Қазақстандық кино өнері: бүгіні мен өткені | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстандық кино өнері: бүгіні мен өткені

224
11 минут
Қазақстандық кино өнері: бүгіні мен өткені

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстанның белгілі кинотанушысы және киносыншысы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікееваның «Тәуелсіз Қазақстанның киносы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тәуелсіз Қазақстан киносы туралы алғашқы туынды саналатын Гүлнар Әбікееваның он бесінші еңбегі – маңызды жұмыс. Ол бұл кітабын Қазақстанның құрметті сәулетшісі, қоюшы-суретші, кино саласында белсенді жұмыс істеген жұбайы Әлім Сәбитовтың рухына арнады. Кітаптың шығуына қаржылай қолдау көрсеткен – меценат Тимур Қоржымбаев, продюсер әрі актриса Баян Алагөзова.

Залға қазақстандық кинематографияның «алтын қорына» енген танымал киногерлер, кинотанушылар, сондай-ақ кино саласына қатысты мамандықтарды меңгеріп жатқан Алматы Менеджмент Университеті, Тұран және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері жиналды.

Кітаптың әр тарауы отандық киноның белгілі бір кезеңіне арналған және кино үдерісі, адамдар, фильм, сұхбат секілді айдарларға бөлінген. Мысалы, 1986-1991 жылдарға арналған бірінші тараудың соңында автор өз ойын былай деп түйіндейді:

«Қазақ жаңа толқынының» біздің ел үшін де, халықаралық кино қауымдастығы үшін де маңызы зор болды. Біріншіден, бұл толқын тәуелсіз Қазақстанды әлем картасында айқындап берді. Екіншіден, бұл фильмдер өнердің парадигмасын кеңестік кезеңнен посткеңестікке ауыстырды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің «толқынның» Кеңес Одағы ыдырағанға дейін басталғаны ерекше назар аударарлық. Үшіншіден, бұл толқын ұлт құрудың негізін қалады».

Кітаптың қосымша атауы – Цойдың «Бұдан әрі әрекет ететін – біз» деген ән жолы символикалық мәнге ие. Себебі, дәл осы жастардың кумирі ойнаған «Ине» фильмінен тәуелсіз Қазақстан киносының бастауы қаланған еді.

Кітаптың тұсаукесеріне «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бас продюсері және аты аңызға айналған «Ине» фильмінің авторы режиссер Рашид Нұғманов қатысты. Ол «Қазақ жаңа толқыны» атауының қалай пайда болғаны туралы таңғажайып оқиғаны айтып берді. Нұғманов пен оның серіктері – «Соловьев бандасы» (ВГИК-тің Сергей Соловьев шеберханасының түлектері) – сол кезде әлі танымал болмаса да, 1989 жылы Мәскеу кинофестиваліне келіп, Қазақстан фильмдерін жарнамалайтын супер-квази-экстраплакатты қолмен жасап шығарып, әлемдік халықаралық кинофестивальдердің жетекші директорлары мен продюсерлерінің назарын аудартқан.

Қазақстан фильмдерінің бұл фестивальдегі жетістігі айқын көрініп, одан кейін әлем бойынша біздің киноға деген қызығушылық пен сұраныс арта түсті. Бұл оқиға қазақ киносының бір ғана кезеңі туралы емес, сонымен қатар «Қазақ жаңа толқыны» өкілдерінің креативтілігі мен қайсарлығын көрсететін айғақ болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, кино және театр режиссері Игорь Марксұлы Гонопольский Рашид Нұғмановтың әңгімесіне үндес ойлар айтты:

«Өз жұмыстарымызда ешкім жасамаған, көрмеген, білмеген нәрселер туралы айтқымыз келді. Көзге түсу үшін бар күш-жігерімізді салдық. Бәріміз өркөкірек әрі өжет едік. Бұл біздің бәрін өзіміз ойлап тауып, жүзеге асыруымыздан көрінді. Мысалы, ерекше эпизод немесе кадр түсіргіміз келгенде, оператор Гена Попов объективті алып, оны балғамен ұрып, табиғатта жоқ объектив жасап шығарды, сол объектив арқылы бұрын-соңды болмаған бейнелер алатынбыз. Біз ойымызға келгенді экранға шығарып, неше түрлі «ерсі» идеяларды жүзеге асыратынбыз. Калмыков туралы «Бұл мен көшеге шықтым» фильмі бір деммен түсірілді, қалай түсіргеніміз әлі күнге дейін белгісіз. Қазір ондайды жасай алмас едім – не ақыл жетпес еді, не батылдық болмас еді. Сол кезеңде біз өзімізге ешқандай шектеу қоймайтынбыз».

