Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері өрт кезінде 19 бала қаза тауып, 27 бала түрлі жарақат алған. Өрт шығу себептерінің бірі – балалардың отпен ойнауы. 94 қайғылы оқиға салдарынан 11 бала қаза болған.
Мысалы, 2024 жылғы 1 желтоқсанда Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Шұбарағаш ауылында жеке тұрғын үйде өрт болып, 2017 және 2021 жылдары туған екі бала қаза тапты. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, балалар улы газдан уланған.
Осы жағдайдан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Instagram парақшасында қаза тапқан балалардың жақындарына көңіл айтып, 12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық шараларды қарастыру қажеттігін мәлімдеді.
«Әрине, бұл ретте қолдауға мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан көзделген көмек бағдарламаларымен қамтамасыз етілуі қажет», – деп жазды ол.
Ал адвокат әрі құқық қорғаушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға міндеттейтін нақты заңнамалық нормалар жоқ:
«Тек ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар, бірақ, ол да көбінесе бала қайғылы жағдайға ұшыраған кезде ғана қолданылады. Өкінішке орай, кейбір ата-аналардың салғырттығынан қараусыз қалдырылған балалар терезеден құлап, су айдындарында батып кетеді немесе өрт кезінде қаза табады. Кейін «ата-ана қайда болған?» деп сұрағанда, «дүкенге/қонаққа/дәріханаға аз ғана уақытқа шығып кеткен» деген жауап естиміз.
Кішкентай баланы қараусыз қалдыруға қатысты жауапкершілік туралы норма дәл осындай салғырт ата-аналар үшін енгізілуде. Олар өздері жоқ кезде баланы қорғау үшін ешқандай шара қолданбайды», – деп есептейді сарапшы.
Адвокаттың пікірінше, мұндай шара жұмыс істейтін ата-аналарға, әсіресе, аналарға қиындық туғызады.
«Егер мектепке дейінгі жастағы баланы толық күнге балабақшаға беруге болатын болса, мектеп жасындағы балалармен жағдай басқаша. Олар бірінші немесе екінші ауысымда оқиды. Бұл ата-ананың жұмыс берушіден сұранып, балалар мектепке дейін немесе кейін жалғыз болмас үшін үйде болуын талап етеді», – дейді Халида Әжіғұлова.
Ол бұл талаптың ата-аналардың жұмысқа орналасуына теріс әсер ету мүмкіндігін атап өтті.
«Сондықтан 12 жасқа дейінгі баланы үйде қараусыз қалдырмау міндетін енгізу үшін, жұмыс берушіге мұндай балалары бар қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндетін де Еңбек кодексіне енгізу керек», – деп атап өтті сарапшы.
ТЖМ ескертпесі
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өрт кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы ережені ұсынды:
«Өрттің алғашқы белгілері мен түтін иісі пайда болған кезде, 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, өрт қызметін шақырыңыз. Диспетчерге мына ақпаратты жеткізу қажет: өрттің мекенжайы немесе орны; өрттің объектісі (аулада, пәтерде, қоймада және т.б.); өрттің нысаны (теледидар, жиһаз және т.б.); қажет болған жағдайда – подъездің нөмірі, пәтер, ғимараттың қабаты, өрттің орналасқан қабаты, жақындауға ыңғайлы бағыттар, кіреберіс кодтары және т.б.; өз тегіңізді және телефон нөміріңізді айтыңыз. Әңгіме кезінде нақты әрі сабырлы сөйлеңіз».
P.S. «Электрондық үкімет» порталы egov.kz сайтында балалардың ересектердің қарауынсыз қалуына тыйым салу туралы ақпарат бар. Бірақ, онда 12 жасқа дейінгі баланың үйде ересек отбасы мүшелерінің қарауынсыз қалуына қатысты ештеңе айтылмаған. Мысалы, сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына тыйым салынады. Сондай-ақ, сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың көшеде заңды өкілдерінсіз жүруіне болмайды.
Аударған Айдар Урисбаев