Тастанды әжелермен әңгіме: Деменцияға шалдыққан қарттардың күтімі | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Тастанды әжелермен әңгіме: Деменцияға шалдыққан қарттардың күтімі

171
11 минут
Тастанды әжелермен әңгіме: Деменцияға шалдыққан қарттардың күтімі
«Серафим» еріктілері Алматы қаласының Ақжар ауданындағы Пресвятая Богородица Рождествосы құрметіне арналған шіркеу жанындағы қарттар пансионатына барды. Онда деменциясы бар қарт адамдар да тұрады.

25 оқиға

Біз ертегідегідей сұлу шіркеуге жақындап келеміз. Ол орыс сәулет өнерінің өркендеу кезеңін бейнелейтін суреттегідей. Қазіргі заманғы шіркеу толықтай ағаштан салынған.

Бізді қарсы алып, қақпадан өткізді, бірақ қақпаны ашық қалдыруға болмайды — шіркеу кешенінің аумағында жасы әртүрлі 25 қарт әйел тұрады. Олардың көбісі деменциямен, яғни жадының түрлі деңгейде жоғалу дертімен ауырады. Жадысынан айырылған адамдармен жұмыс істегендер біледі: адам кенеттен шығып кетіп, адасып, жоғалып кетуі мүмкін деген қауіп бар.

1.jpg

Жиырма бес түрлі оқиға, бір-біріне ұқсамайтын жиырма бес түрлі тағдыр... Біреулер жалғыздықтан қашып, көмекке мұқтаж болғандықтан өздері келген, ал кейбірін балалары орналастырған. Мұнда баспанасыз қалған адамдар да тұрады, оларды бірінші кезекте қабылдайды.

«Қазіргі уақытта бізде тек әйелдер тұрады. Ғимарат шағын, мұнда қазір тұрып жатқан адамдардың санын ғана қамти алады. Дегенмен тағы да келгісі келетіндер бар. Біз тек әйелдерді қабылдаймыз деп шештік. Ғимарат үлкенірек болып, мұқтаж адамдардың барлығын қабылдай алса ғой. Ер адамдар да осында тұра алатын еді», — дейді әлеуметтік қызметкер Ольга Васильевна Кудрявцева.

2.jpg

Білімі бойынша ол — балалар психологы, педагог. Психолог болғаны қарттар үшін жақсы, өйткені деменциясы бар қарттар балалар сияқты. Ольга Васильевна өз жұмысын жан-тәнімен орындайды. Бірақ ол әлеуметтік қызметкерлердің жетіспейтінін айтып налиды. Жалақысы лайықты болғанымен, жұмыс күші жетіспейді.

Әрине, мұнда жұмыс істеу оңай емес. Әркімнің қолынан келе бермейді. Әрі кез келген адам бұл орынға сай келмейді. Таңдау қатаң деп айтуға болмайды, бірақ талаптар бар. Дегенмен, олар өте қарапайым: адам өз жұмысын жанымен жасауы керек, мейірімді, қайырымды, сабырлы және ашық болуы керек. Өйткені бұл жұмыс өмірінің соңғы кезеңін сүріп жатқан адамдармен байланысты, олар көбінесе өз ғұмырын толықтай беріп, сарқылып қалған. Олар қарттықты лайықты түрде өткізулері керек. Мұнда ұзақ өмір сүріп келе жатқандар да бар: ең қарт әйел — 104 жаста.

«Туыстары жиі келіп тұра ма?» деген сұраққа Ольга Васильевна мұңая жауап берді:

«Туыстармен қарым-қатынас әдетте өте нәзік мәселе. Біреулер келуді маңызды деп санайды, ал, өкінішке орай, кейбіреулер ондай қажеттілікті сезінбейді».

Кейбір адамдар осы жерден мәңгілікке аттанады. Бұл шіркеу — Құдайдың үйі, ал оның настоятелі осы әйелдердің Жаратушымен кездесуге рухани дайындалуына көмектеседі. Барлығы олардың жолының жеңіл және жарық болуына септігін тигізеді. Мұндағы әрбір қызметкердің орны бөлек.

3.jpg

Құлшылық

Пансионат шамамен 5 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бірақ жақында православие қауымы, настоятель иеромонах Алексий (Черевцов) басқаруымен, демеушілердің қаржысына пансионат үшін жаңа екі қабатты ғимарат салып, биыл оны Астана және Қазақстан митрополиті Александр қасиеттеді.

