
Марапатты режиссердің жары, өнертанушы Наталья Баженова алды:
«Азиз шын мәнінде үлкен гуманист еді. Оның жүрегі бүкіл әлемге тиесілі болды, бүкіл әлемнің қайғысын сезіне білді. Ол әрқашан: «Өмірдегі ең бастысы – бетперде киіп, өз табиғатыңнан айырылмау, адам болып қалу» деп айтатын», - деді режиссердің жұбайы.
«Ана, мен тірімін!» фильміне бірге режиссерлік еткен Мұхаммед Мамырбеков кинематографистке дәл гуманизм үшін жүлде табысталғанын білмейтінін айтты: «Мүмкін, Азиз біздің еліміздегі ең гуманист кинематографист болған шығар. Бұл атақ пен марапат орынды. Біз де оның сияқты гуманист болайық, сонда шын мәнінде әлемді өзгертеміз», - дейді ол.
Кинематография саласындағы Ұлттық «Тұлпар» сыйлығының сарапшылық кеңесінің мүшесі, кино нарығының сарапшысы Дина Сабирова Азиз Заировты «қазақстандық кинематографиядағы ең көрнекті тұлға» деп атады. Дина Азизге кинофильмді жүлдеге ұсыну жағынан көмек берген.
Азиз Заировтың жары Наталья Баженоваға марапатты тапсыра отырып, Дина Сабирова: «Өкінішке орай, Азиз тірі кезінде оның фильмін прокатқа бірде-бір дистрибьютор, бірде-бір кинотеатр қабылдамады. Біздің елде прокатқа шығу үшін өлу керек» деді.
Бақытымызға орай, шешім қабылдауға дайын энтузиастар да жоқ емес. Бауыржан Камалұлы Шүкенов – киножобаларды бақылау жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, Kazakhcinema Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма мүшесі Азиз Заировтың «Ана, мен тірімін!» фильмін кең көрермендерге жеткізу үшін барлық қажетті қадамдарды жасады. Гуманистік идеяны насихаттаушы бұл фильм ақыры прокатқа қабылданды. Елдегі барлық кинотеатрлар көрсетпесе де, Азиз Заировтың арманы орындалды.
Марапаттау рәсімінде «Ана, мен тірімін!» фильміндегі басты рөлді сомдаған Сұлтанна Шенгелді, түстерді түзетуші Виталий Залиевті, атқарушы директор Раушан Мамырханованы, композитор Әсел Омарованы көруге болады. Түсірілім тобы үшін бұл әрі қайғылы, әрі жарқын кеш болды, өйткені Азиз Заировтың еңбегі өз елінде көпшілікке танылды. Фильмнің прокатқа шығуына Бауыржан Шүкенов, Мұхамед Мамырбеков, Алма Нутушева, Мәриям Нұркенова, Виталий Залиев және басқа да Азиз Заировтың достары, әріптестері, туыстары қолдау көрсетті.
ҚР кинематографистер альянсы мен Ұлттық «Тұлпар» сыйлығының құрылтайшыларының ойынша, бұл сыйлық қазақстандық кинематографияның үздік туындыларын марапаттап, оларды отандық және халықаралық қауымдастық арасында насихаттауға арналған.
Кинематография саласындағы Ұлттық «Тұлпар» сыйлығының «Гуманизм үшін» арнайы сыйлығы – Азиз Заиров жеңіп алған төртінші кинематографиялық марапат болды. Режиссердің барлық фильмдері әлемге гуманистік үндеу болды. Трилогияның алғашқы фильмдерінде – «Болу немесе болмау» және «Қыз және теңіз» – даму ерекшеліктері бар, мүгедектігі бар әуесқой актерлер ойнады. Азиз Заировтың бұл жұмыстары беделді кинематографиялық марапаттарға ие болды: «Шексіз мүмкіндіктер» кинотрилогиясының алғашқы фильмі режиссер Мұхамед Мамырбековпен бірлесіп түсірілген, Жібек жолы елдерінің Канн кинофестивалінде Гран-приге ие болды.
Келесі әлеуметтік фильм – «Қыз және теңіз» – Барселонадағы Asian Film Festival фестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды. Қазылар алқасы қазақстандық режиссердің жұмыстарының адамгершілік пен гуманизмге толы екенін атап өтті.
Азиз Заировтың өмірі қиын болғанын көп адам білмейтін. Ол балалар үйінде өсті, он екі жасынан II топтағы мүгедек болды. Жасөспірім кезінде аштықты бастан кешіріп, көше кезіп жүрді. Азиз ересек әлемнің әділетсіздігіне қарсы шықты. Бірақ кейін тағдыр адамның өз қолында екенін түсінді. Азиз өзін-өзі дамытумен айналыса бастады, мүгедектігі бар балаларға көмектескісі келді. Ол олардың қажеттіліктері мен мәселелерін басқалардан жақсы түсінді. Сондықтан оның фильмдері өміршеңдік пен шынайылыққа толы, ізгілік пен махаббатты насихаттайды. Ол мақсатына табандылықпен жетіп, өз командасын алға жетеледі. Енді экраннан бізге Азиз: «Өмірдегі ең бастысы – бетперде киіп, өз табиғатыңнан айрылмау, адам болып қалу» деп үндеу тастайды.
2024 жылғы 3 қазанда, Азизжан Заировтың өмірден өткеніне бір ай өткенде, «Ана, мен тірімін» фильмі еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін болады.