Көбіне адамдар туыстарынан, таныстарынан, болмаса банктен немесе басқа да қаржы ұйымдарынан қиналған сәтте қарызға ақша алып, оны қайтару мәселесіне тиісті жауапкершілікпен қарамай жатады.
Статистикаға сәйкес, берілген қарыздардың 50%-ы қайтарылмайды. Қарызды қайтару мәселесінде адамдардың сараңдық танытуының негізгі себебі неде? Адам ақша түскенде бірінші кезекте жеке басының, отбасының қажеттіліктерін өтеуге тырысады. Осылайша, біреудің алдындағы қарызы көбіне ескерілмей жатады.
Ал туысына, досына немесе жақын танысына қарыз берген адам ақшасын сұрауға қысылады. Кейбірі борышкердің жағдайына түсіністік танытып, сабыр сақтауға тырысады. Алайда, бұдан былай ол адамға деген сенімі азайып, көзқарасы өзгеруі әбден мүмкін. Ақшаға бола қарым-қатынасты бұзбауға қанша тырысқанымен, көңілі қалып, іштей қынжылатындар бар.
Бұл орайда, психолог мамандар мүмкіндігінше ешкімге қарыз бермеуге кеңес береді. Берген күннің өзінде, ол ақшаның қайтпауына іштей дайын болып, қалтаңызға да, көңіліңізге де ауыр тимейтін соманы берген дұрыс деп есептейді. Кейбір мамандар адам ақшамен бірге өз энергиясының бір бөлігін береді деген сенімде
Ең сорақысы, қарызды қарызбен жабуды әдетке айналдырып алғандар да бар. Банкке де, туған-туыс, дос-жарандарына да қарыз болып, қоңырауларына жауап бермей, қашып жүреді. Іштей ауыр күйзеліске түскен мұндай адамның басындағы қарызы, уайымы оны сорақы ойларға итермелеп, тіпті, қайғылы жағдайға да жеткізуі мүмкін. Кейбірі құмар ойындарға салынып немесе қылмысқа барып, ақша табудың оңай жолын іздейді. Тығырықтан шығатын жол таба алмайтындай көріп, өз-өзіне қол жұмсайтындар да қаншама.
Осының барлығы адамдардың қарыз мәселесіне немқұрайлық танытуына байланысты туындайтын мәселелер.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен, кейде білсе де дұрыс амалға асырмағандықтан адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жататынын айтады.
Тіпті, адам дүниеден өткеннен кейін, жаназа намазы алдында марқұмның дүниедегі қарызы сұралады. Қарызы болса, оның артында қалған дүниесінен беріледі, болмаса жақындары мойнына алады
Қасиетті Құранның ең ұзақ аяты болып табылатын "Бақара" сүресі, 282-аятының қарыз аяты болуы тегін емес. Бұл мұсылман адамның қарыз әдептеріне өте мұқият болып, оған бей-жай қарауына болмайтындығын білдіреді.
Сондай-ақ бүгінгі таңда ел азаматтарының несиеге белшесінен батуы тағы бір көкейкесті мәселе болып отыр.
Бірінші кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, биылғы маусым айында жеке тұлғаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, тарихи максимумға жеткен
Сондай-ақ берілген тұтынушылық кепілсіз несиелер көлемі 800 млрд теңгеден асқан – бұл елдегі рекордтық көрсеткіш болып отыр. Қазақстанның экономикалық белсенді халқының 77%-ында – 9,2 млн адамның 7,2 миллионында несие бар. Қарыз алушылардың төрттен бір бөлігінде – шамамен 1,8 миллионында ағымдағы қарыздар бойынша 90 немесе одан да көп күн кешіктірілген төлемдері бар.
Экономистер қазақстандықтардың қарызға батуына тиімсіз жоспарлау мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі де себеп болып жатқанын айтады. Несиені рәсімдеу кезінде көптеген адамдар өздерінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талдамайды. Жұмыстан айырылу немесе күтпеген шығындар туындау мүмкіндігін ескермейді.
Кей адамдар діни сеніміне байланысты несие алуды жөн көрмейді. Мысалы, ислам бойынша мұсылмандар үшін ақшаны пайызбен беру немесе алу күнә деп саналады.
Исламда тек бөліп төлеу шартымен сауда жасауға рұқсат етіледі, мәміле жасасу кезінде бір баға көрсетілуі керек. Ақшаны несиеге, пайызбен алуға және беруге тыйым салынады. Осыған сүйене отырып, пайыздық мөлшерлемесіне қарамастан банктен алынған кез келген несие өсімқорлық мәміле болып саналады. Тек исламдық немесе халал ипотекаға рұқсат етілген, бұл – шариғат нормалары бойынша жылжымайтын мүлікті сатып алуды қаржыландыру
Христиандар банк жүйесін біршама өзгеше көзқараспен қарастырады. Экономист ғалым, экономика ғылымдарының докторы Сергей Лукин өзінің "Пайыз туралы христиандық нормативтік ілімнің кейбір аспектілері" атты мақаласында былай деп жазған: "Православиелік авторлар өсімқорлыққа жалпы теріс нормативтік баға бере отырып, экономикалық тәжірибеде пайыздарға қатаң тыйым салуға бейім емес еді. Қазіргі католиктік ілімде инвестициялық және тұтынушылық несие арасындағы айырмашылықтарға негізделген пайыздарға неғұрлым либералды көзқарас бар".
Жалпы, мүмкіндігінше қарыз немесе несие алуға әуестенбеген жөн.
Адамның тапқан табысы күнкөрісіне жетсе, өзгелерден көмек сұрамағаны дұрыс. Қарыз сұраушы адамның себептері салмақты, мұқтаждығы орынды болуы керек.
Қарыз сұрауды әдетке айналдырып, әрдайым өзгелерге қол жаю дұрыс емес.
Қожа Ахмет Яссауи: "Арыңды сақта, болсаң да малға кедей" деп айтқандай, адам бәрінен бұрын ар-намысын жоғары қоюы керек.
Источник - kaz.zakon.kz