Биылғы жылдың 14 мамырынан бастап "Indigo" әуе компаниясы Астана – Дели бағыты бойынша жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Рейстер A-320/321 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рет жиілікпен орындалады, деп хабарлайды КЖА Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қазақстан мен Үндістан астаналары арасында тікелей рейстің ашылуы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, бұған дейін хабарланғандай, "Эйр Астана" қазақстандық әуе компаниясы осы жылдың 20 сәуірінен бастап "Airbus" үлгісіндегі әуе кемесінде аптасына 3 рет жиілікпен Алматы – Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашады.
"Жалпы, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде елдер арасындағы жолаушылар рейстерінің 5 әуе бағыты бойынша аптасына 24 рейске дейін ұлғаюы күтілуде", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тұрақты әуе қатынасы Алматы – Дели ("Эйр Астана" - аптасына 7 рейс, "IndiGo" - аптасына 7 рейс), Алматы – Гоа (SCAT – 2), Астана – Гоа (FlyArystan – 2) бағыттары бойынша орындалады.
Сурет ашық дереккөзден алынды