Қазақстан сән апталығының 35-маусымы шеңберіндегі алғашқы көрсетілімдер Алматыдағы қабылдау үйінде өтті. Биыл елдің басты сән оқиғасына 20 жыл толды. Шараның арнайы қонағы – ресейлік дизайнер Влад Лисовец.
Kazakhstan Fashion Week арт-директоры Алексей Чжен журналистерге қазақстандық қоғамда 20 жыл ішінде қандай өзгерістер болғанын айтып берді:
«Біз енді бастаған кезде адамдар қазақстандық киімдерді киюге ұялатын. 20 жыл ішінде жағдай өзгерді – қазақстандықтар өзіміздің киімдерімізді киетін болды. Халық еңбегімізді құрметтей бастады, бұрын бәрі еуропалық тауарларға ұмтылатын. Қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық белсенді дизайнерлер – Kazakhstan Fashion Week-тен шыққандар. Бүгінде біздің сән апталығымыз – Орталық Азиядағы жалғыз шара. Біздің ұранымыз әлі де өзгерген жоқ: «қазақстандықтарды тек қазақстандық киіммен киіндіру», – дейді дизайнер.
Қазақстан сән апталығын ұйымдастырушылардың бірі дизайнерлік киімдерге деген сұраныс олардың бағасына байланысты емес екеніне сенімді. Киімді таңдауда адамның жеке көзқарасы маңызды – оқитын кітаптары, бос уақытында баратын жерлері, қандай тағамды ұнататыны рөл атқарады.
Мысалы, биыл Kazakhstan Fashion Week-те алғаш рет ерлер киімдері көрсетілді. Дизайнер Айда Кауменованың пікірінше, бұл кезеңге жету үшін біраз уақыт қажет болды.
«Бұл біз үшін өте қиын қадам болды, өйткені ер адамдар соңғы уақытта ғана эксперименттерге дайын бола бастады», – деп атап өтті Кауменова.
Алматыдағы көрсетілімді ашқан Aida Kaumenova брендінің коллекциясының негізінде даналық пен күшті шабыттандырған жұмбақ бейнелер жатыр. Коллекцияда әрбір принтте жасырынған құпия мен терең мағына бар, ал ерекше материалдар классика мен заманауи стильдің үйлесімін сақтайды.
Aida Kaumenova. Kazakhstan Fashion Week баспасөз қызметі/Алексей Котерев
Дизайнер Адиля Ботабаева диджей және саунд-продюсер Елжас Керейбаевпен (көрермендерге kreshmusiq ретінде танымал) бірлескен жобасын ұсынды. «Сән мен музыка» коллекциясымен қатар Yang Lain музыкалық альбомы жарық көрді. Жарқын түстер, оверсайз және бастапқыда үйлеспейтін элементтердің үйлесуі. Бұл коллекция көрермендердің есінде қалды.
YANG LAIN BY ADILYA BOTABAYEVA. Kazakhstan Fashion Week баспасөз қызметі/Алексей Котерев
Оңтүстіккореялық THE A-STORY бренді табиғаттың ырғағында өмір сүретін, стильді және жайлы болғысы келетіндерге арналған коллекциясын көрсетті. Брендтің басты құндылықтары – экологиялық таза және инновациялық шешімдер, олар әр детальдан көрініс табады.
THE A-STORY. Kazakhstan Fashion Week баспасөз қызметі/Алексей Котерев
ShakerBay бренді ерекше шекпендер мен кимонолар ұсынды. Жаңа жылдық коллекцияның идеясы қыздарға арналған бірегей әрі жарқын акцент болатын киім жасауға деген ұмтылыстан туған.
ShakerBay. Kazakhstan Fashion Week баспасөз қызметі/Алексей Котерев
Алматыда Kazakhstan Fashion Week 20 және 21 қараша күндері өтті. Көрсетілімдерге барлығы 25 дизайнер қатысты, олардың жартысына жуығы – қазақстандықтар.
Аудармашы: Айдар Урисбаев