Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде «Алматы – әлемдік қолөнер қаласы» көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара Қазақстан қолөнершілер одағы мен Алматы қолөнер палатасының бастамасымен және Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шараға Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің президенті Саад Хани Аль- Каддуми, Азия-Тынық мұхиты Елдері Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің президенті Әзиз Мұртазаев, Азия-Тынық мұхиты Елдері Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев т.б. арнайы қатысып, алматылық қолөнершілердің жұмыстарымен танысты және музей залдарын аралады.
Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (AISBL) негізгі мақсаты – мәдени және экономикалық өмірдегі қолөнер мәртебесін нығайту. Кеңес қолөнершілер арасындағы қарым-қатынасты оларға қолдау, көмек және кеңес беру арқылы дамытуға тырысады. Сонымен қатар, конференциялар, халықаралық сапарлар, зерттеулер, дәрістер, семинарлар, көрмелер және басқа да іс-шаралар арқылы мәдени алмасуға ықпал етеді.
Кеңес ЮНЕСКО жанындағы кеңесші орган мәртебесіне ие. Қазіргі уақытта оның штаб-пәтері Кувейтте орналасқан.
Көрме-жәрмеңкеге Алматы қаласынан қатысқан 60-тан астам үздік қолөнерші 250-ге жуық қолөнер бұйымдарын ұсынды. Олардың ішінде заманауи әдіспен жасалған құрақ көрме, сырмақ, кестегенген көрпешелер мен тоқыма бұйымдары және керемикалық кәдесыйлар мен зергерлік әшекейлер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Көрме ұйымдастырушыларының бірі Әсел Шалахметова аталған көрменің мән-мағынасын түсіндірді.
«60 жыл бұрын Нью-Йоркте «Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі» атты бүкіләлемдік коммерциялық емес ұйымы құрылды. Ол қолөнершілер еңбегін әлем бойынша дамытуды мақсат етеді және мәдени мұраны сақтауға үлес қосады. Бұл – барлық елде бар қуатты ұйым. 12 жыл бұрын «әлемдік қолөнершілер қаласы» атты бастама көтерді. Олар бір қаланы таңдайды, талапқа сай келсе, сол елдің қолөнершілеріне қолдау танытады. Қолөнершілердің жергілікті билікпен жақсы қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Шеберлердің туындыларын мәдени алмасу ретінде басқа да мемлекеттерге апарып көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан қолөнершілер одағы Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен өтінім жіберіп, Алматы қаласына «әлемдік қолөнер қаласы» атты мәртебе беруді сұрады. Неге? Өйткені біз Алматыда тамаша өнер шеберлері бар деп есептейміз. Қытайда тек жібек өндірісімен айналысатын тұтас қала бар. Ал бізде ше? Біз қазақ халқының қолөнерінің әр түрін көрсете аламыз. Қазір Алматыда бүкіләлемдік қолөнершілер кеңесінің комиссиясы жүр, олар Алматы әкімімен кездесті. Қаладағы қолөнершілер шеберханасын, колледждер мен университеттерді, музейлерді аралап, қаладағы қолөнершілер өз тәжірибесін жас ұрпаққа беруі үшін қаншалықты жағдай жасалған, қаншалықты қоғам қолөнерге қызығушылық танытады, осының бәрін қарап, зерттеп жүр. Біз бүгінгі көрмеге әртүрлі бағытта өнер туындыларын жасап жүрген ең үздік деген қолөнершілерді алдырдық», - дейді Қазақстан қолөнершілер одағының өкілі Әсел Шалахметова.
Көрмеге әртүрлі өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдары қойылған. Шебердің маңдай тері төгілген туындылардың бағалары да арзан емес. Олардың ішінде қазақ халқының ерекшелігін көрсететін өнер туындылары бар. Қыштан құйылып жасалған мүсіндер, қазақтың ұлттық аспаптары, ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар, әртүрлі қуыршақтар, киіз үй, т.б. көздің жауын алып, жарқырап тұр.
Біз мына бір сәукеле туралы сұрадық.
