Баланы дұрыс тамақтануға қалай үйретеміз – маман жауабы | Агентство православных новостей (АПН)

Баланы дұрыс тамақтануға қалай үйретеміз – маман жауабы

387
8 минут
Баланы дұрыс тамақтануға қалай үйретеміз – маман жауабы
Айгерим Тарина

Бала кезінде дұрыс тамақтанбаған адам ересек өмірде түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Жалпы тәжірибелік дәрігер, гастроэнтеролог Арайлым Малданова дұрыс тамақтанбаудың қандай ауруға әкеліп соқтыратынын айтты.

Тамақты аз жеу, теледидар мен гаджет қарап отырып тамақтану, фастфудтар жеу балалардың әдетіне айналған.

"Дұрыс тамақтанбаудың салдары балалық шақта да, ересек өмірде де пайда болуы мүмкін. Балалық шақта ақуыздың, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі баланың дамуы мен өсуіне кедергі жасайды, иммунитетті түсіріп, ішкі ағзалардың жұмысын нашарлатады. Ересек өмірде дұрыс тамақтанбаудың салдары семіздікке, қант диабетіне, асқазан-ішек жолдарының түрлі ауруларына әкеледі. Жүректің ишемиялық аурулары, инсульт, атеросклероз бен гипертонияны қоздырады", - деді дәрігер.
2019 жылы тұрғындардың денсаулығы туралы жүргізілген сауалнама бойынша Қазақстанда 5-17 жас аралығындағы балалардың 26%-ы семіздікке шалдыққан. Бұл – дұрыс тамақтанбау мәселесі елімізде бар деген сөз, сондықтан ата-аналар, медицина қызметкерлері мен мемлекеттік құрылымдар бұл мәселеге алаңдаушылық танытулары керек.

Дұрыс тамақтанбаудың салдары қандай болуы мүмкін?

Көмірсулардың көп болуы: тәттілер, кәмпиттер, печенье, фастфудтар қандағы қант мөлшерін тез көтереді, ұйқы безінің жұмысын бұзып, қант диабеті мен семіздік тудыруы мүмкін.

Майлардың көп болуы: чипсы, тәтті нан мен пицца қандағы холестерин мөлшерін көбейтеді, атеросклероз бен жүрек-қан тамыр ауруларын туғызуы мүмкін.

Тұздың көп болуы: чипсылар, снекилер, консервіленген азық-түлік, жартылай өңделген фабрикаттар ағзадағы сұйықтықты көбейтіп, артериалдық қысымды көтереді, ісінуге әкеп соқтырады.

Баланы пайдалы тағам жеуге қалай үйретуге болады?

Бала дұрыс тамақтануы үшін оны кішкентай кезінен-ақ үйрету керек. Бұл бағыттағы тәрбие үйде де, мектеп тарапынан да жүргізілуі тиіс.

"Баланың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету үшін ата-ана мен мектеп бір-бірімен өзара әрекет жасауы тиіс. Ата-ана үйде баласын дұрыс тамақтануға үйретуі керек, өзі де салауатты өмір салтын ұстанып, балаға үлгі бола білуі тиіс. Мектеп асханасында зиянсыз тағам тұруын, салауатты өмір салтын дамытып, физикалық белсенділікті қамтамасыз ететін бағдарлама жасалуын қадағалауы керек", - дейді Малданова.
Десек те, дұрыс тамақтану үрдісін қалыптастыратын басты адам – ата-ана. Күн сайын ересек адамдар үстелге қоятын тамақ арқылы баланың тамақтану әдеті қалыптасады.
"Бала жасына сай тамақ ішеді. 1-3 жас аралығында бала әдетте үш түрлі тамақ жейді және 2-3 қосымша тамақ ішеді. Одан үлкен балалар мен жасөспірімдер тамақтың 3 негізгі түрі мен 1-2 қосымша тамақты тұтынады. Тамақ әртүрлі болуы керек, соның ішінде жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдар, ақуызы бар азық болғаны дұрыс. Қантты, тұзды, майлар мен қарапайым көмірсу тұтынуды доғарған жөн", - дейді гастроэнтеролог.
Дұрыс тамақтануды балаға қинап тұрып үйрететіндер бар, алайда, мамандардың сөзінше, ол дұрыс емес. Бала кейбір тағамның зиян екенін, оны күн сайын тұтынуға болмайтынын өзі түсінуі керек.
"Дамып келе жатқан ағзаға кесірі тиіп кетпес үшін тағамға толық тыйым салмаймыз, саналы түрде тамақтануға келеміз. Чипсы, попкорн, басқа да қуырылған тамақты 5-6 жастан бастап қана тұтынуға болады. Мектеп жасындағы балаға майонез бен кетчупты тұтынуға мүлдем кеңес бермеймін. Айына бір-екі рет қана аз мөлшерде беруге болады. Газдалған сусындарға келсек, оны 7-8 жасқа дейін балаға бермеу керек. Басқа тамақ түріндегі маңызды нәрсе – рационда клетчатка, ақуыз бен дәрумендер жеткілікті болғаны жөн", - дейді Малданова.
Дәрумен жеткіліксіздігі не нәрсеге әкеп соғады?

