
Парижде жазғы олимпиада ойындары өтіп жатыр. Осы орайда біз олимпиада ойындарының тарихына көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.
1896 жылы Грекияның астанасы Афина қаласында тарихта тұңғыш рет Олимпиада ойындары ашылды. Қазіргі таңда төрткүл дүние көз тігіп көретін төрт жылда бір келетін доданың тарихы гректерден бастау алды.
Бұл олимпиада ойындарына 14 елден келген 241 спортшы қатысты. Барлығы ерлер болды. Жарыс Афина қаласының стадионында өтті. Ашылу салтанатын 80 мыңнан астам адам тамашалаған. Спортшылар ауыр атлетика, велоспорт, гимнастика, жеңіл атлетика, жүзу, күрес, нысана көздеу, семсерлесу, теннис спорт түрлерінен бақ сынады.
Ежелгі Грекияда Олимпиада бір күн ғана өткен, кейін бес күн бойы спортшылар сайысатын болды. Одан соң 8 жылда бір рет өткізілсе, 1896 жылдан басталған заманауи Олимпиада 4 жылда бір рет күллі әлемді дүр сілкіндіріп, жұртшылықтың бәрін көгілдір экранға телміртеді.
Олимпиада ойындары ұлтына, тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан бірнеше елдің спортшыларын өзара жарыстырады.
Олимпиада ойындарында медаль беру дәстүрі 1896 жылы пайда болды. Сол уақытта жеңімпаздар диплом мен медальға ие болды. Медальда Зевс бейнесі болған, дизайнері француз сәулетшісі әрі медальер Жюль Клеман Шаплен еді. 1900 жылы медаль дизайны өзгерді. Біртіндеп медальдың көлемі үлкейді. 1928 жылы Олимпиада ойындарында дәстүрлі сақина пайда болды.
Олимпиада ойындарының символы – әлемнің бес бірдей бөлігінің бірігуін білдіретін бес сақина. Жоғары тұрған көк сақина Еуропаны, қарасы Африканы, қызылы Американы білдіреді, ал төмендегі сары сақина Азияны, жасылы Аустралияны таңбалайды.
Олимпиада ойындарында мызғымас дәстүрлер бар. Олар:
-
Салтанатты ашылу рәсімінде олимпиада алауының жағылуы.
-
Ойын өткізіліп жатқан елдегі ең мықты спортшының ойынға қатысушылардың атынан олимпиада антын беруі;
-
Төрешілер атынан әділ бағалауды білдіретін төрешілер антының берілуі;
-
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар табысталуы;
-
Алтын медаль алған жеңімпаздың құрметіне спортшының өз елінің әнұраны бүкіл әлем алдында шырқалуы.
Олимпиада ойындары – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі. Халықаралық ынтымақтастықты арттырып, елдер арасындағы бауырластықты, бейбітшілікті насихаттайды.
Жазғы олимпиададан бөлек, қысқы Олимпиада, Паралимпиада ойындары да споршылар үшін маңызды.
Олимпиада ойындарына Қазақстанның қатысуы
Қазақстандық спортшылар 1952-1980, 1988 жылдардағы Олимпиада ойындарына КСРО құрама командасы сапында қатысты, 1992 жылы ТМД елдерінің құрамасы сапында өнер көрсетті. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан тәуелсіз команда ретінде қатысуға құқық алды.
Олимпиада ойындарында үздіктер қатарынан көрініп, жеңіп келген спортшылар Қазақстанда халық қаһарманы есебінде құрметтеледі. Халық арасында ерекше танымалдыққа ие болып, тіпті қатысушылардың өзі жүлде алмағанның өзінде бүкіл халықтың назарына ие болады.
Парижде өтіп жатқан жазғы олимпиада – 2024 ойындарында жеңімпаз болған спортшылар түрлі марапатқа ие болады. Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Олимпиада жүлдегерлері мемлекеттен 250 мың долларға дейін сыйақы алатынын айтты. Алтын медаль иегері $250 мың, күміс иегері $150 мың, қола иегері $75 мың қаражат иеленеді.
4-6 орын иегерлері 10-5 мың доллар аралығында ақша алады. Олимпиада рекордын орнатқан спортшы $5, жаттықтырушы $3 алады.