Жақында елімізде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Ойындарда этникалық спорт түрлерімен қатар, Орталық Азия халықтарының мәдениеті де көрсетілді. Олардың ішінде шетелдік қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарын да жоғары бағалады. Ал бұл тағамдар қаншалықты пайдалы? Бұл туралы Алматы Диетологтар және нутрициологтар қауымдастығының президенті Лилия Карпусевич ой бөлісті.
Ботқа
Ботқаны теңгерімді тағам деп айтуға болады, себебі онда ет (ақуыз), күрделі көмірсулар (тары), сондай-ақ иммунитетті нығайтатын дәмдеуіштер бар.
Айранмен (әсіресе қой немесе ешкі сүтінен жасалған) бірге қолдану тағамның қоректік заттарын жақсы сіңіруге және иммунитетті нығайтуға көмектеседі.
«Тамақтанудағы ең маңызды фактор – тағам мөлшері. Ең пайдалы тағамның өзімен де шамадан тыс тамақтануға болмайды, себебі ол ас қорыту жүйесіне зиян тигізіп, соның нәтижесінде өт қабы мен ұйқы безінде тастар пайда болуы мүмкін. Сондықтан тамақтан кейін жеңіл аштық сезімі болу керек, өйткені тойыну 20 минуттан кейін келеді», – дейді сарапшы.
Сарқыт
Егер сарқытты өзіңіз жинап жатсаңыз, жеміс-жидектер мен көкөністерді, ет немесе балық тілімдерін, жаңғақтар мен кептірілген жемістерді таңдаңыз. Ал кәмпиттер мен тәттілерден бас тартқан жөн.
Мерекеде дастарханнан дәм татқыңыз келсе, аз мөлшерде (бір шай қасық жеткілікті) алып көріңіз. Қатты тамақтануға жол бермей, бірден үлкен порцияларды алмаңыз.
«Тарелкеге көкөністерді көбірек салып, аз мөлшерде ет қосқан дұрыс. Осылайша үй иесі сіздің тарелкеңіздің толық екенін көріп, қонақтың аш қалмайтынына сенімді болады, ал сізге бас тартудың немесе шамадан тыс тамақтанудың қажеті жоқ», – деп кеңес береді Карпусевич.
Құрт
Құрт – лактобактерияларға бай пробиотик. Ол иммунитетті нығайтып, ішек пен ауыз қуысындағы зиянды бактериялармен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ, оның құрамында кальций көп, бұл остеопороздың алдын алуға мүмкіндік береді.
Құрттың кемшілігі бар ма? Құрттың құрамындағы тұз мөлшері жоғары. Гипертониямен ауыратындарға оны қолданудан бас тарту керек. Кальцийдің жоғары мөлшері бүйрек пен жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Сүт қосылған шай
Шайды (басқа сусындар сияқты) тамақтан кейін немесе тамақтану кезінде ішуге болмайды. Тек су ғана ас қорытуға әсер етпейді. Басқа сусындар – шай, кофе, шырындар – ас қорыту процесін нашарлатып, тағамның сіңуін тежейді.
«Сүт қосылған шайды тамақтан кейін 30-40 минуттан соң ішкен дұрыс. Шамадан тыс тамақтанбаған жағдайда ғана аз мөлшерде шай ішуге болады. Әйтпесе, салмақ қосып қана қоймай, денсаулыққа зиян келтіруіңіз мүмкін», – дейді сарапшы.
Қымыз
Қымызды да денсаулыққа пайдалы сусын ретінде бағалауға болады. Қышқыл сүт өнімдерінің құрамында «болгар таяқшасы» деп аталатын бактерия бар. Ол ас қорыту жүйесін жақсартып, иммунитетті нығайтады, дәрумендер мен минералдардың жақсы сіңуіне ықпал етеді және ішек жұмысына оң әсер етеді. Нобель сыйлығының лауреаты, геронтологияның негізін қалаушы Илья Мечников болгар таяқшасын қартаю мен организмнің өзін-өзі улануына қарсы күрестегі негізгі құрал деп санаған.
Қуырдақ және басқа майлы ет тағамдары
Күнделікті тағамдарда қаныққан майлар көп болады. Олар дене үшін қажетті, стероидтық гормондардың (тестостерон, эстрадиол) синтезі үшін маңызды. Сондай-ақ, майлар майда еритін дәрумендердің (А, D, E, K) сіңуіне көмектеседі.
Бірақ майлар мөлшері күнделікті нормадан аспауы керек: күніне әр килограмм салмаққа 1 грамм май жеткілікті. Майлар тек майда ғана емес, сонымен қатар жарма, ет, сүт өнімдері мен жұмыртқада да болады.
«Арықтап жүрген немесе жүрек-қан тамыр ауруларынан зардап шегетін жандар майлы тамақ жемегені жөн», - дейді диетолог.
Қазақтың дәстүрлі тағамдары жалпы дені сау адамдар үшін пайдалы, бірақ созылмалы аурулары бар адамдар белгілі бір тағамдарды тұтынуды шектеуі қажет.