Мемлекеттік мектептерге балама іздейтін ата-аналар үшін жеке білім ордаларына шолу жасадық. Атап айтқанда, бастауыш сыныптардың оқу ақысын жарияладық, себебі, орта және жоғарғы сыныптардағы оқу құны едәуір жоғары.
Nova School
Төлем: бастауыш сыныптарда оқу ақысы айына 170 000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, 100 000 теңге көлемінде кіру жарнасы бар. Оқу ақысына үш мезгіл тамақтану және үйірмелер кіреді: би, дзюдо, робототехника, шахмат, ағылшын және қазақ тілдері тереңдетілген түрде, менталды арифметика, логика, бағдарламалау. Балалар мектепте таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін болады және үйірмелерден бөлек, үй тапсырмаларын орындайды.
Мектептің ерекшеліктері: мектеп интерактивті оқыту платформалары мен виртуалды зертханаларды белсенді пайдаланады, бұл оқушыларға пәндерді тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, білім ордасы халықаралық бағдарламаларды ұсынады, бұл оқушыларға әлемнің үздік университеттеріне түсу мүмкіндігін ашады.
Millennium School
Төлем: бастауыш сыныптардың оқу ақысы жылына – 1,8 миллион теңге, ал орта мектепте – 1,9 миллион теңгені құрайды. Төлемді ай сайын жасауға да болады – бұл жағдайда айына 200 000 теңге. Сондай-ақ, 200 000 теңге көлемінде кіру жарнасы бар.
Оқу ақысына үш мезгіл тамақтану және дәрумендік тағамдар, сондай-ақ үйірмелер кіреді: ағылшын тілі аптасына бес рет, робототехника, эмоционалды интеллект дамыту, жобалық жұмыстар, театр өнері, хореография, вокал, IT. Бала мектепте таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін болады.
Мектептің ерекшеліктері: оқу орны шет тілдерін үйренудің авторлық әдістемесін пайдаланады. Мектептегі оқу үдерісі әрбір оқушыға жеке көзқарасқа негізделген, бұл олардың таланттары мен қабілеттерін барынша ашуға мүмкіндік береді. Академиялық білімнен бөлек, көшбасшылық, шығармашылық және әлеуметтік жауапкершілік сияқты тұлғалық қасиеттерді дамытуға баса назар аударылады.
Tamos Education
Төлем: бастауыш сыныптарда оқу ақысы жылына 2 миллион теңге. Бұл сомаға тамақтану (жылына 600 мың теңге) және біржолғы кіру жарнасы (300 мың теңге) кірмейді. Кембридж бағдарламасы бойынша оқу жылына 4,9 миллион теңгені құрайды.
Мектептің ерекшеліктері: Tamos бірінші кезекте нақты ғылымдар, математика және IT-технологияларды тереңдетіп оқытады. Білім беру бағдарламасы аналитикалық ойлау мен техникалық мамандықтарға дайындықты дамытуға бағытталған. Математика және жаратылыстану пәндерін жоғары деңгейде білім беру бұл мектепті техникалық университеттерге түскісі келетін балалар үшін ең қолайлы етеді.
Сонымен қатар, мектепте лингвистикалық бағыт және Кембридж бағдарламасы бойынша оқыту бар. 11 және 12 сыныптарды бітірген Кембридж мектеп оқушылары A-level түлектері болып табылады. Мектеп Кембридж емтихандарын тапсыру құқығына ие: IELTS, Starters, Flyers, Movers, KET, PET, English Advanced.
Сондай-ақ, мектеп 9 және 10 сынып оқушыларын Advanced Placement американдық бағдарламасы бойынша оқытады. Бұл бағдарламаның емтихандарынан жоғары балл алған оқушыларға «Ivy League» және «Russell Group» университеттерінің есіктері ашылады.
Miras International School
Төлем: орыс тілінде бастауыш мектепте оқу жылына – 3 312 000 теңге. Қазақ және орыс тілдерінде оқыту бастауыш сыныпта – 4 545 000 теңге, ал ағылшын тілінде – 5 481 000 теңге.
Мектептің ерекшеліктері: Miras Халықаралық бакалавриат бағдарламаларын (IB) ұсынады. Бұл мектеп түлектеріне шетелдік университеттерге түскенде ағылшын тілі емтиханын тапсырмауға мүмкіндік береді. Кейбір университеттер IB сертификаты бар талапкерлерді емтихансыз қабылдайды. Мектеп тұлғаны жан-жақты дамытуға, сыни ойлау мен көшбасшылық қасиеттерге ерекше мән береді.
2022 жылдың шілдесінде мектеп SAT емтиханын тапсыру орталығы мәртебесін алды. SAT (Scholastic Aptitude Test / Scholastic Assessment Test) – АҚШ университеттеріне, сондай-ақ Сингапур, Түркия, Гонконг және Жапония университеттеріне түсуге арналған стандартталған тест. Тест талапкердің ағылшын тілі мен математика бойынша білімін және университетте оқуға дайындығын бағалайды.
QSI International School of Almaty
Төлем: бүкіл бастауыш мектеп, соның ішінде дайындық сыныбы үшін оқу ақысы – жылына 12 миллион теңге. Бұл бағаға тамақтану және мектеп автобусы кірмейді. Тамақтану құны – күніне шамамен 12 мың теңге, мектеп автобусы – айына шамамен 20 мың теңге.
Мектептің ерекшеліктері: QSI Алматыда 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Ол америкалық білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. QSI оқушыларды АҚШ пен Еуропаның университеттеріне түсуге дайындайды.
Халықаралық оқушылар мен мұғалімдер қауымдастығы мәдени алмасу мен жаһандық ойлауды қалыптастыруға ықпал етеді. Академиялық білім беру бағдарламасында алынған білімді бірден практикада қолдану тәсілі қолданылады, яғни, оқушы тек білімді ғана емес, оларды қайда, қалай және қашан қолдану керектігін де түсінеді.
Оқушыларға күрделенген курс қолжетімді. Бұл курстың сабақтары АҚШ-тың бірқатар университеттерінің оқытушыларымен онлайн режимінде өткізіледі. Бұл курсқа қабылдауды мектеп қаржыландырады, бірақ ата-аналар әр курс үшін кепіл ақша қалдыруы керек. Курсты аяқтағаннан кейін депозит қайтарылады.
Haileybury Almaty
Төлем: бірінші сынып үшін – 10 115 963 теңге. Жоғары сыныптарда оқу ақысы 15 миллион теңгеден асады. Бағаға оқу, қосымша сабақтар, кеңсе тауарлары, төрт мезгіл тамақтану, ағылшын тілі курстары және медициналық орталық кіреді. Сонымен қатар, тіркеу және кепіл жарналары бар, олар шамамен жарты миллион теңгені құрайды.
Haileybury Almaty атақты британдық мектептің филиалы болып табылады. Оқу бағдарламасы британдық білім беру жүйесіне негізделген және оқушылардың жан-жақты дамуына баса назар аударады. Ресми сайтта айтылғандай, мектеп 9 және 12 сыныптарда оқушыларды британдық білім беру жүйесі бойынша оқыту үшін ең қабілетті оқушыларға гранттар береді.