Тарихшы Қазақстандағы дін қызметшілеріне қарсы репрессияларды зерттеуде | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Тарихшы Қазақстандағы дін қызметшілеріне қарсы репрессияларды зерттеуде

92
5 минут
Тарихшы Қазақстандағы дін қызметшілеріне қарсы репрессияларды зерттеуде

Юлия Шаповал – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасының профессоры. 2020 жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі. Тарихшы комиссия жұмысының қалай жүріп жатқанын және неліктен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы көптеген қылмыстық істер әлі де құпия сақталып отырғанын КЖА-ға айтып берді.

Зардап шеккендерді санау қиын

Бүгінгі таңда Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі конфессиялар діндарларының саны шамамен 150 мың адамды құрайды. Шаповалдың айтуынша, бұл болжамды сан және тек қылмыстық іс қозғалған адамдарды ғана қамтиды. Сонымен қатар, қылмыстық іспен репрессияланған адамдардың туыстары да зардап шекті. Дін қызметкерлерінің балаларын әкелерінен бас тартуға мәжбүр етті, әйтпесе олар жоғары оқу орындарына түсе алмай, мансап жолында өсе алмады. Мысалы, ұсталған православиелік дін қызметкері Константин Аксеновтың әйелі балаларының болашағы үшін күйеуімен ажырасқан.

Отағасының атына жазылған мүлік тәркіленді. Егер үй ер адамның атында болса, оның бала-шағасы көшеде қалуы мүмкін еді.

Дін қызметкерлері кулактармен теңестірілгендіктен, оларға ауыр салықтар салынды. Ақыры бар мүліктерінен айырылып, аштыққа ұшырады. Ал ауылдағы дін қызметкерлері бай болған жоқ, олар кедей шаруалармен бірге өмір сүрді. Шаруалар оларға мүмкіндігінше көмектесетін, көбіне азық-түлікпен. Оның үстіне, дін қызметкерлеріне өз ауылынан тыс жерге шығуға тыйым салынды. Осылайша, олардың қозғалыс еркіндігі мен дін бостандығы секілді негізгі конституциялық құқықтары бұзылды.

Әлі де ашылмаған деректер көп

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын 2020 жылы бастады. Осы уақытқа дейін діндарларға қатысты істердің қанша пайызы ашылып, зерттелгені туралы нақты айту қиын, дейді Юлия Шаповал. Бір нәрсе анық: ол толық зерттелуі тиіс ақпарат көлемімен салыстырғанда тым аз.

Осы себепті Қазақстанда репрессияға ұшыраған діндарлар мен дін қызметкерлерінің өмірбаяндары көптеген қателіктерге толы.

«Негізінен өмірбаян үшін куәгерлердің, туыстардың көрсеткіштері жиналады. Біреулер қажетті ақпаратты еске алады, біреулер есіне түсіре алмайды. Толық суретті қалпына келтіру үшін, даталармен бірге архив істеріне рұқсат қажет. Ол тек туыстарына беріледі және олардың бәрін көшіруге рұқсат жоқ», – деп түсіндірді Юлия Шаповал.

Қуғын-сүргін кезеңінен бері жүз жылға жуық уақыт өтсе де, барлық қылмыстық істер құпиясыздандырылмаған. Бұған бірнеше себеп бар, олардың бірі – істерде КГБ агенттерінің жеке деректері аталады. Олардың туыстары Қазақстанда өмір сүруде, сондықтан ақпаратты ашу мәселесі әлі қиын күйде қалып отыр.

Бұл тақырып әдетте көп талқыланбайды, бірақ қуғын-сүргін жылдарында барлық діндарлар мен дін қызметкерлері өз принциптеріне адал болған жоқ. Кейбіреулері ақпарат беруші ретінде әрекет етіп немесе жалған доностар жазған. Олардың тағдыры әртүрлі болды. Кейбіреулерін тұтқындап, этаппен жіберді, бірақ ұзақ өмір сүргендері де болды.

Барлық діндерден жер аударылғандар

Мемлекеттік комиссияның жұмысы біраз уақытқа тоқтатылды, бірақ, қазір қайта жалғасуда. Ғалымдар үшін қиындықтың бірі – Қазақстанда көптеген діндердің өкілдері қуғын-сүргінге ұшыраған.

Мұсылмандарға келер болсақ, Қазақстанда аймақтық ерекшеліктер бар, дегенмен, тұтқындау және ату туралы директивалар бүкіл КСРО бойынша ұқсас болған. Республикада ұжымдастыру кезінде күшпен тұрақтандыру орын алды. Кейбір топтар, мысалы, муридтер, Орта Азия елдеріне, Ауғанстанға, Иранға көшіп кеткен.

Бүгінгі таңда Шығыс бөлімінің ГПУ директивалары құпиясыздандырылған. Онда исламның Кеңес Одағының әр аймағында өз ерекшеліктері бар екендігі көрсетілген. Мысалы, партия қызметкерлері үшін қазақ тілінде дінге қарсы жұмыс жүргізу қиын болды. Бірақ, мереке күндері анти-Рамазан, анти-Құрбан айт шаралары ұйымдастырылды. Құжаттарда шығыс халықтарының әйелдерімен жұмыс жеке тармақ ретінде атап өтілген.

Қазақстанда көптеген жер аударылғандар болғандықтан, мұнда христиандықтың әртүрлі ағымдары да көп болды: баптистер, протестанттар, католиктер, православиеліктер. Өкінішке орай, олардың бәрі әлі де ақталған жоқ.

Аудармашы: Айдар Урисбаев

  • Комментарии
Загрузка комментариев...

Читайте также