Алматыдағы көне «қызғылт» үйдің қандай құпиялары бар | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Алматыдағы көне «қызғылт» үйдің қандай құпиялары бар

2669
8 минут
Алматыдағы көне «қызғылт» үйдің қандай құпиялары бар
Константин КОЗЛОВ,. Аударған Айдар Урисбаев

Алматы орталығындағы Төле би мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында ерекше көне үй орналасқан. Салынғанына жүз жылдан астам уақыт өтсе де, ғимарат жақсы сақталған. XX ғасырдан сыр шертетін көне үй тарихи фильмдер түсіруге немесе мұражай ашуға сұранып-ақ тұр. Расында қазір сәулет ескерткішінің ішінде не бар екенін біліп көруге тырыстық.

Үйдің иесі алматылық Әділбек Жаңбырбаевтың мұнда туғаннан – 1963 жылдан бері тұрып жатқаны белгілі болды. Ол ғимараттың байырғы тұрғындары жайында ата-анасынан және көршілерінің әңгімесінен біледі.

news4790.jpg

Үйдің сыртымен қоса, іші де ерекше ретро үлгіде безендірілген. Қожайын үйді барынша баяғы қалпында сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Үйдің ішіне кіргенде ғасырдың басынан бері сақталған төбедегі жапсырмаларға көз түседі. Мұқият қарасаңыз, есіктердің революцияға дейінгі кезеңнен бері сақталғанын байқауға болады. 

news4791.jpg

«Өкінішке орай, жөндеу жұмыстары кезінде есік тұтқасындағы ескі вензелді бояп тастадым. Бірақ бояуды қырып тастасақ, оларды көруге болады», – дейді Әділбек Жаңбырбаев. 

Қонақ бөлмеде үлкен голландиялық пеш тұр. Жұмыс істейді, жылыту мерзімі аяқталған соң, күздің және көктемнің салқын кездерінде ара-тұра қосылып тұрады. 

news4792.jpg

Пешті үйдің алғашқы иесі орнатқан. Оның аты-жөні әлі күнге дейін белгісіз. Әділбек Жаңбырбаевтың айтуынша, бұл үй жібек саудасымен айналысқан Ибрагимов деген верныйлық көпеске тиесілі болған. Сондай-ақ көпестің ауылшаруашылық тауарлар – бидай, ұн, нан сатқаны белгілі.  

«Басқа дереккөздерден естігенім бойынша, бұл үйді 1918 жылы Ғабдуллин деген көпес салдырған. Алайда, бұл қате мәлімет шығар, себебі, үй одан ертерек, революцияның алдында салынған болуы керек. Ғимаратты тұрғызудың мұндай технологиясы революцияға дейінгі Верныйда кең тараған: қаңқасы Тяньшань шыршасынан жасалып, сырты сыланған», – дейді ол.

Үйді тұрғызған көпес жертөледе байлыққа толы қазынасын жасырған деген аңыз әңгіме бар.  

«Қаладағы революцияға дейін салынған әрбір үйге қатысты осындай аңыз әңгімелер бар шығар. Ал менің үйіме келер болсақ, бұл аңызға сенемін, мүмкін сол қазынаны бір кезде тауып алатын да шығармын», – дейді үй иесі.

Айта кетейік, бұл үйдің Вознесенск соборына жақын орналасуы тағы бір аңыздың шығуына түрткі болған. Оған сәйкес, "қызғылт үйден" жерасты жол арқылы Вознесенск соборының астында орналасқан жұмбақ "катакомбаларға" баруға болады. Алайда, 2020 жылы соборды соңғы қалпына келтіру кезінде оның дін қызметшісі протоиерей Александр Суворов бұл теорияны жоққа шығарды. 

«Іргетасты қалпына келтіру кезінде патшалық кезеңдегі цементті көрдік. Яғни, ғимаратты іргетасына дейін қаздық, бірақ, өкінішке орай, ешқандай жерасты жолдарын байқамадық. Сондықтан да катакомбалар туралы әңгіме – жай ғана қалалық аңыз», – деп мәлімдеді Суворов.

Үйдің алғашқы қожайыны мұнда ұзақ қоныстанбаған. Азаматтық соғыс кезінде көпес Қытайға қашып, ал үй мемлекет меншігіне өткен. 

