Нобель сыйлығының иегері Иосиф Бродскийдің Қазақстанға сапары | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Нобель сыйлығының иегері Иосиф Бродскийдің Қазақстанға сапары

867
5 минут
Нобель сыйлығының иегері Иосиф Бродскийдің Қазақстанға сапары
Мейіргүл Оңғарова

Алматы - ақындар мен жазушылардың шабытын ашқан қала. Әсем қаламыз Нобель сыйлығының 1987 жылғы әдебиет бойынша иегері, орыс және америкалық ақын, драматург, аудармашы, педагог Иосиф Бродскийді де өзіне баурады.

Біз бүгінгі жазбамызда Иосиф Бродскийдің Қазақстанға жасаған саяхаты туралы кеңірек айтып өтеміз. 

1960 жылдың 23 маусымында Мәскеу-Алматы бағытындағы жүрдек пойыз ҚазақКСР-ының астанасына келіп тоқтады. Қазақстан топырағына табаны тиген жолаушылар арасында жас ленинградтықтар болды. Олар Қазақстан, Орталық Азия, Әзірбайжанның көрікті мекендерін тамашалау үшін келген еді. Олардың арасында Иосиф Бродский де болды.

Бродский өзімен бірге түрлі-түсті қарындаш алып, сурет салған, алдынан шыққан адамның бәрін суретке түсірген.

Ленинградтықтар қазақстандық ғалым-орнитолог, биология ғылымдарының докторы Игорь Александрович Долгушиннің қызы Наталья Долгушиннің ұсынысымен Қазақстанға келген.

Өлкетанушы Проскуриннің зерттеуінде жазылғандай, ленинградтықтар Долгушиннің қазіргі Достық даңғылында орналасқан №51 үйдегі пәтеріне тоқтаған. Үйде қожайындары жоқ еді. Ғалым бұл уақытта Ілені зерттеу үшін іссапарға аттанған болатын. Айта кетейік, Игорь Долгушин – «Қазақстан құстары» көп томдық энциклопедиясының соавторы әрі ҚазКСР ғылым академиясының табиғат және палеонтология музейінің негізін қалаушы. Ғалым үйінде болмағандықтан, қонақтар Есіккөлге қалай барарын кімнен сұрарын білмеген.

Таң ата салысымен ленинградтықтар Үлкен Алматы көліне қарай жол тартты, №28 автобуспен «Алма-Арасан» бағытына дейін жетіп, Іле Алатауы мен Күнгей Алатауға қарай жүрген. Одан әрі Чон-Кемин мен Есіккөлге бағыт алмақ болған.

Иосиф Бродский Үлкен Алматы көлінің табиғатына тамсанған. Жүріп келе жатқанда ленинградтықтар адасып, келген жерімен қайта түсуге мәжбүр болған.

Алматыдағы Ғылым академиясының кітапханасына келіп, картаны мұқият қайта қараған. Сол жолмен Есіккөлге қайта бет алған. Бұл жолмен танымал ғалымдар, жазушылар саяхат жасаған еді.

Владимир Проскурин осынау тарихи маршрутты былай сипаттайды: "Шоқан Уәлиханов Сөгеті мен Торайғыр таулары арқылы алдымен Есіккөлге, кейін атақты Қашқария экспедициясына аттанды. Оңтүстіктен күтпеген жерден Жалаңаштың таңғажайып табиғаты шықты, ол оңтүстігінен Күнгей Алатаумен шектеседі".

1960 жылы Тянь-Шань экспедициясы Түрген, Асы, Далашық, Жеңішке, Шелек, Көлсаймен өтіп, Есіккөлге келген. Өлкетанушы Проскурин былай дейді: «Сол кезде бұл аймақ елдің флорасы мен фаунасына толы болды – таулар мен аңғарларда отар-отар қой мен дала жылқыларының үлкен табындары, арқар табындары мен қар барыстарының топтары, сирек кездесетін күркетауық құстары, ұларлар мен бүркіттер мекендеп, барлық жерде алма бақтары гүлдеді".

Жолда келе жатып киіз үйге кіріп, дәм татып, ол жерден әйел адам мен оның екі ұлын көрген. Иосиф Бродский қағазға ұлдардың суретін салған. Қонақтар үлкен қазанға асылған қой етінен дәм татқан. Түні бойы домбыра үнін тыңдап, көңілді отырған.

Туристер Көлсайдан өтіп, Күнгей Алатау арқылы Есіккөлге келіп жеткен.

Проскурин былай дейді: «Ашық аспан астындағы Құдайдың өзі сыйға тартқан осынау мекенде ақын «Пилигримы» өлеңін жазған деген пікір бар. Ол КСРО заманында еш жерге жарияланбады. Алпысыншы жылдары жастар бұл өлеңді Евгений Клячкиннің сүйемелдеуімен шырқаған».

Туристер Есіккөлден өтіп, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына жетіп, пойызбен Шымкент, Ташкент, Самарқанд, Красноводск қалаларын тамашалаған.

Бродскийдің рухани жан-дүниесі туралы иеромонах Аверкий былай дейді:

«Біздің қаламызда 1960 жылдың 23 маусымында ерекше жайт орын алды. Алматыға атақты ақын, Нобель сыйлығының болашақ иегері Иосиф Бродский келді. Оның өмірі қиыншылыққа толы болды. Қуғынға ұшырап, шетелге кетуге мәжбүр болды. Шығармашылық адамы болғандықтан, ішкі жан-дүниесі қарапайым болған жоқ. Поэзияны шындап түсінетін адам Бродскийдің қаншалықты ұлы талант екенін жақсы біледі. Ол сияқты ерекше, жарқын, нақты, әдемі өлең жазу оңай емес».

Иеромонах Аверкийдің сөзінше, Бродский еврей болса да, иудаизмнен алшақ болды. Атеист те емес еді.

"Пушкин мен Лермонтов сияқты Бродский де дінді таптап, атеизм үстемдік құрған заманда өмір сүрді", - дейді ол.

Сурет: colta.ru

Источник -  massaget.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также