Дубай шоколадының феномені: ақиқат па, алдамшы ма? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Дубай шоколадының феномені: ақиқат па, алдамшы ма?

15
6 минут
Дубай шоколадының феномені: ақиқат па, алдамшы ма?
Бүкіл әлем тамсанып жеп, таңдай қағатын, қажет болса, қалтасындағы соңғы тиынын қағып беруге даяр Дубай шоколадының феномені неде? Ішінде жасыл түсті фисташка пастасы бар тәттінің құдіреті қандай? Ақиқат па, аңыз ба?

Біз үңіліп көрдік.

Дубай шоколады 2024 жылдың тренді деуге болады. Өйткені бұл шоколад жегенде дәмді, аузыға салғанда қытырлауымен ерекше.

Тәттіні дүниеге алып келген британ-египет тегінен шыққан Fix кондитерлік үйінің негізін қалаушы Сара Хамуда есімді аспаз әрі кәсіпкер. Бай-бағландар дәл осы шоколадтың дәмін көру үшін арнайы БАӘ еліне ұшып баратын көрінеді.

Дубай шоколадының танымал болып кеткені соншалықты, Сара Хамуда оны дайындап та үлгермейді екен. Аталған десерт 2024 жылдың ақпанында трендке айналып, содан бері Сара 10 адамды жұмысқа алған. Күніне 500-ден астам тапсырыс қабылдап, қазіргі таңда халықаралық нарыққа шығуды да ойластырып жүрген көрінеді.

Қазіргі таңда Дубай шоколады Біріккен Араб Әмірлігінің мақтанышына айналған. Әрі аталған елдің атын шығарғаны жасырын емес.

Десерт қалай танылды?

Дубай шоколады ғаламтор кеңістігіне біраз уақыт бұрын шыққан болатын. Инфлюенсер Мария Вехера қысқа видео түсіріп, онда төртбұрышты шоколадты тамсана жеген. Аз уақыт ішінде бұл видео 80 миллион көрілімге ие болып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Адамдар жаппай бұл тәттінің не екенін іздеп бастаған.

Құны қанша?

Fix деген жазуы бар дубай шоколадының шын түрі де, жалған түрі де қазіргі күнде қаптап жүр. Нағыз Дубай шоколады тек Араб Әмірлігінде ғана сатылады. Оның себебі өзге елдерге жеткізу қызметі қарастырыла қойған жоқ. Теңгемен шаққанда бір түйірі 25 мың теңгеден басталатын шоколадты сататын дүкендер де шаш етектен. Алайда сонау Дубайдан шығатын шоколадтың шын дәмін білмейтін жандар оның көшірмелеріне алданып та қалып жатқаны жасырын емес. Дубай шоколадының жасалу жолын біліп алған жандар қайталап жасап сатып жүр. Оның құрамы Кока-Коланың құрамы сияқты құпия емес.

Қолыңызда 450 грамм қоңыр түсті шоколад, 45 грамм сары май, 150 грамм катаиф қамыры мен 1 ас қасық тахини және 60 грамм фисташкалы паста болса, Дубай шоколадын өзіңіз-ақ үйден дайындай аласыз. Үйде жасалған шоколадтың дәмі Дубайдан шығатын шоколадтан аса ерекшеленбейді. Бастысы рецептін дәл сақтап, қайталап жасасаңыз болғаны.

Дубай шоколады пайдалы ма, зиян ба?

Эндокринологтар Дубай шоколадының зиянын тізбектеп берді. Құрамында калориясы көп өнімдер болғандықтан, аталған шоколад жүрек-қан тамыр ауруларын, семіздікті, диабетті, аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.

Диетолог дәрігер Жанна Назарованың сөзінше, Дубай шоколадының бойында анау айтқандай құнар жоқ.

«Шоколадтың құрамында қант, май және рафинацияланған бидай тестесінің үйлесімі болғандықтан, оның калориясы жоғары, бұл салмақ қосуға ықпал етеді. Шоколад ойлап табылған Араб Әмірлігінде семіздікке шалдыққан жандар көп, бұл осындай өнімдерді тұтынудың денсаулыққа теріс әсерін көрсетеді», - деді маман. Дәрігердің сөзінше, Дубай шоколадының қымбат тұруы – жақсы жасалған маркетингтік әдістің әсерінен болуы мүмкін.

Маркетологияның құдіреті

Маркетолог Арман Жақсылықтың пікірінше, шоколадтың 25 мың теңгеге бағалануы халықтың жаппай қызығушылығын тудырады. Бұл аталған шоколадтың дәмі өзгеше болғандығынан емес, дейді маман.

«Қазіргі таңда бәрі өзгеше, ерекше заттарға қызығады. Ең бірінші фактор – дефицит болуынан. Дубай шоколады Дубайдағы тек бір жерде ғана шығады, басқалары көшірме. Тауардың дефицит болуы бәріне қызық. Екіншіден – бағасының қымбат болуы. Әдетте адамдар қымбат зат алсам, соған лайықтымын деп ойлайды. Бағаны өсіру арқылы оған деген қажеттілікті арттырып отыр. Үшіншіден, желідегі контент. Дубай шоколадын жеп түсірген трендтер біраз қаралым жинайды, сондықтан бәрі шоколадты жеп көруге асығады. Шын мәнінде Дубай шоколадының еш ерекшелігі жоқ, біздің Қазақстан шоколадының дәміне жетпейді (күлді, - ред.)», - дейді маман.

Дубай шоколады маңайында дау-дамай көп

Астанада Дубай шоколадын сатамын деп жұрттың ақшасын жинап алып, із-түссіз жоғалған алаяқтар ұсталды. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтар тәттіні нарықтағы бағадан арзанға ұсынып, әлеуметтік желі арқылы жарнамалаған. Полицияға арызданған азамат бір шоколадты 15 мың теңгеге сатып алмақшы болған. Алайда, ақшаны банк картасына аударған соң, алаяқтар ізін жасырған. Құқық қорғау органы осы іс бойынша 2 адамды қолға түсірді. Олар өз кінәсін мойындаған. Қазір өзге де жәбірленушілердің бар-жоғы анықталып жатыр.

Ал Ресейде Дубай шоколадын жеймін деп Квинке ісігіне ұшыраған қыздың оқиғасы жұрттың жағасын ұстатты. Сәнге айналған шоколадты 5 мың рубльге (25 мың теңге) сатып алған қыз ажал апанына бір барып қайтқан.

Дубай шоколадын бір рет тістеген қыздың ауыз қуысы қышынып бастаған, алайда қыз оған мән бермепті. Аз уақыт өткен соң қыз тұншығып, жөтелген, кейін денесін бөртпе басып кетіпті. Көзі ісіп, есінен танып қалған. Абырой болғанда, қыздың жанында әпкесі болған. Ол бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер тез жетіп, антигистамин препаратын салып үлгерген. Содан кейін барып қыз өз-өзіне келе бастаған. Десерттің құрамындағы фисташка пастасы шын мәнінде өте аллергенді. Сондықтан аллергияға бейім жандар Дубай шоколадын татып көрмес бұрын ойланғандары абзал.
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также