"Бір баланы мектепке жіберу – 100 мың теңге". Мемлекеттен қосымша қандай көмек алуға болады? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

"Бір баланы мектепке жіберу – 100 мың теңге". Мемлекеттен қосымша қандай көмек алуға болады?

684
5 минут
"Бір баланы мектепке жіберу – 100 мың теңге". Мемлекеттен қосымша қандай көмек алуға болады?
Мейргуль Унгарова

Орта есеппен бір баланы сабаққа жинау үшін 100 мың теңге қаражат қажет. Алайда барлық ата-ананың қалтасы бұндай қаржыны көтере бермейді. 
                                                        
Өзге өңірлердей Алматы да жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Әкімшіліктің мәліметінше, 2023 жылы оңтүстік астананың мектептеріне 25 000 бала 1 сыныпқа қабылданады. 

Ranking.kz сайтының зерттеуіне сүйенсек, бір баланы мектепке жіберу үшін 100 000 теңге ақша кетеді. Бюджеттің ішіне кеңсе тауарлары, Оқу-ағарту министрлігінің стандарттарына жауап беретін мектеп формасы және спорттық үлгідегі киім, спорттық және күнделікті киетін аяқ киім кіреді. Ұл мен қызға кететін шығын бірдей деуге болады. Оның ішіне мұғалімге арналған гүл, маусымдық аяқ киім, сыртқы киім, сондай-ақ мектеп қорына өткізетін қаражат, сыныптастармен бірге театр, цирк, киноға баруға төленетін ақша кіреді. 

Зерттеуде балаларға арналған тауарлардың бағасы өсіп жатқаны айтылады. Мысалы, осы жылдың мамыр айында балаларға арналған киімнің инфляциялық көрсеткіші 118,7 пайызды, аяқ киім көрсеткіші 120,1 пайызды, кеңсе тауарлары көрсеткіші 167,5 пайызды құраған. Алайда бағаның өсуі маусымдық емес, тек жалпы инфляцияны анықтайды. 
100 000 теңгеге бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы жариялаған есепке сүйенсек, төрт және одан көп баласы бар 19% отбасы жанұяның әр мүшесі үшін ай сайын 40 000 теңге жұмсайды. 47,9% отбасы 40 000 – 60 000 теңге аралығында қаражат жұмсаса, тек 4,2% отбасы ғана жанұяның әр мүшесіне 100 000 теңге төлеуге қауқарлы. 

Мемлекет аз қамтылған отбасыларға "Всеобуч" қоры арқылы көмектеседі. Осының аясында материалдық көмек әлеуметтік көмек алып отырған отбасының балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға көрсетіледі. Осы жылы бір балаға кететін қаражат көлемі 40 567 теңге болып бекітілді. 

"Ата-анаға қаражат балаларына өздері мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын алуы үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата- аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және сапасыз тауарлардың берілуін болдырмайды", – деді бала құқығын қорғау Комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан. 

Мемлекеттен бөлек отбасыларға қайырымдылық ұйымдары қол ұшын созады. Мысалы, Алматы қаласындағы Никольский шіркеуінің жанында "Милосердие" тобы бар. Аталған топ бірнеше жылдан бері оқушыларға көмектесіп келеді. 

"Жыл бойы көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмектесетін бірнеше акция ұйымдастырамыз. Баланы мектепке жинау да осы акцияның бірі. Кеңсе тауарларын, мектеп формасын, аяқ киімді, мүмкіндік жетсе сөмке де сатып алып береміз. Одан бөлек, "Алтын күз" деген акциямыз да бар. Қазан айында жаңа жылға дейін жеміс-жидек алып береміз, кейін "Мейірімді қыс" акциясы басталады, ол кезде балаларға жылы киімдер әпереміз", – дейді "Милосердие" қорының өкілі Галина Зубкова. 

Қайырымдылық қорлары мен демеушілер қаржылай да, заттай да көмек береді. 

"Жылдан-жылға отбасы саны өсіп жатыр. Көмек 0-11 сынып балаларына, студенттерге көрсетіледі. Жинақтың құрамына ең қажетті затар кіреді, мектеп формасын балаға кигізіп барып береміз. Осы жылы 150 адамға кеңсе тауарын алып бермек болғанбыз, көтерме бағамен беретін адам тауып, тауарларды жеңілдікпен алдық, осының нәтижесінде 200 жинақ сатып алдық. Әр жылы әртүрлі, біз Құдайдың көмегімен көп отбасыға көмек береміз деп сенеміз", – дейді жобаның кураторы Зубкова Галина.

Балаларды сабаққа жинауға көмек беретін қайырымдылық жобалардың ішіннде "Garyshker" жобасының "BackpackKIT" акциясы көзге түсті. 

"2022 жылы біз 400 балаға ішінде мектепке арналған барлық құрал-жабдығы бар рюкзак сыйладық. Көбіне Алматы облысы мен оның шет жағындағы қиын жағдайда қалған отбасыларға көмектесуге тырыстық. Сондай-ақ 200 рюкзакты Қазақстан бойынша таратып бердік", – дейді еріктілер тобының кураторы Рамазан Байділдаев. 

Жинақ оқу жылы басталмастан бірнеше ай бұрын басталады. Еріктілер өз қолдарымен әр рюкзакты жинайды. Дайын болғанда бірінші сыныпқа баратын баланың өз қолына беріледі. Осы жылы қайырымдылық жобасы Алматы мен Қарағанды мектептеріне баратын 500 балаға көмектесті. 
"Всеобуч" бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек алу үшін Egov.kz порталы арқылы өтініш жолдауға болады. Қайырымдылық жобаларымен әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы байланысуға болады. 

Источник -  informburo.kz
  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также