Тыйым салынған заттар саудасының ең танымал платформасы – Telegram мессенджері. Алайда, соңғы жылдары есірткі сатушылар жасырын әрекет етуін тоқтатып, жұмыс іздейтін ең танымал порталдарында бос жұмыс орындарын орналастыра бастаған секілді.
Оқу жылының басталуымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың көп бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланатыны белгілі. Көптеген студенттер оқумен қатар алып жүре алатын жұмыс іздейді. Осы сәтте олар танымал жұмыс іздеу сайттарындағы бекітілмеген бос жұмыс кестесімен және жоғары табыспен арбайтын "Әкімші", "Оператор", "Курьер" немесе "Тәттілерді қаптаушы" вакансияларына тап болады. Әрине, сайттарда аталған жұмыстар үшін оншақты жылға бас бостандығынан айырылу қаупі туралы айтылмайтыны анық.
Эксперимент ретінде біз айына 400-450 мың теңге жалақысы бар курьердің вакансиясына үн қаттық. Шарттарына сәйкес, жұмыс уақыты күніне 3-4 сағат қана. Диалогта бізге есірткі саудасымен айналысатын Telegram арнасына сілтеме жіберді, оның бетінде "Курьер іздейміз" деп жазылған.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – жауапкершілік, жұмыстың тазалығы және шағын кепіл қалдыру мүмкіндігі, автокөліктің бар-жоғы да сұралады. Оператор бірден жауап беріп, бұл жұмыстың "скорость", "меф" және "соль", яғни синтетикалық есірткілерді таратумен байланысты екенін еш қорқынышсыз хабарлады. Бір күндік жоспар – бірнеше ондаған "закладка" жасыру, бірақ жұмысты бастау үшін оқытудан өтіп, кепіл қалдыруды ұсынады. Олар есірткі жеткізудің байланыссыз және арнайы адамның басқаруымен өтетінін айтып, қауіп жоқ екеніне сендіреді.
Цифрландыру, мессенджерлердің дамуы, әлеуметтік желілердегі жабық топтар, алдамшы сайттар – осының арқасында бүгінде есірткіні сату бұрынғы "қолдан қолға" схемасынан электронды клиенттік базалары бар үлкен желілерге дейін өзгерді. Есірткі таратушылармен тікелей байланыс болмайды. Бұл оларды анықтауды айтарлықтай қиындатады.
Екінші үлкен фактор – заңнаманың синтетикалық есірткілердің үнемі өзгеріп отыратын формулаларына ілесе алмауы. Тыйым салынған заттардың тізілімі бар, ол үнемі жаңа формулалармен толықтырылып тұрады. Бірақ, іс жүзінде синтетикалық препараттардың құрамы оларды тіркеп үлгермей жатып, жылдам өзгеріп отырады. Бір есірткінің ондаған нұсқалары бір ғана компоненттің ауысуына байланысты ресми түрде тыйым салынған зат болып саналмай қалады.
Көбінесе "закладчиктер" тауарды жасыру кезінде қолға түседі. Интернетте тапа-тал түсте адамдар көп шоғырланған жерлерде есірткі жасырып немесе іздеп жүргендердің фото мен видеолары көп.
Есірткі саудасында қолданылатын кең тараған тәсілдердің тағы бір түрі – ғимарат қабырғасындағы, бағаналардағы жазулар. Тыйым салынған заттар саудасымен айналысатын Telegram арналарына сілтемелерді әр жерден кездестіруге болады.
Мемлекет бұл індетпен қалай күреспек?
Президент 2022 жылғы Жолдауында есірткі бизнесімен қатаң күресу қажеттілігі туралы айтып өтті, себебі айналымнан шығарылған синтетикалық есірткілердің көлемі соңғы үш жылда 10 есе өскен. Сондай-ақ 2020 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне "Есірткіні жарнамалау және насихаттау үшін" үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін жаңа бап енгізілді.
Негізі, Қазақстанда синтетикалық есірткіге 2006-2007 жылдары тыйым салынды, бірақ бұл олардың көбеюіне кедергі болмады. Бүгінгі таңда наркологтар мұндай препараттардың 1500 түрін анықтап отыр. Ең сорақысы, бұл кесапатқа душар болатындардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Қазақстанда есірткіге тәуелді адамның типтік жасы – 14-28 жас деп аталады. Жеңіл ақша мен дозаға қол жеткізу үшін тәуелді адам есірткіні өзі сата бастайтын жағдайлар жиі кездеседі. Белгілі болғандай, мұндай жұмысты табу да қиын емес, интернетке кіру жеткілікті.
