Қазақстандағы емдік қасиеті бар мекендер | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстандағы емдік қасиеті бар мекендер

1498
8 минут
Қазақстандағы емдік қасиеті бар мекендер
Мейіргүл Оңғарова

Біз бүгін әңгімелейтін Қазақстанның мекендері ішкі туризмді сүйетін жандардың арасында жақсы танымал. Өйткені мұндай мекендердің арасында адам жақсы энергетиканы сезінеді. Сол үшін де адамдар бұл жерлерге күнделікті күйбең тірліктен демалуға жиі барады. Дертіне дауа іздеп сеніммен келетіндердің де қарасы көп. Өйткені халық арасында таралған әңгімеге сенсек, бұл жерлердің әлдебір тылсым күші бар.

Шақпақ ата жер асты мешіті

Осынау таңғажайып сәулет ескерткіші Маңғыстау облысында орналасқан Түп Қараған жарты аралының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Шиліқұдық шатқалында жатыр.

Өлкетанушылардың сөзінше, бұл мешіт бір кездері кәдімгі үңгір болған, онда палеолит дәуірінде адамдар өмір сүрген. Бір кездері үңгірдің қабырғаларына сурет те салынған. Ислам діні таралған уақытта үңгір кеңейтіліп, қабырғаларына жазулар мен белгілер бейнеленген. Соның ішінде сопы өлеңінің арқасында мешіттің қай уақытта пайда болғаны анықталды. Қазақстандық ғалым Алан Медеуовтың пікірінше, Шақпақ атаның қазіргі келбеті 9-10 ғасырларда салынған.


Мешіттің атауы да аңызға толы. Ежелгі заманда бұл жерде алып батыр өмір сүрген екен. Оның аты Шақпақ ата болған, ол қартайған шағында да өз күшін жоғалтпаған. Тағы бір аңызға сүйенсек, Шақпақ ата емші болған. Оған елдің түкпір-түкпірінен адамдар дерттеріне дауа іздеп келген. Арада ғасырлар өтсе де адамдар сеніммен осы жерге келеді. Кейбіреулер Шақпақ атаның рухы өздеріне көмектеседі деп сенеді.

Қазығұрт

«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деген өлең жолдары арналған кеме Шымкенттің оңтүстігінен 20 шақырым жерде орналасқан. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте. Таудың өзі аласа болса да, қазақ үшін маңызы әлдеқайда зор. Аңыз бойынша, Қазығұртта Нұх пайғамбардың кемесі қалған.

Бір кездері Қазығұрт жер бетіндегі барлық таудан биік болған. Дүние жүзін топан су басып, су тартылған уақытта Нұх кемесі Қазығұртқа тоқтайды. Кеменің пішіні, көлемі Ескі Өсиетте жазылған Нұх пайғамбардың кемесімен дәлме-дәл келеді.


Кей ғалымдардың сөзінше, тау Заратуштра пайғамбармен тікелей байланысты. Қазығұртты энергетикалық өрістің сегіз қақпасы қоршап тұр деседі. Кемеге көтерілген сайын адам бірінен-біріне өтіп, рухани сынаққа тап болады. Жоғары көтерілген сайын жол да қиындай береді.

Қазығұрт тауының етегінде «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деген жер бар. Тастың биіктігі 4 метр, ұзындығы 10 метр.

Екі тастың ортасында өте кішкентай өтпелі жол бар. Ол екі тастың ортасындағы саңылаудан тек ниеті таза адамдар ғана өте алады екен.

Серафим-Феогност Ақсай скиті

Бұл мекен тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы бірегей орын болып саналады. Алматыдан бір сағаттық жердегі Ақсай шатқалында орналасқан скит –  Іле Алатауы Ұлттық паркінің бір бөлігі. Мекеннің тарихы Мохнатка тауына бас сауғалап қашуға мәжбүр болған бес монахтан басталады. Кейін олар Ақсай шатқалына көшіп барады, аңызға сәйкес, Құдайдың өзі монастыр салуға орынды белгілеп берген екен. Ол қуғын-сүргін уақытында қаза тапқан басқа да монахтар қайтыс болған орында тұр, бұл жерде 1921 жылы өлтірілген Серафим мен Феогносттың мазарлары бар. 1922 жылы монастыр жабылып, бірнеше жыл бойы өзгеріссіз тұрған. 1993 жылы қайтадан монахтарды қабылдап бастаған.


