Ең алдымен, патриархтың сөзіне сүйенсек, ол прогресс пен жасанды интеллекттің дамуына қарсы шыққан жоқ.
«Ғылыми-техникалық дамуды барынша қолдаймыз, онсыз заманауи өркениеттің тіршілігі мүмкін емес, дегенмен, белгілі бір «қызыл жалауларды» қою қажет, дәл ядролық энергияны қолданудағыдай. Жасанды интеллект ядролық энергиядан да қауіпті, әсіресе, егер ол адамгершілікке, қоғамға және адамның адам болып қалуына қажетті басқа да құндылықтарға саналы түрде зиян келтіруге бағдарланса», – деді патриарх Кирилл өз сөзінде.
Епископ Геннадийдің айтуынша, Шіркеудің ғылыми-техникалық прогреске деген көзқарасы туралы сұрақтың өзі дұрыс қойылмаған.
«Қоғам өз жолымен дамиды, оған кедергі жасау мүмкін емес. Шіркеу – Құдай құрған институт, оның міндеті – адамдарды осы өмірде мәңгілік өмірге дайындау. Шіркеу осы дүниелік шындықтар адамдардың мәңгілік құтқарылуына кедергі болмауын қамтамасыз етуі тиіс. Егер Шіркеу жасанды интеллекттің адамның санасын манипуляциялау үшін қолданылып жатқанын байқаса, яғни, оны белгілі бір шектеулер қою, адамның назарын басқаға бұру немесе оны діннен алыстату үшін пайдаланса, онда Шіркеу бұл кедергіні жоюға тырысуы керек», – деді ол.
Сонымен қатар, епископ Геннадийдің пікірінше, жасанды интеллект теологиялық дәлелдер (апологетика) үшін де пайдалы болуы мүмкін. Себебі, жасанды нейрондық желілер адамның миы үлгісінде жасалады.
«Біз адам миы мен компьютер арасындағы принциптік айырмашылықтың жоқ екенін көреміз. Бірақ сонымен бірге, адамның кез келген ең жетілдірілген машиналардан артық екенін түсінеміз. Себебі, жүйке жасушаларынан тұратын бұл құрылымның артында адамның жеке «мен»-і, санасы және өлмес жаны бар, ал нейрожеліде бұл болуы мүмкін емес. Сондықтан, осы тақырыпқа терең үңілген адам өлмейтін рухани бастаманың, адамның өлмес жанының, рефлексияға қабілетті, өз миының жұмысын бағалай алатын «мен»-інің бар екенін түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда, адам мен кез келген машина арасындағы негізгі айырмашылық анық байқалады», – деді епископ Геннадий.
Басқа діндер жасанды интеллект жайлы не дейді?
Жасанды интеллекттің қаупі туралы Папа Франциск те ескертті. Ол Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда үкіметтер мен ірі компанияларды ЖИ-дің күрделілігі мен қаупін бағалауда «тиісті сақтық пен қырағылық танытуға» шақырды.«Жасанды интеллект қоғам алдындағы шындық дағдарысын тереңдете алады, өйткені, оның жұмысының нәтижелерін адам әрекеттерінен ажырату қиын. Бұл технология жаңа жағдайларға бейімделіп, бағдарламалаушылар енгізбеген шешімдерді табуға қабілетті. Осы факторлар этикалық жауапкершілік, адам қауіпсіздігі және оның әлеуметтік салдары туралы іргелі сұрақтарды тудырады», – деді ол.
Алайда, 2024 жылы Польшаның Познань қаласындағы Лацина католиктік приходында алғашқы цифрлық шіркеу ашылды. Онда дәстүрлі діни қызметкердің орнына ChatGPT жасанды интеллекті жамағатпен байланыс орнатады.
Мұсылмандарда жасанды интеллектті қолдану дінге қайшы емес деп есептеледі. Бұл туралы Мәскеу облысының Мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, мүфти Рушан Аббясов мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖИ – тек көмекші құрал, бастысы – оны кім басқарады. Нейрожелілер имаммен сөйлесуді немесе дұғаны алмастыра алмайды, бірақ, құжаттармен жұмыс істеуде, жоспарлауда және әкімшілік жұмыстарда пайдалы көмекші бола алады.
Буддистер тіпті Norbu атты нейрожелі жасап шығарды. Бұл – стресс деңгейін басқару дағдыларын меңгеруге арналған AI-кеңесші. Ол медицина, йога, зейін практикасы және цифрлық өнімдерді әзірлеу тәжірибесіне негізделген.
Бір қызығы, 2011 жылы итальялық футурист Джулио Приско «Тьюринг шіркеуі» деп аталатын қозғалысты құрды. Онда Құдайдың орнына жасанды интеллект қойылған. Шіркеу атауы математик Алан Тьюрингтің тезисіне сілтеме жасайды: «Адам қалам мен қағазды қолдана отырып орындай алатын кез келген алгоритм абстрактілі есептеу машинасында орындала алады». Бұл принцип қазіргі компьютерлердің негізі болды. Ал діни тұрғыдан алғанда, Тьюринг – Черч тезисі «Құдай болмаса, оны ғылыми жаңалықтар мен инженерлік өнертабыстар арқылы, негізінен компьютерлер ішінде жасауға болады», деген болжамға келеді.
Обложка: freepik