киім жасадық. Демалыс бойы африкалық сән-салтанатты сақтауға тырыстық. Егер лагерьде қандай да бір сайыс болса, жеңімпаз адам салтанатты шеру жасайтын. Эстафеталар ұйымдастырылды, балалар батпақты кешіп өтіп, сақиналардан секірді, найза лақтырып, жануарларға аңшылық жасағандай сезімдерді бастан кешті. 

Өз қолдарынан найза мен жебе жасап, мергендіктерін сынап көрді. Қиялымызда Африкадағы ең ыстық қала Триполи тұрды, ол жақта ауа райы 59 градусқа дейін ысиды. Эстафета қарапайым болса да, мен ойындар арқылы Африка туралы көбірек айтуға тырыстым. "Ең ыстық батпақ", "Ең ыстық шөл", "Ну орманды джунгли" деп атап, түрлі сынақтар ойлап таптық. Ол адамдарды бір-бірімен біріктіріп, командалық рухты оятты, көмектесуге үйретті", - дейді ол. 



Наталья Забровская

Тәрбиеші ретінде Наталья балалар үшін рухтың маңыздын түсінеді. Жеңіс бар жерде жеңіліс бар. 

"Реніш туып жатады. Осындай қиын сәттерді бастан кешеміз. Балаларымыздың жастары әртүрлі, ең кішкентай адамнан бастап, 4-5 жастағы, кіші және орта топтағы, ересек, колледжге түскен 16-17 жастағы балалар да бар. Сайыс барысында балалар әртүрлі тактика мен стратегияларды қолданды. Кішкентайларды алдарына шығарып, кейде оларды орталарына алды, кейде үлкендері алдына шығып, кішкентайларды арттарынан ілестіріп алды. "Көңілді старт" жақсы өтті, балалар біріге отырып керемет жұмыс істеді", - дейді ол. 

Балалар үйінің директоры бұл жақта өмір сүріп жатқан балалар үшін жеңілістің өзі оңай емес екенін айтты.



"Олар кез келген жеңілісті ауыр қабылдайды. Осындай ойындар арқылы олар жараланғыш жандарын емдеуді үйренді. Біз осы үшін өте қуаныштымыз", - деді ол. 

"Солнышко" балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жетекшілері балаларға көмектесіп жатқан демеушілерге рақмет айтады.

"UCPEvo қайырымдылық қорынан басқа "Солнышкоға" өз үлесін қосып жүрген көмекшіміз бар. Ол бізге принтер, шкаф сатып алып берді. Жаңа жылда балаларға сыйлықтар сыйлады, балаларды Алакөлге демалысқа әкелді. Автобус ұйымдастырып берді, біз балалармен бірге демалыс орнына бардық. Екі тәрбиеленушіміз педагогикалық колледждің студенттері жазғы іс-тәжірибені бізден өтті, балаларды қарасуға көмектесті. Лагерьде бассейн бар, тренердің көмегімен балалар жүзу сабағына қатысты. Би мұғалімі би үйретті. Кешке балалар ұйымдастырылған барлық шараның өздеріне ұнағанын, алайда жүзудің орны бір бөлек екенін айтты", - дейді ол. 

Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Наталья Забровская алда тағы да жоспарлары бар екенін жасырмады. 

"Біз Бутаковкаға дәстүрлі түрде барамыз. Біз үшін қолжетімді, әдемі саяхат. Осы жылы Көк Жайлауға барғымыз келеді. Балаларды Көлсайға апару үшін демеуші іздеп жатырмыз. Бұған дейін барып көрмеген жерімізге барғымыз келеді", - дейді ол. 

Балалар үйінің достары мен серіктестері көп. Алайда педагогтер алда келе жатқан оқу жылын ұмытпайды. 

"Педагогтар балаларға сабақ үйретеді, әсіресе, үлгерімі нашар балалармен айналысады. Тек оқып, жазумен ғана шектелмейді, дамытатын бағдарламалар арқылы да оқытады. Логиканы, назарды дамытатын сабақтар өтеді. Сабақтан соң ойын, жүзу, велосипед, тренажер, роликті коньки, волейбол, бадминтон ойындары ұйымдастырылады. Үстел ойындары да ойналады. Демеушілеріміз бізге түрлі ойындар әкеліп берген еді. Бір сөзбен айтқанда, балалар жазды жақсы өткізуде", - дейді ол. 

Балалар үйі толықтай Ақсай жартасына барып, жазғы демалыстарын қорытындыламақ. Ол жақта кәуап пісіруді жоспарлап отыр. Оқу жылының қарсаңында "Алғашқы сынып оқушылары" мерекесі де ұйымдастырылады. 

Қыркүйек басталғанда "Солнышкоға" UCP Evo қоғамдық қорының қызметкерлері келеді. Балаларды оқу жылымен құттықтап, олармен бірге ойнайды. Бұл күні аталған қордың бүкіл қызметкері балаларды құттықтайды. 

Балалар "анамыз" деп атайтын Ирина мен Наталья жаздың қалған айы да жақсы өткенін қалайды. 



"Балаларға жақсы демалыс тілейміз, күзде ауырмас үшін жазда жақсылап демалулары керек. Табиғатта жалаңаяқ жүру пайдалы, суға шомылып, күнге қыздырыныңыз, таза ауамен демалыңыз. Жаңа әсер алып, жаңа достар табыңыз, бұрынғы достарыңызбен одан әрі жақын болуға тырысыңыз. Оқу жылында баланың оқуға деген ынтасы болу үшін, жыл бойы жақсы көңіл-күйде өзі үшін жаңа білім ашу үшін қазір жақсылап демалуы керек", - дейді ол. 

2023 жылдың басында бала асырап алу туралы жаңа заң Парламент қарауына жіберілген еді. Бұл заң осы жылдың қазан айында қабылдануы мүмкін. Алайда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл балалар үйі біржола жойылып кетеді деген сөз емес. "Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Олар балаларды қолдау орталығына айналады", - деді ол. 

Ирина Георгиевна әріптестерімен бірге балалардың жағдайы үшін үздіксіз жұмыс істейді. 

"Біз мейірімді адамдардың көмегімен өмір сүріп жатырмыз. Балалардың жағдайлары жақсы, демек қоғам да жаман емес деген сөз. Мейірімді, көмекке әзір адамдар бар", - дейді Ирина.

Суреттер: жеке мұрағаттан

Источник -  massaget.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также