Нашақорлықтың алдын алу бағдарламасы шеңберінде оқу орындарындағы жалпы медициналық тексеру кезінде жоспардан тыс есірткіге тәуелділік бойынша тексерулер жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы жақында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов мәлімдеді.
"Скринингті мектеп оқушылары арасында өткізу жоспарлануда, бұл тармақ нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізілген, мерзімі — 2024 жылдың бірінші жартысы. Бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан пысықтау қажет, өйткені біз оқушылар туралы айтып отырмыз. 2012 жылы мектеп оқушыларын тестілеу мәселесі көтерілген кезде көптеген ата-аналар қарсы болды. Қазір ата-аналардың көпшілігі бастаманы қолдайды және балаларды тексергісі келеді, әйтпесе есірткіні тұтынуды бақылау мүмкін емес. Психологпен бірге ассист-тест өткізу жоспарлануда. 2024 жылы бұл үшін заңнамалық негіз дайын болады", – деп түсіндірді Бақытжан Әмірханов.Energyprom.kz мониторинг агенттігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы есірткі сату, сатып алу және сақтауға байланысты оқиғалардың ең көбі Алматыда тіркелген – 184 жағдай, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жылдық өсім 53,3% құрады. Сондай-ақ Астанада – 101, Қостанай облысында – 94, Жамбыл облысында – 81, Солтүстік Қазақстан облысында – 78 жағдай тіркелген.
Алайда, бұл тек тіркелген жағдайлар ғана, расында мәселенің бұдан әлдеқайда сорақы екені анық. Биылғы маусым айында ҚР Бас прокуратурасында ҮЕҰ, құқық қорғау органдары және арнайы мемлекеттік органдарының қатысуымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті.
"Ресми статистикаға сәйкес, елде жалпы 18,3 мың есірткіге тәуелді адам бар. 2022 жылы дозаны мөлшерден тыс қабылдаудан 87 адам қайтыс болды.
Бұл сандар шындыққа жанаспайды. ДДСҰ ұсынымдарына сүйенсек, Қазақстанда нашақорлар саны 150 мың адамға жетуі мүмкін.
Жастар кемелденген шағында цирроздан, жедел жүрек ұстамасынан, суицидтен қайтыс болуда, бірақ, барлық жағдайларда есірткі қолданумен себеп-салдық байланыс орнатылмайды. Тағы бір мәселе – синтетиканың қолжетімділігі.
Негізінен шетелден басқарылатын есірткі трафигінің қолданыстағы моделі үшін "закладчик" ретінде біздің жетілмеген жастар тартылады", – деді Бас прокуратура департаментінің бастығы Әлжан Нұрбеков өз баяндамасында.Қазір кез келген 12 жастағы оқушы затты Телеграм арнасы арқылы сатып ала алады.
Нәтижесінде мемлекеттік шекарада прекурсорларды әкелуге тыйым салу, есірткі сатушылардың бизнесті ілгерілету үшін пайдаланатын онлайн-платформалар қызметін реттеу, нашақорлар үшін жеке оңалту орталықтары қызметінің бірыңғай стандартын әзірлеу, жастармен және олардың ата-аналарымен алдын алу шараларын жандандыру қажеттігі туралы хабарланып, басқа да бастамалар айтылды. Аталған міндеттерді іске асыруға мемлекеттік органдардан бөлек, ҮЕҰ өкілдері кіретін жұмыс тобы жұмылдырылады.
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз айналымға, сатуға, сақтауға, дайындауға, өсіруге, өңдеуге, сатып алуға байланысты қылмыстар 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Есірткіні қолдану немесе сату белгілері байқалмайынша, проблеманы анықтауға тек отбасы ішіндегі сенімді қарым-қатынас көмектесе алатынын есте ұстаған жөн.
Тегін психологиялық қолдау, қиын жағдайда көмек және нашақорлықты емдеу сұрақтары бойынша мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады:
• "Есірткісіз Қазақстан" Қоғамдық қоры – 270-81-74;
• Анонимді нашақорлар қоғамдастығы – 8 777 724-74-01;
• Қазақстанның "Қызыл Жарты Ай" ұйымы – 3580;
• Психикалық денсаулық орталығы – 376-56-60, 8 708 983-28-63.
Источник - zakon.kz