«Бұл тақияның тек күміс әшекейлерінің өзін 180 мың теңгеге тапсырыспен құйдық. Еш жерде жоқ бірегей тақия. Егер тақиясымен бірге қосқанда өте қымбатқа шығады. Ал тек тақияның өзін ғана әшекейсіз 50 мың теңгеге тігемін. Шапандарды енді тікпеймін деп шештім, өйткені адамдарға өлшемі келмей жатады. Адамдар өздеріне керек өлшемдегі шапандарды сұратады, бірақ мен тек бір-бірден ғана тігемін. Сондықтан бұдан былай тек қана тақия, бас киімдер тігетін боламын», - дейді этнодизайнер Тілек Сұлтан.
Ал өзге үстелде тұрған басқа қолөнерші тек табиғи жібектен әртүрлі өнімдер жасайды екен. Бір табиғи жібектен жасалған шәлінің бағасы – 15 000 теңге.
Көзімізге мына бір ерекше туынды түсті. «Аяз атаны күтіп тұрған қыздар» деп аталатын туынды матадан жасалған. Бөлмеге іліп қоюға арналған өнер туындысы. Ал оның астында матадан тігілген әртүрлі бұйымдар тұр.
Одан бөлек мынадай тұзкиіздер, қобыздың үш түрі, домбыраның үш түрі қойылған. Әр үстелде тұрған өнер туындылары бір-біріне ұқсамайды. Бірі жібектен, бірі жүннен, бірі мақта матадан тігілген. Тігістері де әртүрлі. Әр шебердің өзіндік қолтаңбасы анық байқалады. Алайда барлығын бір-біріне ұқсатып тұрған – қазақ халқының ұлттық калориті. Әрбір туындыда қазақтың ою-өрнегі бейнеленген. Тарихтан сыр шертетін бұйымдар да жоқ емес. Күнделікті өмірде тұтынуға болатын заттарды да табуға болады. Мысалы, кіре беріс есіктің төбесіне іліп қоюға болатын қыштан құйылған сылдырмақ бұйым киіз үй пішінінде жасалған. Бұл бұйым әрбір үйден табылса, корей ұлтының тұмары секілді кең танымалдыққа ие болар еді. Автор бұйымын 4 мың теңгеге бағалады.

Айта кетейік, аталған бағдарламаға әлемнің 67 қаласы қатысады, оның ішінде 47 қала Азия-Тынық мұхиты аймағынан, 11 қала Оңтүстік Америкадан, және 7 қала Еуропадан. Бұл қалалар қолөнер өндірісінде, қолөнер бұйымдарын сату және шығармашылық туризмді дамыту бағыттарында белсенділік танытып келеді.
Көрме-жәрмеңкенің басты мақсаттары:
- Қаланың қолөнер саласындағы халықаралық беделін арттыру.
- Қолөнерді мемлекеттік деңгейде қолдауды ынталандыру.
- Жергілікті инновациялық әлеуетті күшейту және шығармашылық туризмді дамыту.
- Ұлттық және халықаралық деңгейде қолөнер саласында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал ету.
- Қолөнер қалалары арасында ынтымақтастық пен серіктестік орнату.
Сөз орайында айта кетейік, Алматы қалалық баспасөз қызметі Алматы әкімі Ерболат Досаев Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (AISBL) президенті Саад Хани Аль-Каддуми мырзамен кездесу барысында қолөнерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылағанын хабарлады.
Қала басшысы Алматыны еліміздің мәдени және іскерлік астанасы екенін атап өтіп, мұнда зергерлік бұйымдар, кілемдер, қыш бұйымдар және басқа да бірегей өнімдер жасайтын 250-ден астам талантты шебер тұратынын айтқан. Олардың жұмыстары халықаралық көрмелер мен фестивальдерде жоғары бағаланып, қолөнершілер шеберлік дәрісін өткізеді.
Қос тарап қолөнерді дамытудың жұмыс орындарын құру мен экономиканы ынталандыру үшін маңыздылығын, сондай-ақ Алматыға «әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесін беру мүмкіндігін талқылады.

