2023 жылы Қазақстанда алғашқы рет репрессия құрбандарының сүйек қалдықтарын анықтау үшін археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 50 құрбанның сүйек қалдығы табылды. Барлығынан ДНК тесті алынып, сүйектер қайта жерленді. Бұл туралы Алматы облысы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайының басшысы Мейіржан Мұсабаев айтып берді.
Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың жұмысы тек экскурсия жүргізумен ғана шектелмейді. Мамандар ескі құжаттарды ақтарып, әрбір деректі тірнектеп жинап, тарихты қалпына келтіреді, зерттеу және ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша кітаптар шығарады.
Мұражайдың Жаңалық ауылында ашуылу себебіне келетін болсақ, мекеме басшысы Мейіржан Мұсабаевтың айтуынша, 37-38 жылдардағы Үлкен террор кезінде Алматыда атылған адамдарды осы жерге көмген. Ол кезде НКВД жертөлесінде күніне 20-30 адам атылды. Мәйіттерді осында әкелген, бұрын бұл жер бос жатқан, маңында ауылдар жоқ еді. Траншея қазып, мәйіттерді тастап, көміп кете берген.
1989 жылы мұнда саяжай салуға жерлер берілген. Адамдар үй салуға қазаншұңқыр қазып жатып, мәйіттердің сүйектерін таба бастаған. Кейіннен НКВД мұрағаттарын тексере келе бұл жердің жаппай жерлеу орны екені анықталды.
Сол жылы қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары мен тарихшы-зерттеушілердің «Әділет» қоғамдық ұйымы құрылды. Аталған ұйымның арқасында бұл жерге мұражай салынды. Мұражайда Алматы облысында ату жазасына кесілгендердің тарихы сақталған.
Жалпы, Жаңалық ауылы маңында жаппай жерленгендердің арасында саясаткерлер, зиялы қауым өкілдерімен қатар, қарапайым шаруалар да көп. Ұлттары да әртүрлі – кәрістер, жапондар, немістер...
Сондай-ақ түрлі дін өкілдері бар. Мұсылмандар көп: молдалар, ишандар, имамдар. Адам қайтыс болғанда, артынан дұға оқылуы керек, ал кеңес билігі оған рұқсат бермеді. Осылайша, дұға оқығандарды қырып-жойды.
Осы бейіттерде көптеген православиелік дін қызметшілерінің де жерленгені анықталды. Православие шіркеуі олардың есімдері жазылған шағын ескерткіш орнатты.
Мұражай залында Алматы облысы бойынша қуғынға ұшыраған 4125 адамың есімі жазылған тақта бар. Бұл 2018 жылы құрылған тізім. Мұсабаевтың айтуынша, қосымша тізім жасалуда.
«Студенттер мен оқушылар және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтары алыс жақын шетелдерден де келуде, олар музейдегі құжаттар арқылы ата-бабалары туралы деректер табуда», – дейді ол.
Мекеме басшысының айтуынша, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары көп, тарихты білгісі келетіндер бар.
«Бізде көне тарих, орта ғасырдағы тарих көп айтылады, ал өткен ғасырдың 20-50 жылдар аралығындағы тарих толық ашылмаған. Белгісіз фактілер жетерлік. Сондықтан бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары», – дейді тарихшы.
Биыл «Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары сүйектерінің археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті.
Аталған зерттеумен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті қызметкерлері мен студенттері, Генетика және физиология институты, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі қызметкерлері, криминалист мамандар айналысқан еді. Сол зерттеудің қорытындысы бойынша кітап басылып шықты.
Әр тоқсан сайын музей қорын толықтыру жұмыстары бойынша әртүрлі архивтерден құрбандардың құжаттары жиналып отырады.
Бұл жұмыс тек республика аумағымен шектелмейді. Соңғы жылдары Қырғызстанда, Монғолияда қуғынға ұшыраған қазақтар туралы, Алатау өңірі Жетісу Алаш қайраткерлері кітаптары жарық көрді. Мұражай зерттеулерінің нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінен репрессияға ұшыраған құрбандардың тізімі жинақталған «Азалы кітаптар» және басқа да материалдар жарияланады.