Иеромонах Алексий алдыңғы настоятелінің ісін жалғастыруда. Бұрынғы настоятель — протоиерей Виталий Кабачек сегіз жыл бұрын «кішкентай шіркеу» деп аталатын алғашқы храмды салды. Кейін ол Сібір шеберлерін, ағаш ұсталарын шақырып, негізгі, жаңа және шомылдыру рәсімі шіркеулерін салды, сонымен қатар мұнара орнатты. Ол, сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж қарттарға жанашырлықпен қарау мақсатында, митрополит Александрдың батасымен пансионатты ұйымдастырушы әрі негізін қалаушы болып табылады.

Қазір протоиерей тірі емес, ол апат нәтижесінде қайтыс болды. Енді иеромонах Алексий әкей пансионаттың тәрбиеленушілеріне рухани қамқорлық жасап отыр.

4.jpg

«Құдайдың өзі жақындарымызға қызмет еткенімізді қалайды. Митрополит мені мұнда тағайындағанда: «Онда кішкентай пансионат бар, оны сақтап қалуыңызды сұраймын», — деді. Екі жыл ішінде біз біраз нәрсені жақсарттық. Әрине, бәрі қалауымыздай болмады. Алайда меценат бізге жайлы ғимарат салып берді.

Әрине, митрополиттің батасы біз үшін өте маңызды. Мен басқалай әрекет ете алмадым. Көптеген адамдар, туыстары тарапынан тасталғандардың, жалғыз қалғандардың қайғысын сезінгенде, жүрегің ауырады. Олар өмірінің соңғы сәттерін өз үйінің төрінде емес, бейтаныс жерде өткізеді.

Біздің міндетіміз — олардың өмірін барынша ыңғайлы ету, осында өзін үйдегідей сезінулері үшін жағдай жасау», — деп қосты шіркеу кешенінің настоятелі.

Ол мұнда жиі болып, қасиетті рәсімдер өткізеді, тәрбиеленушілердің сұрақтарына жауап береді, рухани қолдау көрсетеді, жаны күйзелген жанға дауа болады.

Митрополит Александрдың батасымен пансионат қасиетті Лука Крымскийдің атымен аталады. Ол қайырымдылық жасайтын адамдар мен тұратындардың туыстарының көмегімен жұмыс істейді.

Пансионаттың жұмысы жалпы алғанда, арзан емес. Коммуналдық қызметтер, аспаздар мен күтушілердің жалақысы бар. Тек электр қуаты үшін ай сайын 400-500 мың теңге төлеуге тура келеді. Дотация жақсы болар еді, бірақ ол жоқ.

Алайда, мұнда жеке жуыну бөлмесі бар жайлы екі орынды бөлмелер, жақсы кондиционерленген жүйе, музыкалық сабақтар өткізуге арналған холл бар. Үй тұрғындарын үйдегідей бес рет тамақтандыратын кең асхана жұмыс істейді, қажет болса, диета бойынша теңдестірілген тамақ та жоқ емес. Тұрғындарға кәсіби медициналық күтім көрсетіледі, қамқорлық пен бір-бірімен шүйіркелесу мүмкіндігі беріледі.

5.jpg

Ольга Васильевна әр әйелге жеке көңіл бөлінсе де, белсенді әлеуметтік қызметі аяқталған әр әйел өз пікірін білдіріп, жанын ауыртып жүрген мәселе туралы айтқанын қалайтындарын жеткізді. Осы тұрғыда көңіл аз бөлініп жататынын жасырмады.

Кейде тек қана қолынан ұстап шәй беруді аңсайтындары бар, оңалту ретінде қажетті ойындар ойнағанды жақсы көреді. 

6.jpg

Қарттарға арналған ойындар

Еріктілер пансионатқа әрқашан түрлі іс-шаралар мен концерттермен келеді. Алайда, отбасынан айырылып немесе жалғыз қалған жандарға жеткілікті көңіл бөлу оңай емес. Сондықтан, мұнда келіп, көмектесуге, көңіл бөлуге, сөйлесуге дайын барлық адамға есік айқара ашық.

Біз де осы мақсатпен келдік. Жоспарымыз – әйелдермен шай ішіп, ойындар ойнау. Еріктілер өздерімен әдемі торттар мен ерекше қажеттіліктері бар қарт адамдарға қажетті дамыту ойындарын алып келді. Еріктілер тобының жетекшісі Дарья Сосновская өте алаңдаулы. «Осы кісілер ойнайтын ойындарды әкелдік пе?» деген сұрақ мазалайды. Алайда дөп түсіппіз. Қарттар ойынды қуана қарсы алды.