Игорь Гонопольскийдің «Бос әңгіме» деп атаған туындылары – «Бұл мен көшеге шықтым», «Субұрқақ жанындағы көріністер», «Се ля ви», «Менің Бауыржанымды жақсы көріңіздер» және басқа да фильмдері – қазақстандық деректі киноның шедеврлері болып табылады. Игорь Марксұлының әңгімесі тек сандық дәуірге дейінгі киноның қалай қолмен, тіпті «қолдың ұшымен» жасалғаны туралы емес, сол уақыттың рухы, дәуірлердің ауысуы мен мағыналардың жаңаруы туралы болды.

Гүлнар Әбікеева бұл кезеңді ерекше деп атап, оны «Бұдан әрі әрекет ететін – біз!» ұранымен сипаттайды. Кинотанушы тәуелсіз Қазақстан киносының тарихындағы негізгі кезеңдерді таныстырып өтті.

Әрбір уақыт кезеңінде өзінің интригасы бар: мысалы, үшінші тарауда «Тарихи сананың қалыптасуы» бөлімінде «Желтоқсан сүйіктілері» (1992 ж.) фильмі туралы эсседе былай делінген:

«Фильмге тыйым салынбады, ол кезде ешкімнің киноға көңілі ауып жатқан жоқ еді, бірақ бұл картина туралы көп адам білмейді, ал оны көргендердің саны тіпті аз, себебі оның тек бір данасы ғана сақталған (лента қазіргі уақытта жоғалған – автордың ескертпесі). Дегенмен, бұл 1986 жылы Алматыда болған Қазақстан тарихындағы шешуші сәт Желтоқсан оқиғасы туралы ең жарқын, көңіл-күйі жағынан дәл және көркемдік тұрғыдан тәуелсіз ойын фильмі болды».

Белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев жастық шағында Рашид Нұғманов, Константин Салыков, Сәкен Нарымов секілді «жаңа толқын» режиссерлерінің түсірілім топтарында суретші ассистенті, оператор болып жұмыс істей отырып, үлкен мектептен өтті:

«Мен «Жаңа толқынның» атмосферасына – режиссерлер екінші, үшінші фильмдерін түсірген басқа контексте сіңіп кеттім. Бүкіл осы химия белгілі нәтижелер берді. Мен мұны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сабақтастық ретінде көремін. Бәрі бізге аспаннан түсті деп айту дұрыс емес. Барлығының өз сабақтастығы бар.

Маған «Отырардың қирауы» фильмінде суретші ассистенті ретінде жолымды бастауға мүмкіндік туды. Бұл керемет мектеп болды – кәсіби тұрғыдан да, адамгершілік қатынастар тұрғысынан да. «Қазақфильмге» келгенде бухгалтерияда «Барлық ақша «Отырардың қирауы» фильмінің түсіріліміне кетті» деген жазуды көрдік (режиссері Ардақ Әмірқұлов, 1991 жыл). «Ақша сұрау үшін Ардаққа барыңыздар» делінген.

Студия күйреу шегінде еді, көптеген жобалар тоқтап қалды, киноиндустрия қызметкерлерінің жалақы, гонорар алуға мүмкіндігі болмады. Қазіргі таңда мұндай жағдайлар күлкілі естілетін шығар, алайда бәрі шындық».

