
Жалпы ұзындығы шамамен мың шақырымды құрайтын, құрылысы осы кезге дейін басталып кеткен «Қалбатау – Майқапшағай», «Күрті – Қонаев», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ұзынағаш – Отар» күре жолдарындағы жұмыстар жалғаспақ.
Сонымен қатар, төрт жолақты «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» жобаларының құрылысын бастау көзделген. Олардың жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады.
10 мың шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл оның 6,6 мың шақырымы жұмыстармен қамтылады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен (5 мың шақырым жол) асып түседі. Былтыр орташа жөндеу жұмыстары басталған «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз» сияқты ірі жобаларда биыл да жұмыстар жалғаспақ.
Бұдан бөлек, 2025 жылы «Қарабұтақ – Рудный – Қостанай», «Атырау – Орал» және «Астана – Қорғалжын» автожолдарының учаскелерін қоса алғанда, ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автокөлік жолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады.
Жергілікті маңызы бар жол инфрақұрылымын дамыту да басымдыққа ие болмақ. Өңірлерде жергілікті маңызы бар жалпы ұзындығы 4,2 мың шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланған. Олардың қатарында «Атырау – Форт – Шевченко», «Түркістан – Шәуілдір», «Чапай – Сайқын» жолдары, сондай-ақ Семей қаласындағы көпірдің құрылысы бар.
Фото: pixabay