«Мектепке дейінгі балалардың ойнайтын ойындары сияқты. Егер адамда деменцияның терең сатысы болса, біз саусақ ойындарын ойнаймыз, рөлдік ойындар, доппен ойындар бар. Біз балалардың көңілді өлеңдерін еске түсіріп, Агния Бартоның шығармаларын айтып жатамыз: «Мишканы еденге түсіріп алдық…» Бұл туындыны білмейтін жан жоқ, олар соңғы жолдарын естеріне түсіреді. Қарттар балалар секілді. Біздің «балаларымыздың» жасы әртүрлі. Кейде 80 жастағы адам бір жастағы баладай, ал кейде олардың жасы бес жастағы баланыкіндей, бұл деменцияның әр сатысымен өлшенеді», – дейді психолог.

7.jpg

Пансионат қызметкерлері бізді дастархан жайып қарсы алды. Әжелер режиммен жүреді. Өйткені олар үшін режим ауадай қажет.

Шай ішкеннен кейін, біз осы қонақжай үйдің тұрғындарымен серуендедік. Таза ауада беседкада еріктілер қарт әйелдермен бірге ойындар ойнады. Бұл, шын мәнінде, волонтерлер үшін де, әсіресе әжелер үшін де бақытты сағаттар болды. Ойындардың біреуі оңай болса, екіншісі қиындық туғызуы мүмкін. Кейбіреулеріне көмек, кеңес көрсету қажет.

Бірақ, қажетті сандар комбинациясын жинаған кездегі қуанышты айтсаңызшы! Сосын пирамиданы құрып, металлофоннан қажетті дыбысты тапқанымызда. Олар балалар сияқты қуанады… Ал кейін ұмытып кетеді. Сол ойынды жаңадан ойнау мүмкіндігіне ие болады. Бірақ табыстың есте сақталуы мидың жұмысын жақсартады, деградацияның алдын алады.

Ойын барысында біраз әңгімелестік. Мұндағы адамдардың мінездері де әртүрлі. Психологтың айтуынша, дау, реніш және жанжал да болып тұрады. Ауру да өз әсерін тигізеді. Ольга Васильевна әрдайым алаңдаулы күйде, туындаған жанжалды қойдырып, бәрін бейбіт арнаға қайтарады.

Дегенмен, деменциямен ауыратын адамдардың осы жағы кадрдан тыс қалады. Ойын мен қарым-қатынас кезінде ешқандай жанжал болмайды. Мұнда, олардың ортақ үйінің аумағында, тыныштықты сақтау үшін көмектесетін ережелер бар. Солардың бірі: ешқашан, қандай жағдайда да, дауыс көтермеу.

8.jpg

Деменциямен ауыратын адамдардың саны әлем бойынша өсуде, ал қарт адамдар көбінесе бұл қиындықпен жалғыз өзі күресе алмайды. Бұл жағдай, көбінесе, отбасыларына да қиындық тудырады, өйткені олар жұмысты және отбасын тастай алмайды. Бәрінен де жалғыз өмір сүретін қарт адамдарға қиын.

«Бұл өте ауыр тақырып — жасың келуі, қартаю, жалғыздық тақырыбы. Жасы келген адам кез келген қауіп-қатерге бейім болады. Қазір алаяқтар көп. Ал әже деменциямен ауырады. Ол біреумен сөйлескісі келеді. Әжені тыңдаған болып келетін қара ниетті жандар бар. Ал әже бұндайды білмейді. Сондықтан, біз сияқты пансионаттардың болуы өте маңызды. Мұнда адамдар уақытында тамақ ішеді, сөйлеседі, бір-бірімен араласады, ойындар ойнайды.

Біз мұнда бір үлкен отбасымыз. Жаңа адам келген кезде, біз оның қажеттіліктері мен мәселелерін анықтаймыз. Мысалы, тамаққа деген сүйіспеншіліктерін, аллергияның бар-жоғын сұрап аламыз.

Бұл жаста адамның көптеген созылмалы аурулары болады, олар әдетте өздерінің анализдерімен келеді және біз оларға денсаулығын, өзін-өзі сезінуін және дәрі-дәрмектерді қабылдауды бақылауға көмектесеміз, олар көбінесе ұмытып кетеді. Қан қысымын үнемі өлшеп, дәрігерлермен өзара әрекеттесуге көмектесу қажет. Біз оларды жергілікті, 27-ші емханаға тіркейміз: дәрігерлерге рақмет, олар бізге қарсылық танытпайды. Егер қажет болса, терапевтпен байланыс орнатып, жедел жәрдем шақырамыз», — деп қорытындылады сөзін Ольга Кудрявцева.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...