Балаларды әлеуметтік желілердегі қауіптен қалай қорғау керек – Мамандар кеңесі | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Балаларды әлеуметтік желілердегі қауіптен қалай қорғау керек – Мамандар кеңесі

11
4 минуты
Балаларды әлеуметтік желілердегі қауіптен қалай қорғау керек – Мамандар кеңесі
Жақында орын алған екі оқушы қыздың қайғылы оқиғасы халықты дүр сілкіндірді. Мектеп оқушылары көп қабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмды.

Расталмаған деректер бойынша, олардың бірінің телефонынан бейтаныс адаммен хат алмасу табылған. Кейіннен Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл жағдайдың суицид екенін растады.

"Kaspersky зертханасы" балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша бөлім басшысы Андрей Сиденко Қазақстандағы балалар мен ата-аналардың интернет қауіпсіздігі туралы не білетініні жөнінде компанияның зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Сарапшының айтуынша, "Kaspersky" сауалнамасына сәйкес, бүгінде Қазақстандағы балалардың әлеуметтік желідегі парақшалары төрт жастан бастап пайда болуы мүмкін. Балалардың 14%-ы әлеуметтік желіге алғаш рет төрт пен алты жас аралығында тіркеледі. Кәмелетке толмаған респонденттердің шамамен төрттен бірі әлеуметтік желіде өздерінің телефон нөмірін жариялайды. Сауалнамаға қатысқандардың тағы 29%-ы бейтаныс адамдарды достыққа қосқан, ал 16%-ы олармен хат алмасқан. Әңгіме тек ересектермен танысу туралы ғана емес, құрдастарымен де араласу жайлы болып отыр, дегенмен, статистика қорқынышты.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 20%-ы балаларымен интернеттегі қауіпсіздік мәселесін талқылау қажет деп санамайды. Шамамен әрбір бесінші (19%) ата-ана өз баласының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қандай ақпараттың ашық қолжетімділікте тұрғанын білмейді.

"Баланы толық бақылауға алмай-ақ, қосымша қорғауға көмектесетін арнайы бағдарламалар бар, мысалы, Kaspersky Safe Kids. Мәселен, балаға әлеуметтік желіде жас айырмашылығы айтарлықтай үлкен адам достыққа қосылса, қосымша хабарлама жібереді", – дейді Сиденко.

Балаға телефон берерде нені ескеру қажет?

Ата-аналардың 70%-дан астамы компьютер мен ұялы телефонда "ата-ана бақылауын" пайдаланбайды. Бірақ, аталған бақылау әрдайым тиімді бола бермейді, мәселен, Google "ата-ана бақылауын қалай айналып өтуге болады" деген сауалға 17 бет нәтиже береді.

Дегенмен, Андрей Сиденконың пікірінше, баланың қолына смартфон бермес бұрын оны дайындау керек. Атап айтқанда, банктік картаны байланыстыру мүмкіндігін өшіру, телефон баптауларында белгісіз нөмірлерден қоңырау шалуды бұғаттау, сондай-ақ мессенджерлерде белгісіз нөмірлермен хат алмасу мүмкіндігін бөлек бұғаттау қажет.

Спикер компания зерттеулері бойынша Қазақстанда баласының интернеттегі әрекеттері салдарынан ақшасынан айырылған ата-аналардың саны артып келе жатқанын атап көрсетті. Өткен және биылғы жылдарды салыстырар болсақ, ақшасы 4000 теңгеге дейін жоғалған ата-аналардың үлесі 27%-дан 39%-ға дейін өскен. Дегенмен, 4000-нан 16 000 теңгеге дейін ақша жоғалтқан ересектер саны, керісінше, 45%-дан 34%-ға дейін төмендеген.

"Kaspersky зертханасы" сарапшылары әлеуметтік желі салдарынан балалардың қайғылы оқиғаларын болдырмау үшін бірнеше кеңес берді:

  •  балаларға ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі ұғымдарын түсіндіріп, оларға онлайн-қатерлерге қалай қарсы тұру және алаяқтардың айласын қалай тану керектігін үйрету. Бұған "Kaspersky зертханасы" сарапшыларының киберқауіпсіздік әліппесі көмектесе алады;
  •  күрделі және бірегей құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны пайдаланудың маңыздылығын түсіндіру;
  •  жеке ақпараттарды кімдердің жаза алатынын немесе топтарға шақыра алатынын шектеу сияқты құпиялылық баптауларын реттеуге көмектесу;
  •  зиянды бағдарламаларды жүктеп алуға немесе фишингтік сілтемеге өтуге жол бермейтін сенімді қорғаныс шешімдерін орнату;
  •  артық ақпаратты, жеке деректерді, фото және бейнелерді интернетте жариялаудың қаупі туралы ескерту. Бұл деректер кибербуллинг немесе бопсалау үшін пайдаланылуы мүмкін;
  •  балаға кибербуллингке тап болған жағдайда агрессорға жауап берудің, онымен диалогқа түсудің, ақталудың қажеті жоқ екенін түсіндіру.
  • Комментарии
Загрузка комментариев...