![Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады Биыл Алматыда 10 базар жаңартылады](/upload/iblock/a66/a66f3d9147ebfe818cf9912357906adb.jpeg)
Өткен аптада ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Алматыдағы 4 базарға барып, алдағы жаңғырту жұмыстарына дайындығын көріп қайтты. Министрліктің Жол картасына сәйкес, оңтүстік астанадағы «Арлан», «Батыр», «Тұлпар, «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау самалы», «Береке», «Сауда кент» және «Сарыарқа» базарларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Базар иелері бұл жұмыстарды 2025 жылғы желтоқсанға дейін аяқтауы тиіс.
«Базарларды жаңғырту – бұл тек бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін де қолайлы орта құру. Дегенмен, жергілікті әкімдікте құрылыс құжаттарына келісім беру әдетте созылып кетеді. Базар иелері көбінесе осы жағдайға шағымданады. эскиз, жұмыс жобасы сияқты құжаттардың келісілуі ұзақ уақыт алатынын күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Базарлдарды жаңғырту жұмыстары уақытылы аяқталуы үшін жергілікті әкімдіктерді кәсіпкерлермен дер кезінде бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Айдар Әбілдабеков.
Жалпы, Алматыда қазір 38 сауда базары бар. Оның төртеуі арнайы базар болса, қалған 34-і әмбебап базар. Сауда заңнамасына сай, сауда базарлары өз аумағында көлік тұрағымен қамтылуы, сауда орындары санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай болуы, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі қарастырылуы шарт.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген базар иелері келер жылдың басынан бастап әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Фото: pixabay