Атап айтқанда, Харбинде коньки спорт түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жарыстарын өткізу жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, ал жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді.
Жалпы, кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығына таласады.
«Бұл біз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль жеңіп алған. Сөйтіп жалпы командалық есепте 2-орынға ие болдық. Қазақстан қысқы Азиадаға 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта біздің атлеттер 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.
Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.
- Биатлон – 10 спортшы;
- Кёрлинг – 12 спортшы;
- Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;
- Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;
- Шорт-трек – 12 спортшы;
- Шаңғы жарысы – 12 спортшы;
- Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;
- Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;
- Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;
- Фристайл-акробатика – 7 спортшы;
- Шаңғы жарысы – 8 спортшы.
- Биатлон: Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Владислав Киреев, Галина Вишневская-Шепоренко, Арина Крюкова, Вадим Куралес.
- Шаңғы жарысы: Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Святослав Матасов, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина.
- Конькимен жүгіру спорты: НұралыАқжол, Надежда Морозова, Артур Галиев, Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин.
- Шорт-трек: Абзал Ажғалиев, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Жанбусинова Мадина, Ермек Малика, Ажгалиева Алина, Ольга Тихонова, Яна Хан.
- Фристайл-акробатика: Ардана Маханова, Аяна Жолдас, Роман Иванов Роман, Шерзод Хаширбаев.
Қысқы Азияда туралы қызықты деректер
Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына алтыншы мәрте қатыспақ. Отандастарымыз ең алғаш 1996 жылы Харбиндегі додада өнер көрсеткен.
Бүгінге дейін жерлестеріміз қысқы Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс және 56 қола) жеңіп алған. 2017 жылы Саппорода өткен ойындарда Қазақстан құрамасы 32 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болған еді.
Ски-альпинизм спорты алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп отыр.
Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. Сондай-ақ тағы 10 өңірдің спортшылары өнер көрсетеді.
Ту ұстаушылар – Әділ Бекетаев (шайбалы хоккей) пен Ольга Тихонова (шорт-трек).
Қазіргі құрамнан бұған дейінгі қысқы Азия ойындарында чемпион атанған спортшылар:
- Ольга Полторанина (биатлон, 2011 жылғы чемпион)
- Евгений Рымарев (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)
- Роман Старченко (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)
- Дарья Климина (биатлон, 2017 жылғы чемпион)
- Кирилл Савицкий (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)
- Дмитрий Гренц (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)
Ең жас спортшы – Асан Асылхан (фристайл-акробатика, 15 жаста).
Ең егде спортшы – Денис Власов (ски-альпинизм, 41 жаста).
2025 жылғы Азияданың бойтұмары – Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Бинбин мұз жарыстарын, ал Нини қар жарыстарын бейнелейді.
Қытайдың Харбині қысқы Азия ойындарын биыл екінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл қалада 1996 жылғы Азиада өткен болатын. Жалпы, Қытайда қысқы сары құрлық бәсекесі үшінші мәрте өткелі тұр.
Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар 7 спорт нысанында өтеді. Атап айтқанда: Харбин хоккей аренасы; Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы; Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы; Харбин спорт университетінің мұзайдыны; Хэйлунцзян көпфункционалды залы; Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы; Ябули тау-шаңғы курорты.
Фото: pixabay