1920 жылдардың аяғында аталған ғимаратқа педагогикалық институт – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары жайғасты. Верный ұлдар және қыздар гимназиясы, Ұлдар гимназиясының пансионы, аталған білім ордасы директорының үйі де дәл осы «қызғылт» үйдің жанында орналасқан. Гимназия директорының үйінде қазір Түркия елшілігі отырады. Ал қалған ғимараттар Абай атындағы ҚазҰПУ мен Бегалин атындағы балалар кітапханасының бақылауында.  

news4793.jpg

Сонымен қатар, көне «қызғылт» үйді «ғалымдар үйі» деп айтуға да болады. Себебі мүнда бір ғасырға жуық уақыт көрнекті ғалымдар тұрып келген.

Солардың алғашқысы – Напалеон дәуірін зерттеген ұлы тарихшы, академик Евгений Тарле. 1931 жылы «академиктер ісі» бойынша Алматыға жер аударған. Бұл істі ғалымдардың "контрреволюциялық өткенін" көрсетуге нұсқау беретін сауалнамаларды енгізуге қарсы болған кезінде КСРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы қолдан жасады. Сол кезде көптеген ғалымдар атылды, ал кейбіреулері, солардың қатарында Евгений Тарле айдауда болды. 

Ғалымның сол кездері әйеліне жазған хатында былай делінген:

«Алма-Ата Ташкентке қарағанда жақсы әрі таза, көшелерде ағаштар, үйлердің артында бақшалар бар. 120 мың тұрғын, айналаның барлығы шыңын қар басқан әсем таулар. Бүгін бөлме тауып саған жазамын. Бұл оңай шаруа емес екен».

Ол ойлаған бөлмесін дәл осы «қызғылт үйден» тапса керек. Алайда, 1932 жылы ғалым рақымшылыққа ілініп, Мәскеуге оралды. Ал «қызғылт үйге» бұдан кейін де оқытушылар мен ғалымдар қоныстанды. 

1940 жылдары бұл жерде академик Орынбек Жәутіков тұрды. Ол алғашқы қазақстандық математика пионерлерінің бірі ретінде танымал болды. Жәутіковтің ғылыми зерттеулері негізінен дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелері теориясымен байланысты. Оның есімі Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебіне берілді. Қазақстанның барлық математиктері үшін Жәутіков әлі күнге дейін талассыз беделге ие.

Сондай-ақ үйдің басқа пәтерінде Нина Смирнова тұрған. Ол – қазақ фальклорын зерттеуге баға жетпес үлес қосқан ғалым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен қазақ ақындары мұрасының жазбаша түрде жариялануы да көбіне осы кісінің арқасында жүзеге асты. Қазір «қызғылт үйде» Нина Смирновадан қалған шкаф бар.    

news4794.jpg

Үйдің бөлмелеріне кіргенде ХХ ғасыр ортасындағы кеңестік ғалымдардың үйіне енгендей әсер аласыз. Қазіргі үй иесінің ата-аналары – Бегалы Сәдуақасұлы пен Қалыш Қалиқызы нақты ғылымдарды зерттеумен айналысқан. Олардың алты баласының бесеуі өз өмірлерін нақты ғылыммен байланыстырған.

Үйдің осы күнге дейін өз қалпында сақталғаны таңғалдырмай қоймайды. Қаладағы көптеген құрылыс алпауыттары бұл үйді бұзып, орнына басқа ғимарат тұрғызуды көздеген. Алайда, көшелер қиылысында бүйірімен орналасқандықтан, құрылысшылар үшін бұл жер телімі тартымды болмады. Осылайша, үйді сырып тастау әрекеттері тоқтады.

«Қызғылт» үй кинемотографтардың да ерекше ықыласына бөленген. Мұнда бірнеше кинотуындының сахналары түсірілді.   

«Туыстарым үнемі барлығын ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көндіргісі келеді. Алайда, маған өткен күндердің атмосферасы қатты ұнайды, бірдеңені ауыстыруға барынша қарсылық танытамын. Қалада тағы кімнің үйінде осындай пеш бар екен? Үйге келген қонақтарым таңырқап, үнемі суретке түседі. Ал көшеден өткен адамдар бұл үйде қандай мұражай бар деп сұрайды. Бұл кәдімгі тұрғын үй екеніне ешкім сенбейді. Ал үйдің неткен тарихы бар десеңізші!», – дейді Әділбек Жаңбырбаев.

Фото: АПН

Источник -  informburo.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...