2022 жылғы 8 желтоқсанда Алматыда жыл сайынғы Халықаралық Nevsky Award жүлдесі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Осымен екінші рет өткізіліп отырған байқауда ұлтаралық, мәдениетаралық қарым-қатынастарды нығайту мен отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін он журналист ең жоғары марапатқа ие болды.
«Сыртқы саясат және өңіраралық диалог туралы үздік материал» номинациясы жеңімпаздарының бірі Ғазиза Ұзақ жүлде жайындағы пікірімен және марапаттау рәсімінен алған әсерімен бөлісті.
Халықаралық Nevsky Award жүлдесі жайында Ғазиза былтыр білген. Ол өткен жылы байқау алғаш рет өткізілгенде марапаттау рәсіміне қатысып, биылғы Жүлдеге өз жұмысын ұсынып көруді шешкен. Айтуынша, жүлденің номинациялары былтырғыдан қарағанда өзгеше. Қатып қалған ереже, шарттардың болмауы да бұл байқауды басқалардан ерекшелеп тұр.
Сондай-ақ журналист Халықаралық жүлденің марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Айта кетейік, іс-шара барысында концерттік бағдарлама көрсетіліп, онда танымал өнер иелері, атап айқанда, әйгілі пианист-виртуоз Олег Переверзев өнер көрсетті.
Ғазиза Ұзақтың «Қазақ еліндегі мадияр ұлы» атты мақаласы «Сыртқы саясат және өңіраралық диалог туралы үздік материал» номинациясында Nevsky Award жүлдесін иеленді. Автор өз мақаласында Қазақстан мен Венгрия арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, дамытуға ерекше үлес қосқан Венгрия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Ференц Блауманн туралы сөз қозғайды.
Қазақстандағы елшілік қызметі он жылға жуықтаған Ференц Блауманн өз сөзінде «Менің екінші үйім - Қазақ елі» деген еді. Оның бұл сөзінің жаны бар. Себебі, консулдық қызметінің арқасында еліміздің бірталай аймақтарында іс сапарда болып, екі ел арасындағы ынтымақтастық жобаларды жүзеге асыруға түрткі болып келеді. Дипломаттың табанды еңбегінің арқасында 2014 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласында ұлы ақын Абайдың ескерткіші бой көтерді, екі ел арасындағы мәдени байланыс күшейді.
Жалпы, Nevsky Award 2022 жүлдесінің қазылар алқасы мен қатысушылары байқаудың аса маңызды тақырыптарды көтеретінін, жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттайтынын алға тартты.
Осылайща, Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Журналистика академиясының негізін қалаушы әрі президенті Сағымбай Қозыбаев тату көршілік қатынастардың негіздерін сақтау, қоғамды ағарту, тарихи, жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған Nevsky Award жүлдесінің маңызын ерекше атап өтті.
«Біз көпұлтты Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз және бір бағытта жұмыс істеуіміз керек. Халықаралық қатынастар және халықаралық келісім, гуманизм, дипломатия және бірге бейбіт өмір сүру мәселелеріне басымдық берілу керек. Біздің Жүлдеміздің негізгі міндеттері де осы. Өткен жылы осындай Жүлденің пайда болғанына және оның жұмысына Қазақстан Журналистика Академиясының қатысып жатқанына қуаныштымын», – деді Сағымбай Қозыбаев.
Қазылар алқасының тағы бір мүшесі, АПН жаңалықтар қызметінің басшысы Маргарита Григорьева Жүлденің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемдік қоғамдастыққа елдердің тату көршілік, өңіраралық және конфессияаралық келісім, жақынына деген сүйіспеншілік және игі істер сияқты жалпыадамзаттық ұғымдарды қолдау және насихаттау үшін құрылғанын тілге тиек етті.
«Тиісінше, осы тақырыптарды қызықты, кәсіби түрде ашқан журналистерді көтермелеу және оларға барлық елдер азаматтарының назарын аудару маңызды. Барлық жүлдегерлерді шын жүректен жеңісімен құттықтаймын және байқаудың барлық қатысушыларына шығармашылық және кәсіби табыстар тілеймін», – деп атап өтті Маргарита Григорьева.
Осымен екінші рет өткізіліп отырған халықаралық байқауға биыл Қазақстан, Еуропа мен Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдері өз жұмыстарын ұсынды.
Қазылар алқасының мүшесі, медиасыншы, «Республика» порталының шолушысы Назира Дәрімбет бұл жылы байқау жеңімпаздарын анықтау қиын болғанын жеткізді.
«Бұл жолы үздіктерді таңдау оңайға соқпағанын атап өткім келеді. Өткен жылмен салыстырғанда көп жұмыс болған жоқ, бірақ мен олардың сапасы жоғары екенін атап өтемін. Егер соңғы рет көптеген жұмыстармен бетпе-бет келіп, оларды қайта оқып, қайта қарауға тура келсе, биылғы жылы тапсырма басқаша болды. Барлық дерлік жұмыстар бірдей деңгейде және жеңімпаздарды таңдау үшін әділ және мұқият болу керек болды.
Шын мәнінде, елімізде болып жатқан процестер мен оқиғаларды осы байқау тақырыптарының призмасы арқылы бейнелейтін қазақстандық журналистиканың осындай панорамасы қалыптасты. Ең жақсысын таңдау өте қиын болды. Іс жүзінде барлық материалдар жоғары сапалы және олардың әрқайсысының артында журналистің жарқын, таңғажайып тұлғасы болды», – деп атап өтті медисыншы.
Источник - exclusive.kz