Монахтар түнеу  үшін Қызылжар тауына тоқтағанда, таудың төбесінен жарық сәулені көрген. Таң ата осы жерге скит салуды жөн көрген. Қаладан қашық болса да, бұл жерге діндар адамдар жиі келеді.

Бұл жерге келіп құлшылық жасаған адамның жан-дүниесі тыныштық тауып, рухани тұрғыда өрлей бастайды деген түсінік бар.

Арыстан-Баб кесенесі

Осынау сәулет ескерткіші Шымкенттен 150 шақырым жердегі Түркістан облысында орналасқан. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан-Баб аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған. Ол 12-ғасырда дүниеден озған соң кесене тұрғызылған. Кесене бірнеше мәрте бұзылып қайта жасалды. Қазіргі келбеті 1971 жылы салынған.


Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған.

Мазардың тағы бір қайталанбас ерекшелігі – мұнда қасиетті Құран кәрімнің ежелгі қолжазбасы тұр. Адамдар осында келіп түнейді, тілектерін айтады. Емдік қасиеті бар деп саналатын Арыстан-Баб құдығынан су ішіп, дерттеріне дауа іздейді. Сол суды ішіп, бөтелкеге құйып әкеткен жандар арасында таңғажайып оқиғаларға тап болғандары көп. Халық арасында таралған әңгімеге сүйенсек, қасиетті жердің құдығынан суішіп ауруынан құлан-таза айыққандар бар.

Қаратаудағы үш ғибадатхана

Жамбыл облысы Қаратау қаласында орналасқан шағын ғибадатхана 1989 жылы пайда болған. Ұлы Василий, Иоанн Златоуст және Григорий Богослов атты үш діндардың құрметіне пайда болған ғибадатхана қарапайым бір қабатты үйде орналасқан.

Жойқын дауыл болғанда Қаратаудағы үйлер қирап, ағаштар құлаған, ал ғибадатхана сол күйінде бұзылмай аман қалған.

news6098.jpg

Алайда көптің көңілін аударған жайт ол емес. Бұл жерде аса сирек кездесетін Христостың иконасы бар. Оны суретші Виктор Исаев 1999 жылы салған.  Бұл икона дертке дауа деген түсінік бар. Өйткені алғаш рет иконаның бетінде 2000 жылы көз жасы пайда болған. Сол уақытта 9 жастағы соқыр қыз иконаға құлшылық жасағанда соқырлығынан құлан-таза айыққан деген әңгімеден кейін мұнда келушілер қатары көбейді. 2017 жылы православиелердің мерекесі қарсаңында икона екінші мәрте жылаған. Яғни сурет бетінде тамшылар пайда болған деседі. Икона бүйрегі ауыратын, тері аурулары бар адамдарды, есірткі мен ащы суға тәуелді жандарды емдейді деген сенім бар.

Сары-Арқа

Орталық Қазақстан аумағының екінші аты – Сары-Арқа. Бұл жердегі 88 сәулет ескерткіші мемлекет қорғауына алынды. Олардың ішінде Ақтасты мен Қылыш қорғандары, Дермен мен Доңғал қорымдары, Айдарғалы үңгірі және басқа да жәдігерлер бар.

news6099.jpg

Сары-Арқа жазық жер болса да, мұнда тау да тұр. Олардың ішінде ең биігі – Ақсорған. Тұнық өзен мен мөлдір көл де осында. Тарихы терең тылсым мекен Бектау-Атаның пайда болғаны туралы аңыз көп. Бірде Бектау-Ата қуғыншылардан бас сауғалап, осы таудың ең үлкен үңгіріне тығылыпты. Сол кезде Құдайдың өзі әулие қарияға үңгірдің ең түкпірінде тұщы су көзін ашыпты-мыс. Жау қаншама іздесе де, бұл үңгірді таба алмапты, өйткені ол таудың етегінде емес, биік жартасында екен. Бұл жер халық үшін қасиетті болып саналады, суының емдік қасиеті бар делінеді.

Источник -  globalnews.kz

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также