Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024 жылғы 25 желтоқсанда "Мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрық шығарып, құжатта мемлекеттік тапсырысты орындайтын ғылыми қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу ережелерін бекітті, деп хабарлайды КЖА adilet.zan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы олардың біліктілігіне, атқаратын жұмыстарының күрделілігіне, еңбек шығындарының саны мен сапасына байланысты болады.
Ғылыми қызметкердің лауазымдық жалақысының мөлшері мен өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді белгілеу шарттары еңбек және ұжымдық шарттарда қарастырылады.
Лауазымдық жалақыға ынталандыру үстемесі ұйым басшысының шешімімен лауазымдық мөлшерлеменің 20%-на дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Еңбек шартында белгіленген еңбек төлеу шарттары Еңбек кодексі және өзге де еңбек құқығы нормаларын қамтитын нормативтік-құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен, келісімдермен және жергілікті нормативтік актілермен бекітілген шарттармен салыстырғанда нашарлатылмауы тиіс.
Мемлекеттік ұйымдардағы қосымша жұмыспен қамтылған қызметкерлердің, сондай-ақ толық емес жұмыс күні немесе толық емес жұмыс аптасы жағдайында еңбек ететін қызметкерлердің еңбекақысы жұмыс уақытына пропорционалды немесе орындалған жұмыстың көлеміне байланысты төленеді.
Мемлекеттік тапсырысты орындайтын ғылыми қызметкерлерге ғылыми атақ пен дәрежесіне байланысты негізгі қаржыландыру шеңберінде қосымша төлемдер белгіленеді:Ғылым кандидаттары, философия докторлары (PhD), бейін бойынша докторлар – 17 АЕК
Ғылым докторлары – 34 АЕК.
Қауымдастырылған профессорлар (доценттер), ғылым кандидаты, философия докторы (PhD) және бейін бойынша доктор ғылыми дәрежесіне ие – 25 АЕК.
Ғылым докторы дәрежесіне ие қауымдастырылған профессорлар (доценттер) – 42 АЕК.
Ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор және ғылым докторы дәрежесіне ие профессорлар – 50 АЕК.
Бұйрық 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстанда ғылыми гранттарға арналған конкурс өткізілгені хабарланған болатын.
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды