«Қазақ тілі – әлемдегі ең бай және мәнерлі тілдердің бірі»: Библия қазақ тіліне аударылды | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

«Қазақ тілі – әлемдегі ең бай және мәнерлі тілдердің бірі»: Библия қазақ тіліне аударылды

111
9 минут
«Қазақ тілі – әлемдегі ең бай және мәнерлі тілдердің бірі»: Библия қазақ тіліне аударылды
Айдар Урисбаев, Фото АПН

Биыл Түркістан епархиясының құрылғанына 150 жыл толуына орай Қазақстан Православие Шіркеуінің қамқорлығымен Қасиетті жазбаның ескі және жаңа өсиет кітаптарын қазақ тіліне аудару жобасы басталған болатын. Бүгін сол ауқымды жұмыстың алғашқы нәтижелері ретінде Библия кітаптарының ең көп оқылатын және әйгілі – Матайдың Інжілі, Сүлеймен патшаның астарлы әңгімесі және Забур жырының қазақ тіліндегі аудармаларының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің өкілдері, елшілер мен консулдар, еліміздегі түрлі діни конфессия өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты.  

Қазақстан Православие Шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр жиынға қатысушыларды құттықтап, тарихи оқиғаның маңызына тоқталып өтті.

news4796.jpg

«Халықтың мәдениетіне, оның дәстүрлі құндылықтарына, Құдай, әлем, адам туралы ұғымдарына сүйенбей сапалы аударма жасау мүмкін емес. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай және мәнерлі тілдердің бірі, ол қазақ халқының ежелгі және сан қырлы мәдениетінің құнды бөлігі болып табылады. Библия кітаптарының қазақ тілінде басылуы баға жетпес танымдық және тарихи-мәдени маңызға ие. Бұл аударма көптеген адамдарға бүкіләлемдік мәдениеттің едәуір бөлігі негізделген адамзаттың ең үлкен әдеби ескерткішімен ана тілінде танысуға мүмкіндік береді. Киелі кітапты қазақ тіліне аудару оны үйренуге және түсінуге, көпконфессиялы және көпұлтты Қазақстанның – біздің ортақ үйіміздің рухани және зияткерлік дамуына елеулі үлес болып табылады», – деді митрополит.

news4797.jpg

Сонымен қатар, мемлекеттік билік өкілдері Қазақстанның Православие Шіркеуін Библия кітаптарын қазақ тіліне аудару жобасының алғашқы нәтижелерімен құттықтады.

news4798.jpg

Іс-шара барысында министрлік пен Алматы әкімдігінің өкілдері құттықтау грамоталарын оқып берді.  

news4799.jpg

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз құттықтауында Библия кітаптарының аудармасы қоғамға оның мағыналық мазмұны мен рухани көркемділігін жеткізе алатынын атап өтті. 

«Қазақстанның Православие Шіркеуі ұзақ жылдар бойы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қосып, қоғам арасында діни диалогты ілгерілетуде мемлекеттің сенімді серіктесі болып табылады. Қуныштарыңызға ортақтаса отырып, Сіздердің еңбектеріңіз алдағы уақытта да игі істерге жұмсалатынына сенім білдіремін», – делінген миниистрдің құттықтау сөзінде.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бірінші кезекте қатысушыларды Түркістан епархиясының 150 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Осындай тарихи тұста тұсауы кесілгелі отырған «Соломонның өсиет сөздері» және «Матвейден Ізгі Хабар» кітаптары Қазақстан Республикасындағы православ діні өкілдері үшін айрықша маңызды. Оның үстіне мазмұндық сапасының жоғары болуы аталған еңбектерді осы бағытта бұған дейін аударылған туындылардан ерекшелейді.

Оқырманға жол тартқалы тұрған кітаптарды православ өкілдері ғана емес, дін саласындағы мамандар мен сарапшылар, сондай-ақ, Інжілдік Іліммен шұғылданушы қалың көпшілік жоғары бағалайды деп ойлаймын. Сонымен бірге мұны қоғамдық тұтастық пен дінаралық татулықты одан әрі бекіте түсу ісіне қосылған сүбелі үлес деп бағалаймын.

Жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ізгілік пен бірлікті насихаттау бағытында жасап жатқан қызметтеріңіз табысты болсын», – делінген құттықтауда.

Сондай-ақ Алматы әкімі Ерболат Досаев Православиелік христиандықтың Қазақстан қоғамының мәдени-тарихи дамуына елеулі үлес қосқан дәстүрлі діндердің бірі екенін атап өткен.

«Қазақстан Митрополий округі мамандарының бастамасымен және қатысуымен жүзеге асырылған Қасиетті Жазбаның қазақ тіліндегі аудармасы қазақ халқына, оның бай рухани мәдениетіне, тарихына және өзіндік ерекшелігіне деген үлкен құрмет болып табылады.

Біз Сіздің мемлекеттік тілдегі сапалы діни әдебиеттерді көбейту бағытындағы орасан зор еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл біздің діндар отандастарымызға ғана емес, діндерді зерттеуге ғылыми қызығушылық танытатындарға да қызықты болатынына сенімдіміз», – делінген министрдің құттықтау сөзінде. 

Ал іс-шараға қатысқан Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов православиелік діни қауымның Қазақстандағы өзге дәстүрлі конфессиялармен қатар, мәдениетімізді, руханиятымыз бен адамгершілігімізді өзара байыта отырып, кең-байтақ жерімізде бейбітшілік пен достықты нығайтуға көмектесіп жатқанын жеткізді.

news4800.jpg

«Қазақстан Митрополий округінің бастамасымен Қасиетті Жазба мәтіндерінің мемлекеттік тілге аударылуы қазақ халқына, оның бай рухани мәдіниетіне деген құрмет, діндарларға деген шынайы қамқорлықтың белгісі. Бұл кітаптар көптеген діндар азаматтарымыз үшін пайдалы болары сөзсіз», – деді басқарма басшысы.

Қонақтардың барлығына Қасиетті жазбаның аудармалары сыйға тартылып, олар қажырлы еңбектің нәтижелерін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Бұл кітаптар қостілді: бір бетінде орыс, ал екінші бетінде қазақ тілінде жазылған. Осылайша, қазақтілді және орыстілді оқырманға аударманың ерекшелігін көріп, жаңа сөздерді түсінуге, тіл білімін арттыруға мүмкіндік туады.

news4801.jpg

Библия бұған дейін қазақ тіліне аударылған. Бірақ мағыналық, грамматикалық және лексикалық тұрғыда кемшіліктері болды. Себебі оны шығысеуропалықтар жасаған, олар қазақ тілінде сөйлемейтін, қазақ мәдениетін білмейтін. Бұл жолы аударма жұмысы халықаралық аудармалар агенттігіне тапсырылды, ал аударылған мәтіндерді қазақ православиелік дін қызметшісі иерей Елисей Көкеев редакциялады.   

Оның айтуынша, аудармада ең қиыны – библиялық терминдер, себебі олар бұған дейін қазақ тілінде қолданылмаған. Сондықтан мағынасы жағынан барынша ұқсас сөздерді мұқият таңдау керек болды. 

«Киелі кітап қазақ тіліне жиі аударылған жоқ, ал бұрынғы аудармалар моральдық тұрғыдан ескірген, көнерген, қазіргі адамға түсініксіз тілде жазылған. Біздің мақсатымыз аударманы түсінікті, қолжетімді ету болды», – дейді дін қызметшісі. 

Жобаның дизайнері әрі техникалық редакторы Серік Есентаев кітаптың көздің жауын алатындай өте әдемі, сапалы шыққанын тілге тиек етті. Айтуынша, ол ұзақ уақыт қызмет етуі керек.

«Дизайнда көне орыс мотивтерін, қазақи ою-өрнекті де көруге болады. Барлығы өте жинақы және кітаптың мағыналық мазмұнынан ойды бөлмейді. Қазақ алфавитіндегі кейбір әріптерді қолмен салуға тура келді. Жалпы, жұмыстың 98 пайызы қолдан жасалды – тығыздау, тігу. Біз ескі қағаз сатып алдық, жаңасын ескірттік – көне кітаптың бейнесін келтіргіміз келді», – деді дизайнер.  

Ғасырлар бойы Библия мәтіндерінің аудармалары көптеген алфавиттердің пайда болуына, сөздіктер мен грамматикалардың құрылуына, ұлттық тілдердің нығаюына, әдеби дәстүрлердің қалыптасуына түрткі болды, діндер мен халықтардың мәдени дамуына әсер етті. Бүгінгі таңда Библия немесе оның жекелеген кітаптары Жер шарының шамамен 95%-ы сөйлейтін 2300-ден астам тілге аударылған.

Қазақстан Православие Шіркеуінің басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың бастамасымен Библияның үш кітабы – Сүлейменнің астарлы әңгімелер кітабы, Забур және Матайдың Інжілі қазақ тіліне аударылды. Жуырда аудармашылар Библияның басқа томдарын аударуды жалғастыруға ниетті.


Источник -  dknews.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...