
Көру күні қарсаңында біз «Lucy Көз Институты» ғылыми орталығының офтальмологы Арсений Варшавскиймен көз ауруларын алдын алу жолдары және гаджеттер шын мәнінде көру қабілетін нашарлата ма деген сұрақтар төңірегінде әңгімелестік. Арсений Михайлович – хирург және күрделі жағдайларға маманданған дәрігер. Сарапшы көз ауруларының алдын алу туралы кең тараған мифтердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін айтып берді.
1-миф. Гаджеттер көру қабілетін нашарлатады
– Бірден айта кетейін, мен дәлелді медицина қағидаларын ұстанамын, сондықтан барлық жауаптарым тек ғылыми деректерге негізделеді. Зерттеулер бойынша, гаджеттерді жиі пайдалану – көздің тор қабығының ажырауы, глаукома, макулярлық дегенерация сынды ауыр көз ауруларының дамуымен тікелей байланысты емес. Логикалық тұрғыда да ойлансақ: 30 жыл бұрын бізге компьютер мен телефон қолданбайтын, бірақ, ауыр диагноздармен көптеген науқастар келіп тұратын.
Арсений Варшавский
Әрине, компьютерде 12 сағат жұмыс істегеннен кейін көз «бұлдырауы» мүмкін. Бұл жағдайда көздің линзасы шаршайды. Ол нақты фокусты қамтамасыз етеді және қандай да бір ауытқуларды өтейді. Бірақ, біраз демалсаңыз, бәрі қалпына келеді.
Ал балалар туралы айтатын болсақ, мультиктерді шектеулі мөлшерде көру олардың көру қабілетіне зиян келтірмейді. Ал егер күні бойы көрсе, әрине, бұл жақсы емес. Бірақ бұл жағдай тек неврологиялық мәселелерге қатысты – басы ауыруы мүмкін, бірақ тор қабығының ажырауы мұндай себептен болмайды.
Көру жүктемелері көздің ішкі қабықтарына немесе аурулардың дамуына еш әсер етпейді. Көз ауруларының ең жиі кездесетін себебі – генетикалық ақау. Бірақ, бұл ақаудың көрініс беруіне, аурудың даму себебіне артериялық қысымның секіруі, холестериннің жоғары деңгейі, диабет, ағзадағы жалпы инфекция немесе қабыну аурулары әсер етуі мүмкін. Қоршаған орта факторлары көз ауруларымен іс жүзінде байланысты емес.
2-миф. Биологиялық белсенді қоспалар, сәбіз және қаражидек, сондай-ақ көз гимнастикасы глаукомадан сақтайды
– Өкінішке орай, қазіргі кезде көз ауруларының тиімді және дәлелденген алдын алу жолы жоқ. Мен ауыр диагноздар туралы ғана емес, сонымен қатар, жақыннан және алыстан көру қабілетінің нашарлауы туралы айтып отырмын. «Плюс» немесе «минус» көзілдіріктер көру линзасының туа біткен ауытқуларды түзету қабілеті төмендеген кезде қажет болады. Басқаша айтқанда, көз линзасының серпімділігі төмендейді. Әрине, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану және күйзелістің болмауы өмір сапасын жақсартады және аурулардың пайда болуын кейінге қалдырады.
Бірақ, халықтық кеңестердегі сәбіз немесе қаражидекті көп жеу көру қабілетіне әсер етпейді. Бұл тізімге көптеген биологиялық белсенді қоспаларды да енгізер едім. Бұл құралдардың тиімділігін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Көз гимнастикасы да линзаның серпімділігін ұзақ уақыт бойы сақтауға көмектеспейді, тек уақытша оның жұмысын жеделдетеді.
3-миф. Коронавирус көру қабілетіне әсер етеді
– Пандемиядан кейін ғылыми қауымдастық COVID-19 вирусының адам ағзасына әсері туралы әртүрлі мәселелерді талқылап, көптеген ғылыми жұмыстар жазылуда. Қазіргі кезде COVID-19 вирусынан туындаған нақты аурулар өте аз. Кез келген вирустық инфекция триггер болуы мүмкін, яғни, аурудың өршуіне серпін береді. Бірақ ол оның себебі бола алмайды. Бірін бірі байланыстыру оңай, себебі өршу дәл коронавирус инфекциясынан кейін пайда болады. Бірақ шын мәнінде, бұл жерде тікелей байланыс жоқ.Айта кететін жайт, «Lucy Көз Институты» ғылыми орталығы қайырымдылық қаражат есебінен тегін операциялар жүргізіп, көз аурулары бар науқастарды емдейді. Институтқа балалар да, ересектер де жүгіне алады. Балалар үшін бөлек филиал жұмыс істейді.