Бала әртүрлі тамақ жесе ғана дамуына қажетті дәрумендер мен минералдарды алады. Олар жетіспесе, баланың денсаулығында ақау пайда болуы мүмкін.

Д дәрумені сүйек пен тістің саулығы үшін, сондай-ақ иммундық жүйенің жақсы жұмыс істеуі үшін қажет. Д дәруменінің жетіспеушілігі сүйекті әлсіз етіп, иммундық жүйенің нашарлауына ұшыратады.

С дәрумені антиоксидант болып саналады, ол ағзаны зиянды заттардан қорғап, коллаген тудыру ісіне қатысады және темірді сіңдіреді.

В12 дәрумені жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне қажет, сондай-ақ қызыл қан жасушаларын түзеді. В12 дәруменінің жетіспеушілігі жүйке жүйесінің ақауына әкеледі, қан аздыққа және басқа да ауруларға соқтырады.

А дәрумені көздің, терінің, қорғаныш қабаты мен иммундық жүйенің саулығы үшін керек. А дәруменінің жетіспеушілігі көздің көруін нашарлатып, иммунитетті түсіреді, тері мен қорғаныш қабатын бұзады.

К дәрумені қан айналымының дұрыс жұмыс істеуіне керек және сүйектің саулығына қажет. К дәруменінің жетіспеушілігі қан айналымның нашарлауына, сүйектің әлсіздігіне әкеледі.

Балалар үш жасқа дейін не жейді?

Дұрыс тамақтанбау тәттілер мен фастфудтан бас тартпау ғана емес, балаға қосымша тамақты уақытында бермесе немесе ересектер тұтынуы тиіс тағамды балаға берсе де туындайды.

"3 жасқа дейін балаға жасына сай балаларға арналған тамақты ғана беру керек, ересектер жейтін тамақты ұсақтап турап беру керек. Алайда ересектерге арналған тамақты бірнеше себеп бойынша беруге болмайды", - деді гастроэнтеролог.
Баланың асқазан-ішек жолдары толық қалыптаспағандықтан, ересектерге арналған тамақ дұрыс қорытылмайды. Салдарынан асқазан-ішек жолдары ауруына, аллергияға, метеоризмге әкеледі.

Бұндай тағамда консерванттар, бояғыш заттар, дәмді күшейтетін заттар көп, бұлар балада аллергия туындатуы мүмкін.

Ересектерге арналған тағамдар ересек ағзаға лайықталған, сондықтан тұз, қант, майлар көп. Бұл артық салмаққа әкеледі.

Бала қатты тамақты жұта алмай тұншығып қалуы мүмкін. Баланың дәм сезу мүшесі жаңадан қалыптасып жатқандықтан, ересектерге арналған тамақ оны бұзуы мүмкін.

Бала үлкейген сайын сыртқа шығуы да көбейеді. Өздігінен тамақ сатып алуға мүмкіндігі болғандықтан, көбіне чипсы, бургер, газдалған сусынды сатып алып тұтынады.

"Егер баланың іші тамақ жеп болған соң ауырса, құсқысы келіп лоқсыса, іші жиі қатып, басы ауырса, тез шаршап қалса, тәбеті азайса, сондай-ақ артық салмақ пайда болса немесе керісінше арықтап кетсе бұл ас қорыту мүшелерінің жұмысы нашарлағанын көрсетеді. Бұндай жағдайда педиатрға толық тексерістен өту үшін жүгіну керек. Қажет болған жағдайда гастроэнтерологқа жолдама береді", - деді Арайлым Малданова.
Соңғы зерттеулер бойынша дұрыс тамақтанған бала өмірлік жағдайларда да дұрыс шешім қабылдайтыны анықталған. Дұрыс тамақтану немесе дұрыс тамақтанбау баланың тәртібіне әсер етеді.
Нашар тағам балаға да, ересекке де зиян екенін ақиқат. Сондықтан әу бастан баланың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету керек", - деп түйіндеді сөзін дәрігер-гастроэнтеролог.
Источник -  kaz.zakon.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...