Жастар мамандық таңдағанда нені ескеруі қажет? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Жастар мамандық таңдағанда нені ескеруі қажет?

5032
7 минут
Жастар мамандық таңдағанда нені ескеруі қажет?
Источник: freepik.com

Мектеп түлектерінің алдындағы маңызды мәселе – мамандық таңдау. Бұл орайда көбіне балалар мен ата-аналардың көзқарастары екіге бөлініп жатады. Мамандар аталған мәселеде ортақ шешімге келіп, қалай дұрыс таңдау жасау керектігін түсіндірді.

Әрине, өзіне лайық мамандық таңдап, игеріп, нәтижесінде сол салада кәсіби мансабын құрып, дамыту – екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес.

«Атамекен» ҰКП ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша жыл сайын жоғары оқу орындарының 2000 білім беру бағдарламасы бойынша рейтинг жүргізеді. 2023 жылғы рейтингте 2022 жылы оқуды аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша деректер талданған. Оның нәтижесінде түлектердің 83 пайызы жұмысқа орналасқандығы анықталды.

Сонымен қатар, комитеттің мәліметінше, 2023 жылы жасалған білім беру бағдарламалары рейтингінің қорытындысы бойынша түлектердің диплом алғаннан кейінгі жұмысқа орналасуының орташа ұзақтығы 2,5 айды құраған.

Дегенмен, ЖОО түлектерінің шамамен 25%-ы мамандық бойынша жұмыс істемейді, осыған байланысты оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілермен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажет.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында жаңа жұмыс күші талап етілетін барлық жобаларды қадағалау үшін Еңбек министрлігі тарапынан жұмыспен қамту мониторингінің нақты жүйесі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Цифрлық даму министрлігінің жыл соңына дейін аралас ведомстволардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауды жүргізу қажеттігін жеткізді.

Енді оқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мәселесін қарап көрейік. Мәселен, медициналық сала түлектерінің пайызы жоғары болса (2021 жылы 70 пайыз), басқа мамандық иелерінің жағдайы мәз емес: халықаралық қатынастар – 29%, құрылыс – 34%, ал маңызы мен жоғары сұранысына қарамастан, агроөнеркәсіптік кешен саласы түлектерінің тек 7% пайызы ғана мамандық бойынша еңбек етуде.

Осылайша, еңбек нарығы түлектердің үмітін ақтамаса керек. Немесе олар бастапқыда қателесіп, айналысқысы келмейтін мамандықты таңдаған болуы мүмкін.

Білім саласының сарапшысы Майраш Тайкенованың айтуынша, қазіргі еңбек нарығы өте құбылмалы, сондықтан трендтерді болжау өте қиын. Әсіресе, технология мен жасанды зерденің қарқынды дамып жатқанын ескерсек, төрт жылдан кейін не болатыны белгісіз. Сондықтан, маманның пікірінше, ата-аналар үшін ең бастысы – баланы бастапқыда болашағы жоқ мамандыққа баруға мәжбүрлемеу.

Бұрынғы ережелермен, көне наным-сеніммен өмір сүретін ата-аналар бар. Қазіргі таңда іс жүзінде жойылған, ешбір қажеттілігі жоқ мамандықтар аз емес. Бірақ университеттер аталған мамандықтарды оқытуды жалғастырып келеді. Және кейбір ата-аналар балаларын осындай мамандықтарды оқуға мәжбүрлейді. Өкінішке орай, бұрын беделді саналған көптеген ғылыми мамандықтар қазір қажетсіз. Өтінемін, балалардың таңдауын шектемеңіздер, – деп шақырды Тайкенова.

Сондай-ақ ол тәжірибелік дағдылардың маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, қазіргі таңда көптеген жастар оқыған мамандықтарының емес, игерген тәжірибелік дағдыларының арқасында ақша табады.

Мәселен, бала экономика немесе заң факультетін бітірді, бірақ мамандық бойынша жұмыс таба алмады. Алайда, ол кірпік пен тырнақ жасап, ақша табуды үйренді. Оған ата-анасы ренжиді. Олардың пікірінше, мұндай мамандық колледж деңгейінде. Ал балалардың аргументі түсінікті: «Онсыз да жақсы ақша табамын, неге тиын-тебен алу үшін басқа жерге баруым керек? – деп мысал келтірді сарапшы.

Қазіргі таңда жоғары білімді қажетсіз деп санайтындар бар. Майраш Тайкенова олармен келіспейді, айтуынша, жоғары білім әлі де өте маңызды функцияға ие.

Ой мен сананы дамытатын білім қажет деп нақты айта аламын. Университетті тәмамдаған және мектепті ғана бітірген балалардың арасындағы үлкен айырмашылықты көремін. Ашық айтқанда, бакалавриаттың қызметі – оқуға үйрету, талдау, саралау, зерттеу әдістерін түсіндіру. Студенттер белгілі бір саланың маманы атанады, бірақ, ең бастысы –бакалавр дәрежесін алғанда, олар ақпаратты табуды және өңдеуді үйренуі керек. Әлбетте, бұл оларға болашақта көмектеседі, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ түлектер тегін оқу үшін грант көп бөлінген мамандықтарды таңдап жатады. ЖОО ақысын төлеуді ата-анасының мойнына артқысы келмейтіндері түсінікті. Дегенмен, мұндай жолмен таңдалған мамандыққа баланың сүйіспеншілігі де, қызығушылығы да болмауы мүмкін.

Психолог Виктория Левина баланың болашақ мамандығын 5-7 жастан бастап қарастыруға болатынын атап өтті. Ол бейімділік сияқты психофизиологиялық тұжырымдаманы еске салды – адамның кейбір қызмет түрлеріне бейімділігін анықтайтын параметрлер.

«Баланың нені жақсы көретінін, неге бейім екенін байқау керек. Мысалы, дауыстық аппарат дамыған кезде бала өлең оқығанды ұнатады, есте сақтау қабілеті жақсы, әрдайым елдің назарында болғанды ұнатады. Бұл белгілі бір бейімділіктер, олар өздігінен дамымайды, оларды ынталандыру қажет, – дейді маман.

Дегенмен, барлығы бірдей керемет талантты бола бермейді. Сондықтан, маманның пікірінше, физиологиялық ерекшеліктер айқындалатын түрлі үйірмелер мен секцияларға барып көру керек.

Ал өсіп қалған балаларға келсек, ата-аналар олармен әртүрлі мамандықтар туралы сөйлесіп, барлық оң және теріс жақтарын атап көрсетуі қажет. Мамандық таңдау үшін бала немен айналысатынын білуі керек. Оған белгілі бір мамандық иесі болу үшін қандай дағдылар мен қасиеттер қажет болатынын түсіндіру керек, – дейді психолог.

Ол мектептерде баланың мінезі мен бейімділігін анықтайтын кәсіптік бағдар беру тестілерінің пайда болуына оң баға берді. Егер мектептегі тест жеткіліксіз болып көрінсе, психологқа жүгінуге болады, ол тереңірек зерттеу жүргізеді.

– Қазір IT саласында көптеген перспективалар бар, бірақ ата-аналардың көбісі оның не екенін білмейді және маңыздылығын түсінбейді. Бала бұл салаға қызығушылық танытып, бейімділігі де болуы мүмкін, бірақ ата-аналар тек маманның пікіріне құлақ асады, – деп түсіндірді Левина.

Ол қалай болғанда да баланы өзіне мүлдем қызықсыз мамандықты оқуға мәжбүрлеу жөнсіз екенін алға тартты. Қызығушылығы болмаса, ол саланы қанша оқығанымен, бала бәсекеге қабілетті маман бола алмайды.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...