Кеңес заманында салынған павильондар қазір ескірді. Рүстем Әбдірашев Бақыт Келібаевпен бірге киностудияға коммерциялық жобаларды әкеліп, осы жобалар аясында шатырды жөндеу үшін қаражат тартуды жоспарлады, өйткені павильондарды су басып кеткен. Дегенмен, Рүстем киностудияның отыз жыл бойы мызғымай тұрғанына қуанатынын жасырмады:

«Оны ешкім тонап, бұзуға асықпады. Мұның бәрінде тек материалдық қана емес, терең, рухани аспектілер де бар. Киностудия – біздің кинематографиямыздың алдыңғы шебі, әріптестеріміз бен кейінгі ұрпақтарымыздың алтын ұясы. Бұл – өз тарихы бар, мызғымас қара шаңырақ».

«Тәуелсіздік балаларын» таныстыратын бесінші тарауда Гүлнар Әбікеева 2013-2024 жылдар аралығында Қазақстан киносының өкілдерін былай сипаттайды:

«2010 жылдары қазақ киносына жаңа режиссерлер буыны келді, біз, кинотанушылар, оларды «тәуелсіздік балалары» деп атадық – олар егемен елде ержетті, сыртқы цензурадан қорықпайды, ең бастысы, ішкі цензуралары жоқ».

Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Фархат Шәріпов, Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев және басқалары – Әбікееваның пікірінше, осы буынның ең жарқын өкілдері.

Фархат Шәріпов, «тәуелсіздік балалары» буынының режиссері, тәуелсіздік кинематографистерінің өткен жолындағы ауыр кезеңді атап өтті:

«Біздің көрермендер неге өз киномызды көрмейді?» деген сұрақтан бәрі бастау алды. Осыдан соң өз киноларымыз еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастады. Тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде, басқа да орыс тілінде сөйлейтін елдерде танымал болды. Кейін авторлық фильм ұғымы қайта оралды».

Оператор Әзиз Жамбакиев болса, «киноға әркімнің де бар таласы» демекші, бәрі кино түсіріп кеткенде нағыз мамандардың шетте қалатынын жасырмады:

«Біздің буын ең бақытты деп есептеуге де болады. Алайда сандық дәуірдің нәтижесінде киноны әркім түсіріп кетті. Осы тұрғыда мынаны айтқым келеді: біз нағыз кинематограф сезімін сезінбей қалған секілдіміз...»

Оператор өз ойын былай өрбітті:

«Осы жерге бізден бұрын жұмыс істеген кино өкілдері жиналды. Олар кино сиқырын жасай алды. Сандық процесс нәтижесінде көптеген адам кино түсіруге мүмкіндік алды, бұл жақсы да шығар. Алайда екінші тұсы бар. Менің ойымша, көркемдік сапа, киноға тән сиқыр жоғалды. Алдыңғы буын өкілдері нағыз шығармашылық адамдары. Оларды алға жетелейтін күш болды, біреуге бір нәрсе дәлелдегілері келді, бір нәрсені өзгертуге ұмтылды».

Рашид Нұғманов қазіргі режиссерлерге мынаны айтты:

«Көптеген режиссерлер кино алаңында жұмыс істеудің орнынан монитордың алдында сағаттап отыратынын байқадым. Мониторлы ұмытып, оны операторлық бөлімге қалдырсаңыздар дұрыс болар еді. Алаңда адамдармен, актерлермен, драматургиямен жұмыс істеңіздер».

Қалай дегенмен тәуелсіздік дәуірінде дүниеге келген режиссерлердің жетістіктері жоқ емес. Әбікеева бұл туралы кітабында баяндайды:

«Бұл буын өздерін танытып, «А» класты ең престижді әлемдік кинофестивальдерге қатысып, «Қазақ жаңа толқынына» берілмеген сыйлықтарды жеңіп алды. Сол буын отандық кинопрокатта үстемдік етті, қазақ киносының үлесін отыз пайызға жеткізді».

Гүлнар Әбікееваның «Тәуелсіз Қазақстан киносы» кітабының таныстырылымында ұрпақтар арасындағы нағыз диалог болды. 40 минуттық кездесудің аясында кино қызметкерлерінің қысқа баяндамаларында қазақ киносының портреті – тәуелсіз, батыл, көп қырлы, жарқын қырда танылды. Үш жоғары оқу орнының студенттері қазақстандық киноның аңыздары – режиссерлер мен операторлардан шеберлік сабақтарын алды.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также