Балалар күзгі демалысқа шықты, ата-ана жұмыста, бала үйде. Баланың іші пыспас үшін не істеу керек? Таңнан кешке дейін гаджет қарап, теледидар көріп уақыт өткізген дамушы балаға қандай тапсырма беруге болады? Біз үңіліп көрдік.
Мектеп жылдары әр адам үшін маңызды. Кей балалар мектепте қиналып оқиды, сондықтан бала үшін ата-ананың қолдауы аса маңызды.
Биыл, 2024 жылы 28 қазаннан 3 қарашаға дейін жалғасатын демалыста бала үшін қызықты болатын көптеген істерді ойластыруға болады.
1. Шеберлік сыныптары
Бала бұрын істеп көрмеген ісін үйренгені абзал. Тек ойын алаңдарында ғана емес, гүл дүкендерінде, тамақтану орындарында әртүрлі өмірге қажетті қабілеттер үйренуге болады. Қолөнер, өнертабыс, аспаздық сияқты салаларды байқап көрсе артық болмас. Өз қолымен жұмыс істеген бала ұсақ моториканы дамытады.
2. Коллаж жасау
Балаға әртүрлі жапсырма қағаздарын әкеліп беріп, қуантсаңыз болады. Сонымен бірге құрастырғыштар балаға жақсы ермек. Оның қалай құрастырғанына мән беріңіз, кешкі шай үстінде қалай құрастырғанын ортақ талқыға салыңыз. Бұл балаға ынта, шабыт берері сөзсіз.
3. Жапырақтардан лабиринт жасау
Демалыс күндері балаңызбен бірге далаға шығып, ағаштардан сарғайып түсіп жатқан жапырақтарды құрастырып, лабиринт жасаңыз. Бұл баланың есінде тәтті естелік ретінде сақталатын болады. Жапырақты оңды-солды шашып, онымен ұзақ ойнау арқылы бала көңілденіп, уақытын қызықты да пайдалы өткізеді.
4. Фотосессия
Дәл қазір – ең әдемі шақ. Сап-сары жапырақтар, алтын күз – фотосессия жасауға таптырмас кезең. Фотограф шақырып шығындалмай-ақ қолыңыздағы телефонның көмегімен күзгі киімдеріңізді киіп шығып далада фотосессия ұйымдастыра аласыз. Осы шараға дайындалудың өзі баланың көңілін көтеріп, жақсы атмосфера сыйлайды.
5. Бірге тамақ дайындау
Күн салқындаған кезде үйдегі ыстық тамақ ырыс пен берекенің белгісі сияқты. Бала екеуіңіз бірге жасайтын тамақтың рецепті оңай әрі қарапайым болуы тиіс. Бұл шаруаға қатысқан бала өзін маңызды сезінеді.
6. Отбасы болып отырып кино қарау
Баламен бірге отырып көретін фильмнің мағынасы болуы тиіс. Кино біткен соң оқиға желісін бала екеуіңіз бірге талқыға салсаңыз, бұл балаңңыздың қиялын дамытары сөзсіз.
7. Сән көрсетілімі
Балаңыздың барлық киімін шығарып қойып, әр киімді бір-бірімен үйлестіріп кигізіңіз. Сәнқой қыздар (ұлдар) секілді әрі-бері жүргізіп көріңіз.
8. Саяхат
Ал жұмыстан демалған күндері балаңызды алып кішігірім саяхатқа кетіп қалғаныңыз жөн. Көрші қалаға бір күнге барып қайтсаңыз болады, сол қаланың ең сәнді жерлерін аралап келесіздер. Бала жаңа қаланы көріп, көкжиегі кеңейеді, жаңа қалада өзін қалай ұстау керектігін үйренеді, көптеген әсер алып қайтатын болады.
9. Музей мен театрға бару
Бұл әлбетте демалыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Бала әртүрлі музейлерді жастайынан аралап көруі керек, сол кезде оның талғамы артып, әр заттың тарихын білуге ұмтылатын болады, білім қорын кеңейтіп, есейгенде барлық саладан хабары бар білімді жанға айналады.
10. Бірге құстарға тамақ беру
Көшеге шығарда көгершіндерге беретін тамағыңызды бірге салып алыңыз. Құстар көп ұшатын саябаққа жеткенде балаға тамақты беріп, оның құстарды тамақтандырғанын қадағалаңыз. Бұл балаға ерекше әсер сыйлайтын болады. Бала жастайынан жануарларды, құстарды шын жүрегімен жақсы көреді, оларға қамқор болғысы келеді. Құстарды тамақтандыру арқылы өзгеге қамқор болуды, жақсылық жасауды үйренеді.
Біздің тізім – осы. Сіз не қосар едіңіз?